Сараптама

Дрондар дәуірі: қазіргі соғыс бұрынғы соғыстан өзгерек

Дрондар дәуірі: қазіргі соғыс бұрынғы соғыстан өзгерек
kznews.kz

Украина мен Ресей арасындағы қазіргі қарулы қақтығыс – ХХІ ғасырдағы соғыс сипатының қаншалықты өзгергенін көрсететін айқын мысал. 2022 жылы басталған бұл соғыс бастапқыда тез аяқталатын шағын операция болады деп күтілгенімен, керісінше созылмалы сипат алып, жаңа әскери технологиялар мен тактикалардың сынақ алаңына айналды.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл соғыс қазіргі заманғы соғыстың бейнесін түбегейлі өзгертті. Әсіресе, ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) мен басқа да озық құралдардың жаппай қолданылуы соғыс жүргізу әдістерін жаңа деңгейге шығарды. Енді соғыс даласында тек дәстүрлі танктер мен зеңбіректер ғана емес, сонымен бірге цифрлық технология, барлау ақпараты және киберкеңістіктегі текетірес шешуші рөл атқарады.

Қазіргі соғыста ақпараттың маңызы артты, «ақпараттық майдан» ұғымы пайда болды. Мысалы, Ресей-Украина соғысында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары жауынгерлік әрекеттерге параллель маңызды майданға айналды. Сондай-ақ, кибершабуылдар мен спутник байланысы арқылы қарсыласқа соққы беру, коммуникация желілерін істен шығару секілді тәсілдер қолданылып келеді. Соғыстың басында Ресейдің Украина әскери байланысын бұзу үшін спутник желісіне кибершабуыл жасауы бүкіл Еуропада мыңдаған қолданушыларға әсер еткені белгілі. Бұл оқиға қазіргі заман соғысында кибер және ғарыш инфрақұрылымының да осал тұсы болатынын көрсетті.

Сонымен бірге, дәстүрлі құрлықтағы ұрыс пен заманауи технологиялардың ұштасуы нәтижесінде соғыс стратегиясында жаңа басымдықтар пайда болды. Мәселен, бұрын жылдам манёвр, территория жаулап алу басты жетістік саналса, қазір қарсылас әскерін тоздырып, ресурстарын тауысуға бағытталған сарқылту тенденциясы көрінеді. Яғни, қазіргі соғыс тек әскердің ұрыс даласындағы шеберлігімен емес, тұтас ұлттың технологиялық және өндірістік әлеуетімен де өлшенеді.

Дроны мықтының – дұшпаны осал

Заманауи соғыстың айқын символына айналған құрал – дрондар. Ұшқышсыз ұшу аппараттары соғыс жүргізу тәсілін түбегейлі өзгертіп, бір кездері тек қуатты әуе күштері атқаратын рөлдерді қазір кішігірім дрондар да орындап жүр. Әуеде үстемдік енді тек қымбат ұшақ пен тәжірибелі ұшқышқа қарап қалмайды; қарапайым ғана дрон және ноутбукпен де маңызды әуе операцияларын жүргізуге болатыны тәжірибеде дәлелденді.

НАТО Әуе күштері қолбасшысының орынбасары Джонни Стринджердің айтуынша, «қазіргі таңда бір дрон, бір ноутбук және сәл шығармашылықтың көмегімен әуе күштерінің көпшілік міндетін атқаруға болады».

Дрондардың басты мүмкіндігі – қауіп-қатерсіз барлау жүргізіп, қарсыласты «көрінбейтін көзбен» күзету.

Әскери мамандар дрондарды заманауи ұрыстағы «барлық жерді көретін көз» деп атайды. Шағын және көзге түспейтіндіктен, олар ұрыс даласын үздіксіз бақылай алады, қарсыластың орналасуы мен қимылдарын дәл анықтап береді. Мұның артықшылығы – барлаушы жауынгерлерді қатерге тікпей-ақ, көзделген нысана туралы деректер алу мүмкіндігі.

Дрондар тек бақылап қоймай, сол барлау деректері негізінде артиллерия соққыларын басқарып, нәтижесін бағалай алады. Мысалы, ұшқышсыз аппараттар көмегімен артиллерия көздегенін дәл таба алады және соққыдан кейін дереу нәтижені көріп, келесі түзетулер енгізуге жағдай жасайды.

