Атырау облысында бірнеше адамның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Атырау облыстық прокуратурасы тергеу барысы мен тағайындалған сараптамаларға байланысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда іс бойынша негізгі күдікті ретінде тек Сұлтан Сәрсемәлиев қарастырылып отыр. Тергеу барысында қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге адамдар анықталмаған.
Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іс уақытша тоқтатылған. Прокуратура мәліметінше, қылмысты жасыру дерегі бойынша материалдар бөлек өндіріске шығарылып, қазіргі уақытта жеке іс ретінде тергеліп жатыр.
Сонымен қатар Ақбаян Мұқанғалиеваға тағайындалған сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы әзірге дайын емес. Осыған байланысты оған қатысты нақты құқықтық баға кейінірек берілмек.
Прокуратура өкілдері Сәрсемәлиев қолданды делінген қылмыс құралына қатысты да нақты ақпарат берді. Тергеу кезінде пышақ тәркіленгенімен, оның дәл осы қылмыста пайдаланылғаны әзірге ресми түрде дәлелденбеген.
"Қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдемелер бар. Олардың барлығына сот барысында құқықтық баға беріледі", – деп мәлімдеді прокуратура.
Осылайша, тергеу органдары қылмыстық іс бойынша барлық мән-жай сот процесі кезінде жан-жақты қаралатынын атап өтті.