Саяси қуғын-сүргін сюжеті: қызыл террордан қашып құтылған адам
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Саяси қуғын-сүргін сюжеті: қызыл террордан қашып құтылған адам

Саяси қуғын-сүргін сюжеті: қызыл террордан қашып құтылған адам
Фото: Данияр Мусиров, vlast.kz

Қазақта "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі" деген сөз бар. Сонау саяси қуғын-сүргін жылдарында советтік жазалау жүйесінің тырнағы батып, ажалдан аман қалған бір адамның оқиғасы туралы айтпақпыз.

Бізге бұл аңызға бергісіз әңгімені Алматы облысының Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің меңгерушісі, ғалым Мейіржан Мұсабаев айтып берген еді.

Ашаршылық нәубеті мен қуғын-сүргін алқымнан алған 1930 жылдары Алматы қаласының маңында сот­талғандарды ұстайтын лагерь болған екен. Құжат­тарда да "Ақсай лагері" деп тіркелген көрінеді. Оның аумағы қазіргі Алматы қаласынан бөлек, қазіргі облыстың «Алтын Орда» базары тұрған тұсы, Қаскелең, Қараой ауылдарын қамтыған. Мұнда жер-жерден айдалып келген адамдарды ұстап, ауыр еңбекке жеккен. Шетінен сот­тап, атып отырған.

- Зерт­теу жұмысын жүргізіп жүргенде бір аңызға бергісіз оқиғаны таптым. 1929 жылы "бай, құлақ" деген желеумен Алматы облысынан 19 адам ұсталған. Оның бесеуіне ату жазасын берген. Қалғандарына 5-10 жылдан жаза кесіліпті. Қойын дәптеріме "Раев Қошқарбай" деген есімді түртіп алған едім, кейін сол адамдардың тарихын зерт­теу үшін Қарағандыдағы "КарЛаг" лагеріне бардым. Сондағы архив деректерінен әлгі кісінің атын тағы кездестірдім. Он жылға сот­талған ол әуелі "КарЛагта" болған, кейіннен Алматыға, "Ақсай" лагеріне ауыстырылған. Қызығы алда, бұл кісінің Алматыдағы құжатында "лагерьден қашып кет­ті…" деген жазу болды. 1934 жылы қашқан екен. Өзі Жаркент маңында тұрған, дәулет­ті адам болған ғой. Ұрпақтары әлі де сол жақта тұрады. Іздеп, тауып, Раев Қошқарбай туралы сұрастырдым. Естеліктерін тыңдадым. Зерт­тей келе террордың тырнағына іліккен бір тағдырдың тарихын толықтай құрап шықтық, - дейді Мейіржан Мұсабаев.

Сонымен, "Ақсайдан" қашқан Қошқарбай ата алты ай бойы арып-ашып, Жаркентке жетіпті. Елге жеткесін жасырынып жүріп, емделіп, аяққа тұрған. Сосын бір түнде Қытай асып кетіпті. Кейіннен, 1975 жылы бірақ оралған ғой.

Айтпақшы, Жаңалық ауылындағы бұл музей Алматы аймағындағы аштық пен зұлмат­тан қаза болғандардың рухына тәу етіп, еске алатын жалғыз орын десе де болады. Репрессия құрбандарына арналған музейдің аумағы 635 шаршы метрді алып жатыр. Негізінен 3 залдан тұрады. Мұнда атылған азамат­тардың қолданған жеке зат­тары, мұрағат­та сақталған құжат­тар мен жендет­тер атқан оқтардың жиынтығы қойылған. Сол кезеңдегі ауыр хәлді бейнелейтін диорамалар да көрініс тапқан. Арнайы еске алу қабырғасындағы қара тақтаға жазықсыз атылған 4125 адамның аты-жөні жазулы тұр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.