Статистикалық мәліметтерге қарағанда, елімізде мектеп бітірушілер саны жыл сайын өсіп келеді екен. Егер 2024 жылы мектепті 186 мың оқушы тәмамдаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 217 мыңға жетті. Ал биылғы оқу жылында мектеппен қоштасқан түлектер саны 232 мың болды. Яғни, екі жылдың ішінде түлектер қатары 46 мың адамға көбейіп отыр.
Бұл өсім ең алдымен елдегі демографиялық ахуалдың өзгергенін көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдықтарындағы туу деңгейі төмен кезеңнің орнына соңғы жылдары дүниеге келген көп балалы буын енді мектеп бітіру жасына жетіп жатыр. Әлбетте, бұл аймақтардың мектептеріндегі орын тапшылығы, мұғалімдер жүктемесі және жоғары оқу орындарына түсушілер арасындағы бәсекені де күшейте түсті.
Дерекке қарасақ, түлектердің негізгі бөлігі халық саны көп өңірлерде шоғырланғаны байқалады. Әсіресе, Түркістан облысы, Шымкент, Алматы қаласы және Алматы облысы өңірлерінде мектеп бітірушілер қатары жыл сайын артып келеді. Яғни, аймақтардағы жоғары туу көрсеткіші білім беру инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіріп отыр. Бұл енді оқушылар санының артуына байланысты туындайтын фактор. Мәселенің басқа жағы да бар. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, түлектер санының өсуімен қатар олардың тілдік құрамы да өзгеруде. Соңғы жылдары қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі тұрақты түрде артып келеді.
Бүгінде елдегі төрт мыңнан астам мектеп қазақ тілінде оқытады және онда 2,7 миллионнан астам оқушы білім алады. Ал кейінгі 5 жыл аралығында бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың шамамен 70 пайыздан астамы қазақ тілін таңдаған.
Бұл үрдіс мектеп бітірушілер арасында да анық байқалады. Қазақ тілінде оқыған түлектердің үлесі жылдан-жылға көбейіп, қазақ мектебі елдегі негізгі білім беру алаңына айналып келеді. Әсіресе, оңтүстік және батыс өңірлерде қазақ тіліндегі білімнің басымдығы айқын сезіледі. Ал орыс тілінде білім алушылардың саны абсолют көрсеткіш бойынша сақталғанымен, жалпы құрылымдағы үлесі біртіндеп төмендеуде.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс тек тілдік емес, әлеуметтік құбылыс. Қазақ мектебінің күшеюі мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттырып қана қоймай, еңбек нарығы мен жоғары білім жүйесіне де әсер етеді. Алдағы жылдары университеттер мен колледждерде қазақ тіліндегі білім бағдарламаларына сұраныс арта түсуі ықтимал.
Жалпы, биылғы 232 мың түлек Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жас буындардың бірі. Сондықтан мәселе тек олардың мектеп бітіруінде емес. Ең бастысы осы жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау.
Өйткені бүгінгі түлек – ертеңгі экономиканың, ғылымның және мемлекеттің дамуын айқындайтын негізгі күш.