Украина мен Ресей әскерилері дрондарды жаудың радио байланысын бұзуға, өз әскеріне интернет таратуға да қолданып жатыр. Тылдағы логистикаға да дрондардың көмегі тиеді, кей аймақтарда шағын жерүсті дрондар оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жеткізуге пайдаланылған жағдайлар бар. Мұның бәрі адам өміріне төнер қауіпті азайтып, ауыр жұмыстарды автоматтандыруға жол ашуда.

Ең бастысы – дрондар соғыстың экономикасын өзгертті. Бұрын миллиондаған доллар тұратын танк не ұшақты жою үшін тағы қымбат қару керек деп саналса, қазір оны бірнеше мың долларлық дрон іске асыра алады.

Британиялық RUSI сарапшылары да Ресей әскерінің адам күші мен техника шығынының 70%-ға жуығы дрон соққыларынан болып отырғанын айтады. Мұндай асимметрия «қымбат – арзан» арасалмағын бұзып, соғысушы тараптар үшін жаңа тактикалық мүмкіндіктер туғызды. Украина әскері шектеулі ресурстармен Ресейдің әуе-күш, танк артықшылығына төтеп беру үшін дрондарды қарқынды қолдануға мәжбүр болды және осы бағытта әлемде көшбасшыға айналды. Тіпті әскери аналитиктер FPV (бірінші тұлға көзқарасымен басқарылатын) дрондарды «XXI ғасырдың Калашниковы» деп атауда. Қазіргі соғысты бұл әмбебап қарусыз көзге елестету қиын.

Расында, Украина бірнеше жылдың ішінде ауқымды «дрондар экожүйесін» қалыптастырды: онда әскери мамандар, еріктілер және жеке технологиялық стартаптар бірігіп, мыңдаған дрондарды өндіруде, оларды түрлі мақсатқа қолданудың амалдарын ойлап табуда. Мысалы, 2023 жылы Украинада 1,5 миллионға жуық дрон шығарылған болса, 2024 жылы бұл көрсеткішті 4,5 миллионға дейін жеткізу көзделген. Әрине, бұл деректерге коммерциялық дрондар да кіреді, бірақ оларды әскери мақсатқа бейімдеу өте оңай әрі жылдам іске асуда.

Дрондардың түр-түрі пайда болғанын да атап өткен жөн. Соғыстың бас кезінде түрік өндірісіндегі ірі Bayraktar TB2 әскери дрондары кең танылды.  

2022 жылдың соңына қарай TB2 қолдану сиреп, 2023 жылы бұл дрондар көк жүзінен мүлдем көрінбей кетті деуге болады. Мұның орнын салмағы жеңіл, радиолокациялық тұрғыдан көзге түспейтін квадрокоптерлер, қанатты ұшақшалар басты. Осы шағын дрондар төмен биіктікте ұшып, электрондық бұғаттаудан қашып, өз міндеттерін сәтті атқаруда. Олар инфрақызыл камера, радиоэлектрондық күрес құралдары, тіпті шағын жарылғыш зарядтар таси алатын көпфункциялы аппаратқа айналды.

2023 жылға қарай қолмен ұшырылатын кішкентай дрондарға шағын граната немесе миномет миналарын байлап, қарсылас траншеясына тастау тәжірибесі кең тарады.

Сол сияқты FPV-дрондар деп аталатын, операторға дронның «көзімен» айналаны көруге мүмкіндік беретін жылдам дрондар да танктер мен бронемашиналарды көздеп соғуға пайдаланыла бастады. Осындай арзан, қолмен құрастырылатын ұшу құрылғылары бүгінде әрбір жаяу әскер бөлігінің қолындағы кәдімгі қаруға айналып келеді.

Әрине, дрондар майданның келбетін түбегейлі өзгертсе де, оларды толық оңай жеңіске жеткізетін «керемет қару» деп санауға болмайды. Қарсы жақ та қол қусырып отырған жоқ, дрондарға қарсы түрлі қорғаныс пен қарымды жауап әдістері туындауда. Мәселен, Ресей әскерилері көптеген позицияларын «торлы қалқандармен» жабдықтап, дрондар тастайтын гранаталарды тоқтатуға тырысуда.

