Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, фракцияға полигон зардаптарын тартқан азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысатын Полигон-21 комитеті қоғамдық бірлестігінің өтініші келіп түскен.
Сауалда Семей ядролық сынақ полигоны жабылғанына қарамастан, оның салдары әлі күнге дейін сезіліп отырғаны айтылған. Әсіресе бұл мәселе Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы және Қарағанды облысы тұрғындары үшін өзекті болып отыр.
Депутат 1992 жылы қабылданған Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заң қазіргі талаптарға сай келмейтінін атап өтті. Айтуынша, заңды әлеуметтік, медициналық және ғылыми тұрғыдан жаңарту қажет.
Сонымен қатар халық тарапынан әлеуметтік көмектің жеткіліксіздігі, өтемақы есептеу тетігінің ескіргені және медициналық оңалту жұмыстарының жүйеленбегені жөнінде шағымдар жиі айтылатыны көрсетілген.
Фракция депутаттары сондай-ақ 2023 жылы қабылданған Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңның іске асырылу тиімділігіне талдау жүргізуді сұрады.
Сауалда Үкіметке бірқатар ұсыныс жолданған. Атап айтқанда, бұрынғы полигон аумақтарында экологиялық мониторингті күшейту, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, зардап шеккен өңірлерді кешенді оңалту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мәселелерін қарастыру ұсынылған.
Сондай-ақ арнайы медициналық орталықтар ашу, тұрғындарды жыл сайын тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық емдеу мүмкіндіктерін кеңейту және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін арттыру қажеттігі көтерілді.