Қазақ қоғамы жыл сайын 31 - мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Әлбетте, бұл күн жай ғана тарихи азалы дата емес. Бұл - ұлттың тағдырына ауыр із қалдырған қасіретті кезеңдерді ой елегінен өткізіп, өткеннен сабақ алатын сәт.
Осы жерде "саяси қуғын-сүргін құрбандары" деген анықтамаға ерекше екпін түсірген дұрыс сияқты. Өйткені, бұрынғы Совет одағындағы тоталитарлық билік саяси бап бойынша қудалауды 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде жалғастырған. Осы жылдары Совет одағында саяси тұрғыдан сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға адамға жеткен. Оның ішінде 642 мың адам ату жазасына кесілді деген мәлімет бар.
Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, сол кездегі Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген.
Әлбетте, қуғын-сүргіннің басты нысанасына ұлттық интеллигенция алынған. Қазақтың мемлекетшіл ой-пікірін қалыптастырған, ағартушылық пен ғылымды дамытқан тұлғалар шетінен "халық жауы" деген жалған айыппен жазаланды. Соның салдарынан ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне орасан зиян келді.
Тәубе, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан тарихи әділетті қалпына келтіру ісін қолға алды. Соның маңызды қадамдарының бірі 1993 жылғы 14 - сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң еді. Ал 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Кейін бұл күн ашаршылық құрбандарын да еске алу күні ретінде белгіленді.
Жалпы, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы бұрын-соңды болмаған демографиялық және рухани апатқа ұшырады. 1931–1933 жылдардағы ашаршылық миллиондаған адамның өмірін жалмады. Зерттеушілер сол кезеңде қазақ халқының шамамен 40 пайызы қырылды немесе туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды деп пайымдайды.
Өкініштісі, бұл тек демографиялық шығын емес еді. Ашаршылық ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жүйесін күйретіп, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымына ауыр соққы берді. Бірнеше жылдың ішінде тұтас әулеттер жойылып, мыңдаған ауылдар бос қалды.
Тарихшылар ашаршылықты тек табиғи апаттың салдары емес, сол кездегі әкімшілік басқарудағы солақай шешімдердің нәтижесі ретінде бағалайды. Ұжымдастыру саясаты, малды күштеп тәркілеу және көшпелі өмір салтын қысқа мерзімде өзгерту әрекеттері қазақ даласын бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарысқа алып келді.
Айтпақшы, біз бұл тақырыпты бұған дейін де қозғағанбыз.