Сондай-ақ, радиоэлектрондық күрес (РЭК) құралдарымен дрондардың басқару сигналын тұншықтыру, GPS навигациясын бұзу кеңінен қолданылып жатыр. Бұған жауап ретінде Украина да, Ресей де сигнал өткізгіш сыммен басқарылатын дрондарға көшуде, мұндай дрондар радиожиілікті қажет етпейтіндіктен, әдеттегі радиоэлектрондық бөгеттерге ұшырамайды. Дрон операторларын анықтап, оларды тікелей жою тактикасы да пайда болды: радио сигналдың қайдан шыққанын анықтап, сол жерге артиллерия соққысын беру әдісі қолданылады. Сондықтан дрон экипаждары үнемі орнын ауыстырып, басқару пульттерін жасырып бағып отыр. Мұндай қитұрқылар соғыс даласында «дрон мен РЭК» арасында үздіксіз технологиялық жарыс жүріп жатқанын көрсетеді.

Қазіргі соғыстың шешуші қарулары қандай?

Дрондар заманауи соғыстың бет-бейнесін анықтап тұрғанымен, жалғыз фактор емес. Ресей мен Украина арасындағы соғыс басқа да бірқатар қару түрлерінің шешуші рөлге ие болғанын көрсетті. Әсіресе, мынау қаруларды атап өтуге болады:

Жоғары дәлдіктегі реактивті артиллерия жүйелері. 2022 жылғы соғыста Украина армиясына Батыс елдері берген HIMARS секілді жоғары мобильді реактивтік жүйелер маңызды рөл атқарды. Ол қарсыластың тылындағы маңызды нысандарды (қару-жарақ қоймалары, байланыс тораптары, көпірлер) дәл ұрып, логистикасына айтарлықтай залал келтіреді.

Танкке қарсы басқарылатын зымырандар (АТГМ). Қазіргі соғыста ауыр техникаға қарсы жаяу әскердің мүмкіндіктері артты. Javelin, NLAW сияқты заманауи танкке қарсы зымыран кешендері бір жауынгерге алып жүруге ыңғайлы, пайдалану үшін аса ұзақ дайындықты талап етпейді, ал қарсы тарап үшін өте қауіпті. «Джевелин» кешені танкті төбесінен соғып, ең жұқа сауыт бөлігін тесіп өтсе, NLAW жақын қашықтан атылып, секундына бірнеше жүз метр жылдамдықпен ұшып, нысанаға дөп тиеді. Мұндай қарулар танктердің дәуірі аяқталды ма деген сауал туындатты. Дегенмен, танктер әлі де соғыста маңызды рөл атқарады, тек олардың әрекет ету тактикасы өзгеруде: ашық алаңдағы жойқын шабуылдардан гөрі, танктерді қорғалған, аралас тәртіпте қолдану қажеттігі туды.

Кейінірек Украинаға NASAMS, IRIS-T, Patriot сынды Батыстың заманауи әуе қорғаныс жүйелері жеткізілді. Бұлар тек ұшақты ғана емес, қанатты зымырандарды, тіпті шахед-дрон деп аталатын жарылып кететін дрондарды атып түсіруге қауқарлы. Қазіргі соғыста күн сайын дерлік әуеден шабуыл қаупі бар: Ресей жағы Иран өндірген Shahed-136 сияқты «камикадзе-дрондарды» және өздерінің «Ланцет» деп аталатын барлаушы-соққы беруші дрондарын көп қолдануда. Сол себепті тиімді әуе қорғанысы тек әскери нысандарды ғана емес, қала инфрақұрылымын қорғаудың да кілтіне айналды.

Украина қалаларын дрондардан, зымырандардан қорғай алған NASAMS пен Patriot батареялары стратегиялық тұрғыдан шешуші рөл атқаруда деуге болады. Яғни, қазіргі соғыста шабуылдайтын қаруға қарсы қорғаныс қаруы да сондай маңызға ие: кімнің әуе-қорғаныс жүйесі мықты, сол жау соққысын тойтарып, өзіне уақытша болса да артықшылық жасай алады.

