Пайда - 133,6 млрд, шығын - 5,1 млрд: "Қазпоштаның" хәлі мүшкіл ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ауызды қу шөппен сүрткен агросектор: 500 млрд теңге субсидияның қызығын кім көрді?

Ауызды қу шөппен сүрткен агросектор: 500 млрд теңге субсидияның қызығын кім көрді?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 103,4 пайызды құрады. Бұл өсім бұрнағы кезеңмен салыстырғанда 3 - 3,5 пайызды көрсетеді. 

Алайда, аграрлық мемлекет саналатын Қазақстан үшін бұл өсім өте аз болып отыр. Ішкі қамту мен экспорттық мүмкіндіктердің иегерілмегенін былай қойғанда, агросектордағы аталған өсім мен өнім Үкімет тарапынан берілген сансыз субсидияны да ақтамай отыр деуге болады. Өйткені, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жыл сайын көп қаржы бөледі.

Мәселен, 2025 жылы бұл секторды қолдауға 500 млрд теңгеден астам субсидия қарастырылыпты. Оған қоса жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық қолдау қаржысы тағы бар. Демек, қолдауға бөлінген қомақты қаржы бар, бірақ, өнімділікке қатысты нәтиже төмен. Бұған 2026 жылдың алғашқы екі айындағы өсімінің небәрі 3 пайыздың шамасында ғана болғаны дәлел.

Сарапшылар саладағы серпінді дамудың болмауына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін деп болжайды. Біріншіден, ет пен сүт өндірісінің баяулауы байқалған. Бұған елдегі мал басының азаюы кері әсер етуде. Жалпы, малдың азаюы 2023-2024 жылдары айқын көрінген. Ал төрт түліктің тұяғы төлімен көбейетінін ескерсек, кемудің салдары былтыр мен биыл анық біліне бастайды.

Статистикаға сенсек, ірі қара малының саны 2023 жылы 10,17 млн бас болса, 2024 жылы 9,94 млн басқа әрең жеткен. Яғни, бір жыл ішінде мал саны 235 мың басқа азайған. Ал қой мен ешкі саны 2023 жылы 28,67 млн бас болса, 2024 жылы 27,31 млн бас деңгейінде дейді Демек, уақ жандықтың саны1,35 млн басқа дейін төмендегені көрінеді. Сондай-ақ, осы кезеңде жылқы саны да 16 мың басқа азайыпты. Қазір елде 5 млн басқа жетер-жетпес қылқұйрық бар екен. Әсіресе, ірі қара санының кемуі агроөнеркәсіп кешеніндегі ет пен сүт өндірісінің дамуына себеп болуда.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы бойынша өндіріс шығындары да өсіп жатыр. Жем-шөп, жанар-жағармай, техника бағасының қымбаттауы еңбеккерлердің қалтасына ауыр тиіп отырған көрінеді. Ал пайдаға кенелуден бөлек, өнімді шығынсыз жинап алудың өзі шаруалар үшін мәселеге айналған. Әлбетте, дәл осы жерде мемлекеттік қолдау көмекке келуге тиіс-тұғын. Бірақ, субсидия агросектордағы шығынды толық жаба алмайды деген пікір бар. Бұл жердегі мәселе субсидияның бөлінуі мен көлемінде емес сияқты. Нақтысында мемлекеттің қолдау қаржысы ет, сүт, жұмыртқа сияқты стратегиялық азық-түлік өндірушілер мен егістік шаруашылығымен айналысатын шаруалардың теңдей дәрежеде қамтылуында екен. Және бұл агросектордың аяғына тұсау болып отырған үшінші, негізгі фактор екені де білініп қалады.

Яғни, субсидияның тиімділігі басты сұрақ болып тұр. Дерекке қарасақ, қолдауға бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі ірі шаруашылықтарға тиеді екен. Демек, ауыл шаруашылығы саласында монополия бар. Инвестиция мен субсидия, тіпті тікелей субвенция да агросектордағы олигархтар мен латуфиндистердің қалтасына алдымен құйылады. Ал ауылдағы ұсақ фермерлер бұл қолдауға толық қол жеткізе алмай отыр. Соның нәтижесінде тұтас ауылшаруашылғы саласындағы даму мен мемлекеттік қолдау бағытында теңсіздік қалыптасқан. Анығы, ірі агрокомпаниялар тарабы дамып жатса, екіншісі тарап, шағын өндірісі мен мал-басы, егістік жері бар шаруалар тоқырауға ұшырауда.

Бұл жерде жоғарыдағы теңсіздікті реттеу механизмнің әлсіз екенін айтуымыз керек. Әйтпесе, субсидия ағыны аткөпір.

Қараңыз, Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметі бойынша 2025 жылы жалпы субсидия көлемі 534,5 млрд теңгені құрапты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына 154,3 млрд теңге, мал шаруашылығына 93,6 млрд теңге, өңдеу саласына 14,3 млрд теңге қолдау жасалған. Ал несие мен сақтандыру субсидияларының көлемі 33,9 млрд теңге шамасында. Мұнан бөлек инвестициялық шығындарды өтеуге де 131,1 млрд теңге бөлінген. Алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға тағы 99 млрд теңге жұмсалыпты.

Деп келгенде, мемлекеттік қолдаудың мұндай көлемі мен түрінен кейін отандық агросектордағы өркендеу көз ілеспес жылдамдықпен жүруге тиіс-ті... 

Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Оның мысалын ішкі нарықтың импортқа тәуелділігінен көреміз. Қысқасы, қанша қаржы бөлінсе де, Қазақстан басқаны қойып әлі де шет елден ет пен сүт өнімдерін импорттайды. Мінеки, былтыр ел нарығына 15 мың тонна сиыр еті енген. Оның 9,3 мың тоннасы алыс шетелдерден әкелінген мұздатылған өнім екен. Ал 2025 жылдың 11 айында ғана жылқы етінің импорты 3,8 мың тоннаға жетіп, соңғы 10 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткішке жеткен. Тіпті, қой етінің өзі ішкі нарыққа сырттан келіп жатыр. Былтыр 2,5 мың тонна уақ малдың дайын еті сатып алыныпты.

Ал біз экономиканы әртараптандыру мен сектордағы субсидия туралы айтқымыз келеді...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.