Былтыр "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшылығына төленетін сыйақы қоры 1,036 млрд теңгеге жеткен.
Бұл сома алдыңғы кезеңге қарағанда 27 пайызға көбейген. 2024 жылы төленген сыйақы шығыны 816 млн теңге шамасында болған көрінеді. Яғни, Ұлттық компанияның басқару менеджементіндегі барлық 18 адамның сыйақысы мен басқа да шығындары 2025 жылы 220 млн теңгеге көбейген екен.
Компания есебіне сәйкес бұл сома бірнеше сатыдан тұрады-мыс. Мәселен, басқарма мен директорлар кеңесінің отырыстарға қатысу ақысы, келісімшарт бойынша жалақы, салықтар мен әлеуметтік аударымдар және пайдаланылмаған демалыс резервтері үшін төленген өтемақы мен қызмет нәтижесіне байланысты берілетін бонус үлесі сияқты төлемдер жалпы сыйақы қорын құрайды екен.
Яғни, бұл жерде тек топ-менеджерлердің жалақысы емес, қызметке қатысты толық компенсациялық пакет туралы айтылуы керек дейді ҚТЖ түсіндірмесінде. Мұндай жағдайда сыйақы қорына бөлінген 1,036 млрд теңгеге көп емес деген пайым жасауға болады.
Айтпақшы, биыл ҚТЖ акциялары IPO-ға шығуға тиіс. Ал ашық саудаға шығарылған жағдайда компания қаржылық ұстанымын ашық жариялап, көрсетуге міндетті. Сол себептен де топ-менеджерлерге төленген сыйақы туралы мәліметтер халық назарын аударған болуы керек.
Алайда, сыйақыға бөлінген қаржының айтарлықтай өсуі компанияның табысына сәйкес жүргізілді ме деген сауалдың басы ашық қалған сияқты. Өйткені, ресми деректерде шығын құрылымының кеңеюі ғана көрсетілген. Ал ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, қазір "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының қарызы шамамен 3–4,5 трлн теңге аралығында қалып отыр.