Электрондық соғыс құралдары. Жоғарыда дрондарға қарсы РЭК туралы айттық, бірақ электрондық соғыстың ауқымы одан да кең. Ресей де, Украина да радиоэлектрондық барлау және кедергі құралдарын белсенді қолдануда: бір-бірінің байланыс жүйелерін бұзу, GPS сигналын өшіру, рация толқындарын басу секілді әрекеттер ұрыс даласында күнделікті құбылысқа айналды.

Мысалы, Украина әскерилері қарсы тараптың артиллериясын анықтау үшін радиолокациялық контрбатареялық радарларды пайдаланып, бірден жауап соққысын бағыттайды; ал Ресей әскерилері украин дрондарының GPS навигациясын шатастыру үшін арнайы радиоэлектрондық «тұзақтар» құрады. Қазіргі соғыста радиоэлектрондық үстемдік өз алдына бір майдан іспетті.

Әйтсе де, Украинадағы тәжірибе көрсеткендей, электрондық соғыстың да шегі бар: екі жақ та қарсы шаралар тауып, желілік байланыстардың үзілуіне қарамастан операцияларды жалғастыра берудің жолдарын үйреніп келеді. Мәселен, Starlink спутниктік интернет жүйесі арқылы Украина алыстағы бөлімшелерін байланыспен қамтамасыз етіп, дәстүрлі байланыс үзілгенде де басқаруды сақтап қалды. Сол сияқты, әскерилер жабық желілер құрып, бір дрон жоғалса да қалғандары ақпарат алмасуды жалғастыратындай етіп жүйелерін бейімдеуде.

Жалпы, электрондық күресте кім қазір озық технология мен тактиканы меңгерсе, сол басымдық алады, бұл да заманауи соғыстың анық белгілерінің бірі.

Жоғары технология және жасанды интеллект. Қарудың тек түрі ғана емес, сапасы мен «ақылдығы» да шешуші болуда. Қазіргі басқарылатын ракеталар мен оқ-дәрілерде жасанды интеллект элементтері қолданылып, нысананы өздігінен айыра білу, радиоэлектрондық кедергілерден жалтару сияқты қабілеттер енгізілуде.

Әскери сарапшылар алдағы жылдары жасанды интеллект (AI) соғыс ісінде төңкеріс жасау мүмкін дейді, мысалы, ұрыс даласындағы ахуалды лезде талдап, командирге ұсыныс беру, қарсыластың келесі қадамын болжап, алдын ала шабуылдау сияқты функциялар. Украинада қазірдің өзінде кейбір барлау дрондары суреттерді өз бетінше өңдеп, танктер мен зеңбіректерді автоматты түрде танып, координаттарын бере алатын жүйелермен жабдықталғаны айтылады. Бұл, әрине, соғыс жүргізудің жаңа дәуіріне бастайтын қадамдар.

Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың өзі «Ресей-Украина соғысы соғыс табиғатын түбегейлі өзгертті. Болашақ соғыстарда жеңісті дрондар, электрондық соғыс және жасанды интеллектке басымдық бергендер ғана жеңіп алады. Қазіргі ұрыс даласындағы жеңіс технологиялық тұрғыда қарсыластан озып шығуға толықтай тәуелді» екенін баса айтты. Демек, XXI ғасырдың соғысы – бұл жоғары технологиялардың бәсекесі деген сөз.

P.S: Украина мен Ресей арасындағы соғыс – қазіргі заманғы соғыстың қандай бағытта өзгергенінің айқын үлгісі. Бұл қақтығыс бір жағынан классикалық кең көлемді соғысты еске салса (майдан шебі мыңдаған шақырымға созылды, ауыр техника мыңдап қатысуда), екінші жағынан, заманауи технологияларсыз жеңісті көзге елестету мүмкін еместігін дәлелдеді. Дрондар басты рөлге шықты: олар барлау жүргізеді, соққы береді, артиллерияны бағыттайды, тіпті ақпараттық соғысқа да қатысады. Арзан, қолжетімді дрондардың массалық қолданылуы соғыс жүргізудің экономикалық және тактикалық канондарын өзгертті. Әуе шабуылынан қорғаныс, жоғары дәлдікті соққы беру құралдары, кибер және электрондық соғыс – мұның бәрі кешенді түрде қазіргі соғыстың ажырамас бөліктеріне айналды.

 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz