Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті Қонаев қаласындағы Қапшағай көлінің жағажайында іске қосылды.
Тәулік бойы жұмыс істейтін модульдік пунктке шұғыл көмекке мұқтаж азамат арнайы SOS батырмасын басу арқылы бірден жедел жәрдем диспетчерімен байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем жеткенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқау береді.
Көлемі 2×2,5 метр болатын нысан дефибриллятор, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектер, стерильді құралдар, арнайы медициналық жинақтар және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, пункт жоғары жылдамдықтағы интернетпен, 360 градус бейнебақылау жүйесімен, телемедицина кешенімен және ішкі-сыртқы камералармен жабдықталған. Бұл диспетчерге науқастың жағдайын қашықтан бағалап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе жағажайдағы демалушылардың қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларда алғашқы көмекті көрсету уақытын едәуір қысқартуға сеп болады