Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста іс материалдарына тіркелген жаңа бейнематериалдар көрсетілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Kazinform мәліметінше, сотта қаза тапқандардың туысы әрі айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде берген жауабы бейнеленген видео қаралған. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың Қазақстан шекарасынан өткен сәттері түсірілген кадрлар да ұсынылған.
Бейнежазбада Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілгеннен кейін тергеушілердің сұрақтарына жауап береді. Ол ата-анасының Жангелдин ауылында тұрғанын, оқиғаға дейін ағасы Наурызбен сөйлескенін айтқан.
Сондай-ақ Мұқанғалиева өзінің туған жері Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылы екенін және соңғы уақытта Мұнайшы ықшамауданында тұрғанын жеткізген.
Алайда тергеу барысында ол кейбір маңызды сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Атап айтқанда, өзінің мекенжайын, Қазақстанға қашан оралғанын және тергеу әрекеттерінің нақты қай күні жүргізілгенін есіне түсіре алмаған.
Видеода тергеуші Ақбаян Мұқанғалиеваның психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрғаны анықталғанын айтады. Осыған байланысты тергеу әрекеттерін әрі қарай жалғастыру мүмкін болмағаны жеткізілген.
Сонымен қатар сотта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева тұрған Мұнайшы ықшамауданындағы жалдамалы үй маңында жүргізілген тергеу әрекеттерінің видеосы да көрсетілді.
Тергеушілер теміржол бойындағы қамыс арасынан ер адамның киімдерін тапқан. Бұдан бөлек, қан дақтарына ұқсас іздері бар кілем, неке куәлігі, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері және медициналық құжаттар салынған сөмке тәркіленгені айтылды.
Айта кетейік, Атырау облысының Жангелдин ауылында болған қанды оқиға бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының төрт жақынын өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр.
Қазір сот процесі жалғасуда. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.