Танымал продюсер Баян Алагөзова жақында Алматыда өткен КешYOU-дың мерейтойлық концертін Астанада да өткізуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар Stories жариялап, көрермендерден концертті елордада да өткізу туралы көп ұсыныс түсіп жатқанын айтты. Осыған байланысты ол әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп, көпшіліктің қызығушылығын байқап көрмек.
“Көп адам концертті Астанада қайталауды сұрап жатыр. Қазір сауалнама жасаймын: кім барады, кім бұл шоудың Астанада өткенін қалайды – соны көрейін. Содан кейін ойланамын”, – деді Баян Алагөзова.
Ол билет алып, шоуды көруге келген көрермендерге алғыс айтып, концерттен кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылып жатқанын жеткізді.
“Әлеуметтік желілер әлі де шулап жатыр: біреу қолдайды, біреу қарсы. Маңыздысы – бұл реакция, сіздердің кері байланыстарыңыз. Бірақ көргеннен кейінгі пікірдің 99%-ы – таңданыс пен ризашылық”, – деді продюсер.
Баян Алагөзова атқарылған жұмысқа көңілі толатынын айтып, бүкіл командасына алғыс білдірді. Оның сөзінше, мұндай деңгейдегі шоуды Қазақстанда өткізуге болатынын бұл концерт тағы бір дәлелдеген.
“Көп адам “Мұндайды Қазақстанда қалай жасауға болады?” деп сұрайды. Қазақстан баяғыда “біздің қолымыздан ештеңе келмейді” деген түсініктен өтіп кеткен. Бәрі біздің қолымыздан келеді. Мәселе – идея мен мүмкіндікке байланысты”, – деді ол.
Продюсер бұл жоба Қазақстан поп-индустриясының жаңа деңгейге шыққанын көрсеткенін атап өтті.
“Біз поп-индустрияны алға жылжытып келеміз. “Мынаны болмайды, ананы болмайды” деген шектеуден өтіп кеттік. Бұл концерт біздің деңгейімізді дәлелдеді. Біз шоу жасай аламыз, ән айта аламыз, би билей аламыз, сахнада нон-стоп тосынсый ұсына аламыз”, – деді Баян Алагөзова.
Әзірге концерттің Астанада өтетіні нақты бекітілмеген. Продюсер бұл шешімді көрермен сұранысына қарай қабылдайтынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін сахнаға қайта бірге шыққан КешYOU-дың алтын құрамы желіні жарғаны хабарланған еді.
Демалыс күндері Алматыдағы Орталық стадионда КешYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық концертінде көпшілік арасында “алтын құрам” атанған әншілер – Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева және Айдана Меденова қайта бас қосып, бірге өнер көрсетті.
Желіде олардың бірге ән айтқан сәтінен кадрлар жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар Threads желісінде арнайы жазба жариялап, алтын құрамды сағынғандарын ашық жазған.