Біз бұған дейін де Үкіметтің қаржы саласын реттеуге қатысты жасаған қадамдары туралы жазғанбыз.
Тақырып аясында атқарылған шаралардың негізгі мақсаты бұқара халықтың әл-қуатын арттыру мен қаржылық сауаттылығын көтеруге бағытталғанын да айттық. Бірақ, іс жүзінде оң нәтиже байқалып отырған жоқ. Өйткені, адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауаттылығының төмендігі қаржы ұйымдарының пайдасына әлі де жұмыс істеп тұр. Әсіресе, екінші деңгейлі банктердің ұпайы түгел екен.
Мысалы, жылдың алғашқы үш айындағы есеп бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 70,0 трлн теңгені құраған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жарияланған деректерде айтылған. Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері банк секторында тұрақтылық сақталғанымен, кейбір көрсеткіштерде баяулау да байқалған.
Атап айтқанда, ақпан айында жиынтық активтер көрсеткіші 0,1 пайызға аздап төмендеген. Оған өтімді активтердің 1,2 пайызға қысқарып, 25,0 трлн теңгеге дейін төмендеуі себеп болса керек. Екіншіден, бұл банктердің қысқа мерзімді ресурстарды басқарудағы ішкі ұстанымына сай, сақтық танытып отырғанын да аңғартады.
Соған қарамастан екінші деңгейлі банктердің барлығы несиелеуді жалғастыруда. Жалпы, несие портфелі ақпан айында 0,4 пайызға өсіп, 40,2 трлн теңгеге жеткен. Ал өсімнің негізгі драйвері ретінде бұқара халыққа берілетін қарыздардың артуын айтуға болады. Бұл ел арасында ішкі тұтынушылық сұраныстың әлі де белсенді екенін білдіреді.
Дерекке қарасақ, жыл басынан бері банк секторының "қауіпсіздік жастығы" саналатын меншікті капиталы да оң динамика көрсеткен екен. Ақпан айында ол 2,2 пайызға ұлғайып, 11,0 трлн теңгеге жетті. Яғни, мұнша көлемдегі қаржы банктердің тәуекелдерге төтеп беру қабілетінің жеткілікті деңгейде екенін көрсетеді.
Есесіне, нақты табыс жағынан кері үрдіс байқалған. Ақпан айының қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 389 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға төмендеген көрінеді. Сарапшылар бұл үрдістің пайыздық маржаның қысқаруы, шығындардың өсуі және реттеуші тарапынан қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты болуы мүмкін деген пікірде.
Қорыта айтқанда, жыл басынан бері отандық банк секторы қаржы айналымы бойынша өсім траекториясын сақтап отыр деуге болады.