Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова “Қыз Жібек” фильміндегі әйгілі камзолға қатты ұқсайтын жаңа киімін көрсетті. Камзолды дизайнер Аида Қауменованың командасы қайта жаңғыртқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Баян Алагөзова Instagram желісіндегі Stories бөлімінде жаңа камзолын киіп көріп, оның фильмдегі түпнұсқа үлгісіне барынша жақын тігілгенін айтты.
“Камзолым өзіме қайта оралды. Енді бұл шынымен менікі. Бірге-бір. Еңбегін бағалаңыздар, қалай винтаж түрге енгенін қараңыздар, түпнұсқаға қаншалықты ұқсайтынын айтыңыздар”, – деді ол.
Продюсердің айтуынша, қазір ол Аида Қауменованың сән үйінде. Баян Алагөзова бұған дейін айтқанындай, “Қыз Жібек” киім үлгісін кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
“Пікірлеріңізді күтемін. Қараңыздаршы, джинсымен де керемет жарасып тұр. Елестетіп көріңіздерші, Гүлфайрус Исмаилова жүз жыл бұрын ойлап кеткендей”, – деді Баян Алагөзова.
Оның сөзінше, культ фильмдегі камзолдың көшірмесін дайындау жұмысы өндіріс деңгейінде басталып кеткен. Аида Қауменованың командасы киімнің әр деталіне мән берген. Камзолдың түсі, күзен терісінен жасалған жиегі, матасы, кестесі, моншақтары мен інжу-маржанына дейін ескерілген.
Әзірге камзолдың кейбір бөліктері мен оған үйлесетін ақ көйлек толық пысықталып жатыр. Сонымен қатар фильмдегі Қыз Жібек киген үлгідегі бөрік те тігіледі. Баян Алагөзова мен Аида Кауменованың айтуынша, бұл киімді “Қазақ аруы” байқауына қатысатын қыздар сахнаға киіп шығады.