Бұған дейін еліміздің туристік әлеуеті көтеріліп келеді деп жазғанбыз. Онда былтыр 1,43 млн шетелдік елге келгенін айтып, туристік әлеуетімізге қызығушылап санының сан арғы жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға көбейгенін де тілге тиек еттік.
Алайда, мәселенің екінші жағы да бар. Өйткені, дәл сол мерзімде 1,4 миллион қазақстандық шетелге демалуға шыққан екен. Демек, шетелдік туристердің Қазақстанға келуі мен қазақтардың шекара асып демалысқа кетуі деңгейлес болып шығады. Ал бұл жай ғана статистика емес, қоғамдағы табыс айырмашылығы, урбанизация деңгейі және тұтыну мәдениеті сияқты әлеуметтік жағдайдың айқын көрінісін береді. Яғни, сыртқы туризмнің құрылымы ел ішіндегі теңсіздікті де, жаңа өмір салтын да қатар көрсетіп отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, шетелге шыққан азаматтардың ең үлкен бөлігі 24 жасқа дейінгі жастар екен. Олардың үлесі 26,6 пайыз. Алайда, бұл көрсеткіш әлемдік статистикадағы "жастар туризмі" деген шартқа толық сәйкес емес. Себебі, бұл топтың басым бөлігі шетелге ата-анасымен бірге шығатын балалар мен жасөспірімдерден тұрады-мыс. Яғни, бұл топ төлем қабілеті жоғары аудиторияға жатпайды. Жалпы, туризм туралы түсінікте ақшалы топты орта жастағылар құрайды екен.
Деп келгенде, Ұлттық статистика бюросының зерделеуінше, 2025 жылы шетелге шыққан жастардың үлесі төмендегідей болған: 25 - 34 жас аралығындағылар 17,6 пайыз, 35 - 44 жас арасындағылар 24,7 пайыз.
Ал 45 жастан асқан азаматтардың жиынтық үлесі 31,2 пайызға жетеді екен. Бұл сан тұрғындар арасында Бальзак суреттейтін жастағылардың туризмге деген қызығушылығы тұрақты қалыптасып отырғанын көрсетеді.
Сондай-ақ, қазақтардың шетелде демалуындағы басты тренд ретінде отбасылық демалыс аталады екен. Статистикадағы жас құрылымына қарасақ, сыртқы туризмнің негізгі форматы ретінде отбасылық сапарлар таңдалған. Жалпы тізімдегі балалар үлесінің жоғары болуы да осыны дәлелдейді. Демек, демалыс туралы шешім қабылдайтын және қаржыландыратын негізгі топ 30–45 жас аралығындағы экономикалық белсенді азаматтар болып отыр. Әлбетте, бұл үрдіс туризмнің тек демалыс емес, әлеуметтік мәртебе мен өмір сапасының көрсеткішіне айналғанын да аңғартады. Ақшаң болмаса, шетел асу қайда?
Әлеуметтік жағдай демекші, қазақстандықтардың шетелдік демалыс орындарына баруына қатысты деректерді талдағанда аймақтар арасындағы алшақтықты байқаймыз. Яғни, 2025 жылғы сыртқы туризм географиясы ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті ғана емес, таңдау еркі мен адамның қызығушылығының деңгейін де айқындайды.
Мысалы, шетелге жиі шығатын тұрғындар Алматы мен Астана қалалары және Түркістан облысынан екен. Қараңыз, былтыр Алматыдан 397,7 мың адам, Астанадан 238 мың адам шетелге демалуға барып, келсе, Түркістан облысынан тек туристік мақсатта аттанған адамның саны 152,9 мыңның үстінде болған.
Сәйкесінше, төменгі көрсеткіштерді Ұлытау облысы - 1368 адам, Маңғыстау облысы - 8358 адам және Атырау облысы - 16 320 адам санымен көрсетіп отыр. Бір қарағанда, бұл айырмашылық халық санына байланысты сияқты көрінгенімен, әлеуметтік жағдай бойынша ойландырады. Яғни, табысы жоғары өңірлердің тұрғындарына қарағанда Түркістан сияқты орташа жалақы деңгейі төмен аймақтан туристер көп шығатыны анықталып отыр. Мысалы, Атырау мен Маңғыстау мұнайлы, табысы жоғары облыстар. Соған қарамастан, шетелге шығу көрсеткіші төмен. Мұның да бірнеше себебі бар сияқты.
Біріншіден, аймақтардың географиялық және инфрақұрылымдық жағдайына байланысты. Батыс өңірдегі халықаралық әуе рейстерінің шектеулігі, халық санының аздығы және тұтыну және демалыс мәдениетінің ерекшелігі де аз ықпал етпейді екен. Яғни, табыс деңгейі жоғары болғанымен, инфрақұрылым мен қолжетімділік шешуші рөл атқарады дейді сарапшылар.
Екіншіден, туроператорлар мен визалық орталықтардың қызметі үлкен мегаполистерден басқа өңірде мүлдем дамыған деуге болады. Яғги, халықтың табыс деңгейі мен тұтыну белсенділігі жоғары болғанына қарамастан, адамдарға сапалы қызмет көрсету жеткілікті деңгейде емес.
Бірақ, дәл осы аймақтан шыққан адамдардың жазғы демалысын Қазақстанның ішкі өлкелеріне арнайтыны қуантады. Мысалы, Алматы мен Астанадан бөлек, оңтүстіктегі демалыс орындарында, Алакөл мен Балқаш, Қапшағай көлдерінің жағалауында жүрген атыраулықтар мен маңғыстаулықтарды жиі жолықтырасыз. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан аймағы да батыс өңіріннен келген демалушыларды асыға күтеді екен.
Тоқетерін айтқанда, 2025 жылдың деректерін саралай келе ішкі туризм бәрібір ұтылып қалғанын мойындауымыз керек. Оған 1,4 млн адамның шетелге шығуы нақты дәлел. Демек, ел ішіндегі демалыс шетел туризміне толық балама бола алмайтыны анық. Әрине, ел көріп, жер тануға ешкім шектеу қоя алмайды.
Дегенмен, қарпайым ғана жағажай туризмі мен демалыс орындарына қатысты туристер талабын қанағаттандыру әлсіз болып отыр. Оған сервис пен логистикалық дамуды қосыңыз. Тіпті, Қазақстан билігі қарапайым әжетхана мәселесіне қатысты жыл сайын сын естіп келеді...