Қазақстанда еңбекақы қоры есебінен бірыңғай төлем енгізу бойынша пилоттық жобаны жазда іске қосу жоспарланып отыр.Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жұманғариннің айтуынша, пилотты өңірлер бойынша емес, әртүрлі санаттағы компаниялар арасында — шағын, орта және ірі компаниялар арасында өткізуді жоспарлап отыр.
"Біз мұның қалай болатынын көргіміз келеді. Бұл ақпараттық технологиялармен өте тығыз байланысты. Мен бұны жасырмаймын, бізде кейде мәселелер болады, ақпараттық жүйелер істен шығып қалады", - деді Жұманғарин.
Компаниялар кездейсоқ түрде таңдалуы мүмкін немесе жобаға өз еркімен кіре алады.
"Мұны біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына береміз. Бастапқыда шамамен 500 компания болуы мүмкін деп ойлаймын. Биыл жазда бастауға ниеттіміз", - деді ол.