Жылдың басындағы деректерге сәйкес, еліміздің екінші деңгейлі банктері тарапынан берілген несие көлемі 1,267 трлн теңгені құрады.
Сарапшылар бұл көрсеткіштің арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмендегенін айтады. Айырмашылық білінер, білінбес қана - 2 пайыз екен.
Дегенмен, қаңтар айындағы есептеулердің төмендеуі несие саясатында бірнеше мәселенің барын көрсетеді. Ең әуелі, тұрғындардың несие тарихына қатысты. Яғни, адамдардың төлем қабілеті жыл сайын төмендеп келеді. Бұл әлеуметтік тұрғыдан алаңдаушылық тудырады екен. Екіншіден, қаржы саласындағы бақылау күшейіп, банктердің жұмысы қатаң заң талабына сай реттеле бастағалы несие берудің ережесі мен жауапкершілігі артқан. Бұл өз кезегінде қаржы ұйымдары "екі шоқып, бір қарауға" көшкенін білдіреді. Сәйкесінше, несие беру талабы күшейді. Үшіншіден, банктер беретін кредиторлық қарыздың пайыздық мөлшерлемесі де жоғарылады. Қысқасы, бұрынғыдай оңды-солды несие алу үрдісі баяулады.
Дегенмен, елдің тұрмысын несиесіз елестету қиын. Ал нақты кредиторлар санының 2 пайызға болсын кемуі екінші деңгейлі банктердің табысына әжептәуір әсер етеді-мыс.
Жалпы, несие көлемінің азаюы дегенде мынаны ескеруіміз керек: банктер негізінен тұтынушылық кредит беруді азайтқан. Қаңтардағы барлық тұтынушылық несиелердің жалпы сомасы 1,052 трлн теңге шамасында. Тек бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға төмендеп отыр. Оның ықтимал себептерін жоғарыда айттық. Тұтынушылық несие көлемінің азаюына тағы бір себебі кепілсіз кредит берудің қысқаруында болып отыр. Жылдың бірінші айында кепілсіз тұтынушылық несиелер көлемі 7,3 пайызға дейін азайған. Бұған да қабылданған реттеу талаптары әсер етіпті. Яғни, банктер тәуекелді қарыз беруде сақтық танытып отыр.
Бірақ, бұдан банктердің босағасы қаңырап қалды деген пікір тумауға тиіс. Есесіне, кепілді несиелердің үлесі артқан. Қаржы талдаулары кепілді тұтынушылық несиелеу сегментінде оң динамика сақталғанын көрсетеді. Яғни, қаңтар айында ғана 166 млрд теңге көлемінде несие жаңадан рәсімделіпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға көбейген.
Бұл үрдістен банктердің кепілмен қамтамасыз етілген қарыздарға басымдық бере бастағанын байқауға болады.
Мұнан бөлек, жылдың басынан ипотека рәсімдеу айтарлықтай артыпты. Статистикаға салсақ, ипотекалық несиелер көлемі 155 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 22 пайызға өскен. Бұл тұрғын үй нарығында сұраныстың сақталып отырғанын аңғартады.
Ал қаржы-несие саясатындағы әлеумет үшін жағымсыз жаңалық ретінде пайыздық мөлшерлеменің өскенін айтуымыз керек. Ұлттық банктің белгілеуінше, 2026 жылдың қаңтарында барлық несиелер бойынша орташа өлшенген сыйақы мөлшерлемесі 20,8 пайызға көбейген.
Оның ішінде тұтынушылық несиелердің пайызы тіптен өсті. Мысалы, енді тұтынушылық несие мөлшерлемесі 22,3 пайыз болды. Ол 2025 жылдың желтоқсанында 18,3 пайызды құраған еді. Яғни, бір ай ішінде сұранысқа ие тұтыну кредиі 2,8 пайызға бірден өскен.
Жалпы, несие нарығындағы деректерді саралай келе, қаңтар айында елдегі кредит саясаты құрылымдық өзгеріс кезеңіне өтуді аяқтады деуге болады. Бұдан бірнеше трендті көреміз: кепілсіз несие қысқарды, кепілді несие мен ипотека өсті. Және пайыздық мөлшерлеме де айтарлықтай қымбаттады.
Айтпақшы, тәуелсіз сарапшылар қаржы саясатындағы өзгерістердің оң әсері болғанымен, жалпы алғанда халыққа тиімді болмағанын айтады. Бұл жерде бәрібір қаржы ұйымдары ұтып отыр. Әсіресе, екінші деңгейлі банктер тарапынан қоғамдағы қаржы қысымы мен қарыз ауыртпалығын оңалтуға қатысты әрекет жасалған жоқ. Есесіне, несие пайызының өсуі банктер үшін пайдалы болмақ.
Демек, Үкіметтің қаржы саласын реттеуге қатысты жасаған қадамдары халықтың әл-қуатын арттыру мақсатында болғанымен, іс жүзінде оны сезіну қиын.
Өйткені, халықтың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауаттылығы бәрібір жақсармады.