Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысы кейінге шегерілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина 9 маусымда сотта іс материалдарындағы бейнежазбалар көрсетілетінін, одан кейін сотталушыдан жауап алынатынын хабарлаған еді. Сондай-ақ судья Сәрсемәлиевке бұл отырысқа дайындалып келуі қажет екенін ескерткен.
Алайда сот залына барған журналистердің мәліметінше, отырыс 11 маусымға ауыстырылған.
Сұлтан Сәрсемәлиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, жалпы 13 әрекетті жасады деген айып тағылып отыр. Сот барысында ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспеген. Айыпталушының сөзінше, ол мұндай әрекетке өзін қорғау мақсатында барған, ал оқиға абайсызда болған.
Сонымен қатар Сәрсемәлиев қайын атасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны қасақана өлтіргенін мойындаған. Ол сотта Мақсот Қарабалинге 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваға 8 рет пышақ сұққанын айтқан.
Ал қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтағаны сот материалдарында айтылды.
Іс бойынша келесі сот отырысында бейнематериалдар қаралып, сотталушыдан жауап алынуы мүмкін.