Қазақстанда алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та бір уақытта жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл рақымшылықтың ерекшелігі — Қазақстанда алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та бір уақытта жүзеге асырылмақ.
Оның айтуынша, қылмыстық рақымшылық аясында қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтірілмеген немесе келтірілген зиян толық өтелген орташа ауыр қылмыстар бойынша істерді тоқтату көзделіп отыр. Бұл нормалар заң күшіне енгенге дейін жасалған әрекеттерге қолданылады. Сонымен бірге қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстар үшін сотталған адамдарды босату да қарастырылған.
Алайда Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес рақымшылық аса ауыр және қауіпті қылмыстарға қолданылмайды. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, азаптау, рецидив (қайталанған қылмыс), жоғары қоғамдық қауіпті қылмыстар, жақында ғана қылмыс деп танылған әрекеттер және сырттай сотталғандар бар.
Ол тағы да атап өткендей, шешім автоматты түрде қабылданбайды, әр іс бойынша сот жеке қарап, жеке үкім шығарады. Ал алдын ала есеп бойынша, шамамен 16 500 адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Сонымен қатар әкімшілік рақымшылық та ұсынылып отыр. Бұл бастамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары — жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар және заң кеңесшілері айыппұлдардан толық босатылады. Сондай-ақ 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған және заң күшіне енгенге дейін орындалмаған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдар кешіріледі.
Дегенмен бұл жеңілдік соттар салған айыппұлдарға және азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқықбұзушылықтарға қолданылмайды. Рақымшылыққа кірмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтардың тізімі заң жобасында бөлек көрсетілген.
Жалпы алғанда, 1 миллионнан астам айыппұл, яғни 17 млрд теңгеден астам қарыз кешірілуі мүмкін.