Ауруханаларға - 450 млрд теңге: ем-домға төлеген ақшаның астарында не жатыр?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алатаудағы «Америка әуені»: Майкл Джексонға көше бұйырып, Мұхтар Шаханов тасада қала ма?

Алатаудағы «Америка әуені»: Майкл Джексонға көше бұйырып, Мұхтар Шаханов тасада қала ма?
Фото: Фильм "Майкл" / Коллаж 24 Канал

Құлақ естігенді көз көреді демекші, соңғы күндері еліміздің ақпараттық кеңістігінде «Алатау қаласындағы бір көшеге поп-музыканың королі Майкл Джексонның есімі берілуі мүмкін» деген хабар қазанның құлағын бұрағандай дүңк ете қалды, деп хабарлайды kznews.kz.

Жаңадан бой көтеріп жатқан, ертеңінен үлкен үміт күттіретін заманауи шаһардың бір даңғылын мұхиттың арғы жағындағы жұлдыздың атымен атау бастамасы қоғамда үлкен пікірталас тудырып, отқа май құйғандай әсер етті. Негізі «әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» десек те, ұлттық ономастика мәселесіне келгенде атүсті қарау — «аш құлақтан тыныш құлақ» деп отыратын жайт емес. Қоғам белсенділері мен қарапайым халықтың пікірі қақ жарылып, әлеуметтік желілердегі талқылаулар мен сауалнамаларға көз жүгіртсек, желі қолданушыларының басым көпшілігі бұл идеяға жылымық танытпай, бірден кесіп-пішіп, түбегейлі қарсылығын білдірген. Олардың пайымдауынша, өз елімізде де аты аңызға айналған, тарих сахнасында өшпес із қалдырған бітуар тұлғаларымыз шаш етектен. Ал қоғамның қалған аз бөлігі бұл қадамды жаңа дем, туристік тартымдылық пен жаһандану үрдісіне ілесудің төте жолы деп есептейді..

Десе де, бұл мәселенің құқықтық қырына үңілсек, мәселе тіпті тереңге кетеді. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен ономастикалық жұмыстарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде көшелер мен нысандарға атау берудің өзіндік темірдей тәртібі, бұлжымас қағидалары бар. Заңгерлер мен құқықтанушы сарапшылардың айтуынша, еліміздегі қолданыстағы ережелер бойынша, нысандарға есімдері берілетін тұлғалардың тізімі алдымен мемлекеттік деңгейдегі тарихи маңызымен, ұлттық сананы жаңғыртуға қосқан үлесімен таразылануы тиіс. Оның үстіне, ономастика комиссиясының ресми мәліметтеріне сүйенсек, еліміз бойынша жаңадан берілген көше атауларының басым бөлігі дәстүрлі жер-су аттары мен отандық тарихи тұлғалардың еншісіне тиіп келеді. Заң тұрғысынан алғанда, шетелдік азаматтың есімін топонимикаға енгізу үшін оның еліміздің дамуына тікелей сіңірген ерекше еңбегі немесе халықаралық деңгейдегі ерекше келісімдер негіз болуы шарт. Ал поп-королінің шығармашылығы қаншалықты құдіретті болса да, бұл талаптардың ауылынан алыс жатыр. 

Сарапшы-әлеуметтанушылар да бұл бастаманы ауру қалса да, әдет қалмайдының керімен, елдің назарын басқа өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бұрудың, яғни халықты қызыл сөзбен семіртудің әдісі деп бағалап отыр.

Осы тұста «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» десек те, өз ішіміздегі тірі аңыздарымызды тірісінде ұлықтай алмай жатқанымыз жанға батады. Халықтың «Неге шетелдік әншіге көше берілуі керек, ал ұлттың рухын оятқан Мұхтар Шаханов сияқты тұлғаларға әлі күнге дейін лайықты көше атауы бұйырмай отыр?» деген орынды сауалы жүректі сыздатары анық. 

Заң тұрғысынан үңілсек, Қазақстандағы ономастикалық қағидаларға сәйкес, көшелер мен нысандарға адам есімін беру, ереже бойынша, ол кісі дүниеден өткеннен кейін 5 жылдан соң ғана қарастырылатын жазылмаған дәстүрлі қалып бар. Дегенмен "бақшадағы бұлбұлдың бағасын бағбан білер" демекші, ұлттық мүдде мен Желтоқсан рухын асқақтатқан халық ақынының есімін көзінің тірісінде-ақ төрге шығару — заңнан бұрын, ұлттық намыс пен құрметтің өлшемі екені даусыз. Мұхтар Шахановтай алыптарымыз тасада қалып, мұхиттың арғы жағындағы Майкл Джексонның атын жаңа қаланың төріне шығарғысы келетіндер өз ағасын сыйламаған, кісі ағасын хан көтермес деген тәмсілді ұмытқандай.

Әлемдік тәжірибеде де мұндай қызықтар кездескенімен, олардың соңы көбіне сиырқұймышақтанып кеткенін көреміз. Мысалы, уақытында Еуропаның бірнеше елінде танымал рок-жұлдыздар мен актерлердің атына көше беру ұсынылып, бірақ жергілікті тұрғындардың тарихи санасы мен қарсылығының арқасында ол идеялар селге кеткен болатын. Алатау — енді ғана қанат қағып, іргетасы қаланып жатқан, болашақта еліміздің экономикалық локомотивіне айналатын жас қала. Сондықтан оның әрбір бұрышы мен көшесі ұлттық код пен мемлекеттік мүдденің айнасы болуы тиіс. Ресми деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде Алатау өңірінде ономастикалық кезекте тұрған, есімдері ұлықтауға зәру қаншама отандық ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің тізімі бар. 

Қорыта айтқанда, Майкл Джексонның әндерін сүйіп тыңдау басқа да, оның атын қазақ даласының төріне шегелеп қою мүлде басқа мәселе.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.