Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетті. Бұл соңғы айларда инфляцияның баяулауы мен экономикалық болжамдардың жақсаруы нәтижесінде қабылданған шешім болып отыр.
Өткен мамыр айында жылдық инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеді. Әсіресе қызмет көрсету саласындағы баға өсімінің қарқыны бәсеңдеген. Сонымен қатар, теңгенің нығаюы импорттық тауарлар бағасының өсуін тежеуге ықпал етті.
Дегенмен, Ұлттық банк ақша-несие саясатын толық жұмсартуға асығар емес. Өйткені, бір жылдық инфляциялық болжам әлі де жоғары деңгейде тұр, мөлшерлемесі 12,7 шамасында белгіленген. Бұған қоса ішкі сұраныстың артуы, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі және квазимемлекеттік сектор арқылы экономикаға құйылып жатқан қаржы инфляциялық қысымды қайта күшейтуі мүмкін.
Жалпы, қаржы саласын реттеуші ұйым 2026 жылғы инфляция болжамын 9–11 пайыз аралығына дейін төмендетті және биыл инфляция бір таңбалы деңгейге түсуі мүмкін деп есептейді. Ал экономика өсімі жөніндегі болжам 4,5–5,5 пайызға дейін жақсартылды.
Сарапшылардың пікірінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі бизнес үшін несиені біршама қолжетімді етіп, экономикалық белсенділікті ынталандыруы мүмкін. Алайда, бұл ұзақ мерзімді жұмсарту циклының басталғанын білдірмейді. Ұлттық банк алдағы шешімдерін инфляцияның нақты динамикасына және ішкі сұраныстың жағдайына қарай қабылдайтынын мәлімдеді.
Келесі шешім 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.