Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі қаралым мен лүпіл (лайк) жинау жолында кейбір замандастарымыздың «арзанның арты салмақ» екенін ескермей, ақылға қонымсыз әрекеттерге барып жүргені жасырын емес, деп хабарлайды kznews.kz.
Жеңіл жолмен танымал болғысы келетіндердің соңғы ерсі қылығы қоғамның жағасын ұстатты. Астаналық блогердің шаурма жарнамасы үшін адам өмірін ойыншық етіп, полицейді жалған пранкпен алдауы – саналы азаматтың ісі емес. Тәртіп сақшысының өмірін қауіпке тігіп, артынан «сыйлыққа» тегін тамақ ұсынған блогердің 15 тәулікке қамалуы – құқықтық мемлекеттегі заңдылық пен тәртіптің көрінісі. «Ойнас асқан жылайды» дегендей, жарнама жасап, қалтасын қампайтқысы келген жанның бұл қылығы құқық бұзушылықты әспеттеудің сорақы үлгісіне айналауы тиіс еді.
Бұл оқиға – мұхиттың бір тамшысы ғана, өйткені блогерлердің білгенін істеп, тайраңдауы бүгінде ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық моральға нұқсан келтіретін деңгейге жетті. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, желі белсенділерінің бақылаусыз әрекеттері қоғамды іштен ірітіп жатыр. Құқық қорғаушылар мен әлеуметтанушылар бұл мәселені заң аясында шұғыл реттемесе, салдары ауыр болатынын алға тартады.
Мәселен, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 20 мыңнан астам оқырманы бар, арнайы бақылауға алынған ірі блогерлердің саны 745-ке жуықтаса, олардың 499-ы жеке кәсіпкер ретінде, ал 246-сы жеке тұлға ретінде тіркелген. Дегенмен бұл айсбергтің бергі беті ғана; бейресми деректер ел аумағында түрлі деңгейдегі 556 мыңнан астам контент жасаушы бар екенін көрсетеді. Бірақ олардың басым көпшілігі ешқандай заңды тіркеусіз, көлеңкелі аймақта жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің камералдық бақылау мәліметтеріне сүйенсек, жақында ғана 854 блогердің өз табысын төмендетіп көрсеткені әшкереленді. Олардың жасырған кірісінің жалпы көлемі 71,9 миллиард теңгеге жеткені белгілі болды. Бұл миллиондаған қаржыны қалтаға басып, мемлекетке салық төлеуден жалтарғандардың шынайы бейнесін ашып берді.
Мәселенің екінші жағы – білімі де, білігі де жоқ «көрінген сұлудың сөзінен» шыға алмай, онлайн-курстар мен инфоөнімдерге алданып қалған халықтың соры. Дипломсыз, ешқандай біліктілікті растайтын құжаты жоқ блогерлердің дін, психология, медицина немесе қаржы саласында ақыл айтып, дәріс оқуы – «көр соқырдың жетектегені – ор» дегеннің нақ өзі. Бұл ретте әлемдік тәжірибеге көз жүгіртейік. Мәселен, Қытай Халық Республикасында заң өте қатал: онда арнайы кәсіби дипломы немесе лицензиясы жоқ блогерлерге желіде білім беруге, заңгерлік немесе медициналық кеңес беруге мүлдем тыйым салынған. Көрші елдегі бұл қадам тұтынушылардың құқығын қорғау мен сапасыз қызметтің жолын кесудің төте жолы болып табылады. Еуропаның бірқатар елдерінде де инфоөнім авторлары өздерінің біліктілігін мемлекеттік деңгейде дәлелдеуге міндетті. Ал бізде «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деп, аузына келгенін айтқандардың соңынан ергендер сан соғып қалып жатыр.
Қазақстандық заңгерлер де «заңы күштінің – заманы күшті» екенін алға тартып, елімізде қабылданған. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның тетіктерін әлі де күшейту қажеттігін айтады. Желідегі әрбір сөз бен іс-әрекет үшін жауапкершілікті сезінетін уақыт жетті. Жоғарыда аталған тексерулер нәтижесінде тек 622 блогер ғана қосымша декларация тапсырып, 18,2 миллиард теңге табысын заңдастыруға мәжбүр болған. Бұл – жауапкершіліктен қашатындардың әлі де көп екенінің айғағы. Пранк жасап, мемлекеттік қызметкерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің уақытын алып, жүйкесіне тию – еріккеннің ермегі емес, нағыз бұзақылық.
Ең сорақысы, соңғы кездері желі жұлдыздарының арасында тек пранк пен қаржылық алаяқтық қана емес, сонымен бірге олардың жеке өміріне қатысты интимдік бейнежазбалардың жаппай тарап кетуі қоғамдық моральдің мүлдем құрдымға кеткенін аңғартады. «Өз басыңдағы көкті көрмей, кісі басындағы шөпті көреді» дегеннің керімен, экран алдында елге мінсіз ақылшы, ізгіліктің үлгісі болып көрінгісі келетіндердің арты ашылғанда, «атың шықпаса, жер өртенің» нағыз хайпқа құныққан жиіркенішті сипаты алдымыздан шығады. Мұндай лас бейнежазбаларды таратушылар да, оны өздері таратып, қаралым жинағысы келетіндер де Қылмыстық кодекстің 147-бабы (Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу) және 311-бабы (Порнографиялық материалдарды заңсыз тарату) бойынша қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылып, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығатынын біле ме?
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының нақылы бүгінгі жастардың, соның ішінде желі жұлдыздарының басты ұранына айналуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, арзан тамақтың жарнамасы үшін заңды белден басқан астаналық блогердің тағдыры басқаларға сабақ болмай, желілік жүгенсіздік қоғамды тұңғиыққа тарта бермек.