Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты. Кездесуде инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту, Алакөл туристік аймағын дамыту және арнайы экономикалық аймақ құру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында өңір басшысы облыстың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы алғашқы төрт айдағы негізгі көрсеткіштері туралы есеп берді.
Берік Уәлидің айтуынша, өткен жылы Абай облысының өңірлік жалпы өнімі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Ал 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Осы кезеңде инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң өсім сақталған.
Облыс әкімі инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның мәліметінше, былтырдан бері өңірдің инвестициялық пулындағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін артқан. Нәтижесінде жоспарланған инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Семей қаласында 714 миллиард теңгеге жаңа жылу электр орталығын салу және инвестиция көлемі 255 миллиард теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатын іске қосу жоспарланған.
Кездесуде Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі де сөз болды. Жоспар бойынша мұнда жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобалар жүзеге асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда үш ірі жоба бойынша ұсыныстар түскен.
Берік Уәли Президентке Алакөл туристік аймағын дамыту жұмыстары жөнінде де баяндады. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін жүргізу мен Үржар әуежайының терминалын қайта жаңғыртуға Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.
Сондай-ақ облыста сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй және жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар таныстырылды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту қарқынын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.