Жақында Жетісу облысында дербес деректерді заңсыз пайдаланған коллекторлық агенттік анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
Талдықорған қаласында жүргізілген жедел іс-шара барысында агенттік қызметкерлері азаматтардың жеке деректері сақталған арнайы ақпараттық жүйені заңсыз пайдаланғаны анықталды. Олардың қолында азаматтарды база арқылы тегі, аты-жөні, ЖСН және телефон нөмірі бойынша іздеу мүмкіндігі болған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті әрекет прокуратура және ҰҚКД-мен бірлескен операция кезінде тоқтатылған. Іс бойынша үш адам ұсталып, олардың үйі мен жұмыс орындарында тінту жүргізілді. Компьютерлер мен мобильді құрылғылар тәркіленді.
Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр,ю және деректердің қайдан алынғаны және таралу арналары анықталуда. Сонымен қатар бұл іс қосымша баптар бойынша қайта саралануы мүмкін.
Жалпы, Жетісу облысында коллекторлық агенттік қызметкерлерінің азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланғаны туралы соңғы дерек қоғамдағы цифрлық қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Тергеу барысында жеке мәліметтер сақталған ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізілгені анықталған. Бұл оқиға Қазақстандағы дербес деректердің қорғалуы жүйелі тәуекелдермен әлі де бетпе-бет келіп отырғанын көрсетеді.
Өйткені, соңғы жылдары Қазақстанда дербес деректердің таралуына қатысты бірнеше шулы оқиға тіркелген болатын. 2024–2025 жылдары әртүрлі цифрлық платформалар мен қаржы ұйымдары арқылы миллиондаған азаматтың жеке мәліметтері таралу қаупі немесе фактілері анықталған жағдайлар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мамандардың айтуынша, деректердің таралуы көбіне бір ғана шабуылдан емес, ақпараттық жүйелердің көп деңгейлі айналымынан туындайды екен. Азаматтың дерегі банктен бастап микрокредит ұйымына, коллекторлық қызметке дейін бірнеше рет өңделеді. Әрбір жаңа буын қосымша тәуекел көзі ретінде қалыптасып отыр.
Осы жерде "жеке деректерді қорғау жүйесі неге осал?" деген сауал туады. Мұны сарапшылар киберқауіпсіздіктің әлсіз тұстарын бірнеше факторға байланыстырады екен.
Біріншіден, көптеген ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік инфрақұрылымы біркелкі дамымаған. Кейбір компанияларда деректер ескі серверлерде сақталып, шифрлау және мониторинг жүйелері жеткіліксіз деңгейде қалған.
Екіншіден, адам факторы да маңызды рөл атқарады. Фишинг, пароль қауіпсіздігі, ішкі рұқсаттарды теріс пайдалану сияқты жағдайлар деректердің сыртқа шығуына жиі себеп болады-мыс.
Үшіншіден, деректердің кең таралуы тәуекелді күшейтеді. Бір азаматтың мәліметі бірнеше ұйым арқылы өтетіндіктен, кез келген әлсіз буын бүкіл тізбекті бұзуы мүмкін.
Төртіншіден, заңнамалық база болғанымен, оның орындалу деңгейі барлық жерде бірдей емес. Кей ұйымдарда деректерді қорғау талаптары формалды сипатта қалып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, дербес деректердің заңсыз таралуына көбіне техникалық операторлар, жеке компаниялар немесе мердігер ұйымдар қатысады. Дегенмен, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу немесе қызметтік өкілетті теріс пайдалану фактілері бойынша шенеуніктер мен лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылған жағдайлар кездеседі.
Бұл жерде негізгі мәселе жеке адамдарда емес, қолжетімділік пен бақылау жүйесінің әлсіздігінде екені жиі айтылады.
Қысқасы, соңғы жылдары Қазақстанда киберқылмыс пен дербес деректерді заңсыз пайдалану фактілері бойынша сот істері қаралған. Кейбір жағдайларда айыппұл салынса, ауыр құқықбұзушылықтарда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Алайда, сарапшылар мұндай жазалардың болуына қарамастан, алдын алу тетіктері жеткілікті деңгейде дамымағанын атап өтеді. Яғни, құқықбұзушылық анықталғаннан кейін ғана әрекет жасалады, ал оның алдын алу жұмысы әлсіз.
Қорыта айтқанда, кешегі Жетісу облысындағы соңғы оқиға Қазақстандағы дербес деректер қауіпсіздігі мәселесінің жүйелі сипатын тағы да айқындап отыр. Цифрландыру қарқыны артқан сайын деректер көлемі көбейгенімен, оларды қорғау деңгейі әрдайым соған сай дамып үлгермей отыр.
Сарапшылар пікірінше, бұл тек техникалық мәселе емес, цифрлық мәдениет, бақылау және жауапкершілік жүйесін қатар күшейтуді талап ететін ұлттық деңгейдегі сын-қатер болып қала береді.