Еліміздің туристік әлеуеті көтеріліп келеді. Статистикаға сәйкес, былтыр 1,43 млн шетелдік қазақтың қонақжай төрінде қона жатып кетіпті.
Атап айтқанда, 2025 жылы Қазақстандағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарында 1,43 млн шетелдік турист тоқтаған. Бұл сан арғы жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға көбейген.
Дегенмен, шетелден келгендерге қарағанда ішкі туризмнің үлесі әлі де басым. Оны да қонақ үйлерге орналасқан адамдардың тізімінен көруге болады. Былтыр олардың саны 8,66 млн адамға жетіп, сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,67 пайызға артқан. Бұдан қазақстандықтардың демалыс маусымында ел ішінде қалуды әдетке айналдыра бастағанын көреміз.
Дегенмен, елдің туристік әлеуетінің артуы шетелдік туристердің көптеп келуіне байланысты бағаналанбақ. Ал алыс-жақыннан келген қонақтардың басым бөлігі бұрынғыдай көрші мемлекеттер мен Азия елдеріне тиесілі.
Дерекке қарасақ, былтыр Ресейден 429,7 мың адам ел аумағына турист ретіндееніп, арғы жылмен салыстырғанда 28,7 мың адамға көбейген. Сондай-ақ, Қытайдан келген туристер саны да күрт өскені байқалған, 2025 жылы шығыстағы көршіміздің 241,7 мың өкілі келіп, демалған көрінеді. Нәтижесінде қытайлық туристердің легі 2024 жылға қарағанда 67,7 мың адамға артыпты. Бұл екі ел арасындағы іскерлік сапарлардың ғана емес, туристік байланыстардың жандана түскенін аңғартады.
Мұнан бөлек, елге келген туристер санына алғашқы бестігіне Ресей мен Қытай кейін Үндістан, Түркия және Өзбекстан азаматтары кіреді. Өткен жылы 131 мың үндістандық келіп, салыстырмалы тізім 4,9 мың адамға көбейген. Түріктердің де саны осы шамада, 68,6 мың турист келіп, жалпы үлес 4,6 мың адамға артыпты. Ал іргедегі Өзбекстаннан келушілер бұрынғыға қарағанда 5,6 адамға көбейіп, туристердің былтырғы ұзын-саны 45,1 мың адамға жетті.
Есесіне, алыс шетел мен батыс елдерінен келетін туристер ағыны біршама бәсеңдеген екен. Мәселен, былтыр елімізге 41,9 мың АҚШ азаматы турист ретінде келген. Бұл бұрнағымен салыстырғанда 4,8 мың адамға аз. Ал Ұлыбританиядан келушілердің үлесі 1 мың адамға кеміп, жалпы турист саны 24,5 мыңды құраған екен.
Сонымен қатар, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан және БАӘ елдерінен келушілер саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда тұрақты деңгейді көрсеткен.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың деректері Қазақстандағы туризмі әлеуетінің өсіп келе жатқанын айқындайды. Болжам бойынша биыл бұл сектордағы жұмыс тіптен қызады. Өйткені, Таяу Шығыстағы дүрбелең бұған дейін жұмаққа бергісіз демалыс орындарына айналған Дубай сияқты қалалардағы жағдайды күрт өзгертті. Демек, жайлы жер іздеген қалталы туристер ағыны енді Қазақстанға бұрылуы мүмкін.
Ал бұған біздің демалыс орындары мен табиғи орта және қызмет көрсету секторы дайын ба? Бүгінгі басты мәселе осы болып отыр...