Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бүгінде елде бір миллионнан астам азамат ең төменгі немесе одан да төмен жалақы алады. Бұл – еңбек нарығының қазіргі ахуалына қатысты ойланатын жағдай.
Жалақы шегіндегі түйткіл
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленді. Қазірдің өзінде 790 мың қазақстандық дәл осы мөлшерде айлық алады.
Ал бұдан бөлек, 329 мың адамның ресми жалақысы ең төменгі деңгейден де төмен екен. Яғни әрбір жетінші жалдамалы жұмысшы айлық табысы күнкөріс деңгейіне әзер жететін жағдайда өмір сүруде.
Министрдің түсіндіруінше, бұл деректер әлеуметтік қорғау жүйесіндегі міндетті аударымдар негізінде анықталған. Жалақы мөлшері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Әлеуметтік сақтандыру қорына және Міндетті медициналық сақтандыру қорына түскен төлемдер бойынша есептеледі. Демек, бұл ресми тіркелген, көлеңкелі емес нақты көрсеткіш.
Инфляция халықтың «итін» шығарды
Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейі бірнеше жылдан бері көтерілгенімен, инфляция қарқыны халықтың нақты табысын жеп қойып отыр. 85 мың теңге – ірі қалаларда бір отбасының айлық шығынын жаппақ түгілі, жеке адамның базалық қажеттіліктеріне әрең жететін сома. Бұл мәселе, әсіресе ауыл-аймақтардағы жұмысшылар, қызмет көрсету саласындағы еңбекақылары мардымсыз азаматтар үшін өткір сезіледі.
Жалақының төмен болуы – тек жеке азаматтың тұрмысына ғана емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығына да ықпал ететін фактор. Табысы аз тұрғындар несиеге тәуелді болады, әлеуметтік қолдау шараларына иек артады, бұл өз кезегінде экономиканың толыққанды дамуына кедергі.
Проблеманың шешімін қайдан табамыз?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бірнеше рет жалақыны арттыру, еңбек өнімділігін өсіру, шағын және орта бизнестің табысты болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтқан еді. Алайда тек ең төменгі жалақыны ресми түрде көтеру жеткіліксіз.
Бұған қоса:
- еңбек өнімділігі мен кәсіпорын табысына қарай жалақыны әділ бөлу;
- жұмыс берушілердің еңбекақы қорына қатысты салықтық жеңілдіктері;
- өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық сектордағы еңбекті әділ бағалау;
- көлеңкелі еңбектің үлесін азайту секілді жүйелі шаралар қажет.
Бір миллионнан астам азаматтың ең төменгі жалақы алуы – экономикалық индикатор ғана емес, әлеуметтік дабыл. Бұл көрсеткіш – еңбек нарығының теңгерімсіздігін, орта таптың әлсіздігін және табыс бөлінісіндегі алшақтықты айқын көрсетіп отыр.
Еңбек адамының тұрмысын жақсартпай, халықтың өмір сапасын көтеру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет – тек экономикалық өсімге ғана емес, сол өсімнің қарапайым халықтың қалтасына жетуіне де мән беру.