Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өңірді дамытуға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу және Digital Aimaq жобасын жүзеге асыру туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев баяндады. Бүгінгі таңда СҚО-да ауыл тұрғындарына заманауи технологиялар мен цифрландыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретін 10 аудандық және 3 ауылдық креативті IT-орталықтары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін өңірдегі ауылдарда осындай тағы 11 орталықты іске қосу жоспарлануда.
SKO Hub және Qyzyljar Creative Center алаңында 3 мыңнан астам адам цифрлық дағдыларға оқытудан өтті, 400-ден астам іс-шара өткізілді, 30 стартап құрылды, инвестициялар тартылуда. Аталған жұмысты осығын ұқсас қытайлық Digital village жобасы аясында кеңейту мәселесі пысықталуда.
Руслан Әлішев сондай-ақ Digital Qyzyljar IT-паркін құру жоспары туралы баяндады. Бұл өңірлік IT-компаниялардың өсуі үшін жағдай жасауға, Digital Aimaq өңірлік жобасын үйлестірудің бірыңғай орталығын қалыптастыруға және облыс экономикасының негізгі салаларының цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Қызылжар Жем» ЖШС қожалығының аумағында Премьер-министр егін егу жұмыстарының қорытындысымен танысып, дәнді дақылдардың ультраерте сұрпының алқабын тексерді. Кәсіпорын аралас ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған.
Кәсіпорын директоры Данияр Анафин тәжірибе алаңында Secobra Recherches S.A. компаниясының француздық сұрыптаудан шыққан Calixo сұрпының жұмсақ жаздық бидайын себу жоспарланып отырғанын айтты. Сұрып ерте пісетін дақыл түріне жатады, вегетациялық кезеңі 85 күн және өнімділігі жоғары. Calixo бұған дейін топырақ-климаттық жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысына жақын Батыс Сібір өңірлерінде жоғары тиімділігін дәлелдеген. Қолайлы жылдары аталған сұрыптың өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жеткені атап өтілді. Экономикалық тиімділігі бойынша бұл сұрып жоғары табысты бірқатар дақылмен бәсекелесе алады, бұл оны Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірісіне одан әрі енгізу үшін перспективалы етеді. Ерте пісетін бидайды өсіру жұмыстарын «Солтүстік-Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы сүйемелдейді.
Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті. Олжас Бектенов шаруаларды егін егу науқанының аяқталуымен құттықтады. Қазақстан бидайды ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді және әлемдік ұн нарығында көшбасшылық позициясын сақтап отыр.
«Президенттің тапсырмасы бойынша үшінші жыл қатарынан аграрлық секторға ауқымды қолдау көрсетілуде. Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Нәтижесін көріп отырмыз: соңғы екі жылда жақсы өнім алынды. Бүгінде біздің астық әлемнің 70 еліне экспортталады. Қазақстан әлемдегі астық жеткізуші он елдің қатарына кіріп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуінің және фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз жұмысты одан әрі жалғастырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«“Кең дала-2” бағдарламасы бізге қолдау көрсетті. Бүгінде біз қаржыландыруды жоспарлауға мүмкіндік алдық, қаражаттың уақтылы түсуіне сенімділік бар – бұл өте жақсы мүмкіндік. Тыңайтқыштың уақытында келетінін немесе келмейтінін білмейтін уақыттар болды. Бүгінде біз тыңайтқыштарды тұрақты түрде алып отырмыз. Соңғы жылдары дизель отынына қатысты мәселелер шешілді, біз іс жүзінде ешқандай қиындық көріп отырған жоқпыз. Бұл үшін Президентке шынайы алғысымызды білдіреміз. Біздің міндетіміз – жақсы өнім алып, өңіріміздің дамуын қамтамасыз ету және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру. Сонымен қатар біздің механизаторлардың жалақысы қаладағы еңбекақы деңгейінен кем емес», — деді «СК Вагулинское» ЖШС директоры Виктор Редин.
«Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев егіс жұмыстарының жүргізілуінде мемлекеттік қолдау шараларының маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Шаруалар 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелерді, арзандатылған минералды тыңайтқыштарға қолжетімділікті және қажетті көлемдегі жанар-жағармай материалдарын уақтылы алды. Бұл барлық агротехнологиялық шараларды оңтайлы мерзімде және талаптарға сай жүргізуге мүмкіндік берді.Өндірістік үдерістерді цифрландырудың маңызына бөлек назар аударылды.