Мал басының көбеюі жем-шөп пен жайылым мәселесін де күн тәртібіне шығарды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан VS Өзбекстан: бауырлас елдер экономикалық бәсекелес пе?

Қазақстан VS Өзбекстан:  бауырлас елдер экономикалық бәсекелес пе?
Фото: ашық дереккөздерден

Кейінгі кездері ашық дереккөздерде отандық экономиканы жақын көршілермен салыстырмалы түрде сипаттап, Қазақстанның бәсі мен бағасын кемітіп көрсету нышаны байқалады. Бұл, әрине, әділетті емес. Әсіресе, оңтүстіктегі ағайын - Өзбекстан елімен салыстыру барысында асыра сілтеуге ұрынушылық басым. Біз мұны Қазақстан мен Өзбекстанның дамуындағы экономикалық моделдердің құрылымына қарап айтып отырмыз.

Сөзсіз, Орталық Азиядағы экономикалық лидер-мемлекеттер тізімінде бауырлас екі елдің өз орыны бар. Әдетте, мемлекеттің экономикалық әлеуетін елдің жалпы ішкі өнімнің көлеміне қарап анықтайды. Бұл бағытта Қазақстанның аты қамшы салдырған емес. Мысалы, Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша биыл еліміздің номиналды ЖІӨ шамамен 260–300 млрд АҚШ долларын құраған. Яғни, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 13–15 мың доллар деңгейінде есептеледі. Ал Өзбекстандағы дәл осы көрсеткіштер 100–120 млрд АҚШ доллары шамасында және жан басына шаққандағы үлес 3–4 мың доллар деңгейінде деп белгіленген. Демек, ЖІӨ бойынша бауырлас елдерді бәсекелестіруге болмайды. Дәл қазіргі есеп бойынша Қазақстан экономикасы Өзбекстаннан шамамен 2,5–3 есе үлкен. Дегенмен, сарапшылар Өзбекстандағы тұрақты жоғары өсім қарқынын алдағы жылдары аймақтық экономикалық теңгерімге әсер етуі мүмкін фактор ретінде атап отыр екен. Әрине, біз бұл серпіліске тек қуануға тиіспіз. Өйткені, көршінің бай, қуатты болғаны керек.

Жалпы, экономикалық дамудың негізгі алғышарты ретінде қабылданатын салық жүйесі, цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі және әкімшілік рәсімдердің жеңілдігі жағынан да Қазақстанның позициясы өте күшті екен. Иә, Өзбекстан да бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледі, бірақ, көптеген көрсеткіштер бойынша әлі де Қазақстан деңгейіне толық жеткен жоқ деген пікір бар.

Осы жерде белгілі экономист, тәуелсіз сарапшы Айдархан Құсайыновтың айтқанына құлақ түруге болады. Ол Қазақстан салық пен әкімшілендіру тұрғысынан Орталық Азиядағы ең қолайлы елдердің бірі деп санайды екен. Сарапшы Қазақстан мен Өзбекстандағы бизнес жүргізу шарттарын салыстырып, салық жүйесі мен әкімшілік реттеуге қатысты пікірін өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

- Қазақстанда салық реформасына қатысты қызу пікірталастар жүріп жатқанымен, елде шағын және орта бизнес үшін жағдай әлі де қолайлы. Мысалы, Қазақстандағы салық жүктемесі көрші Өзбекстанға қарағанда төмен. Қазақстанда әлі де болса, оның ішінде шағын бизнес үшін де, салықтық жағдай өте қолайлы. Салық мөлшерлемелері төмен, төлемдер жылдам әрі тиімді, ал әкімшілік қысым әлдеқайда аз, – дейді экономист.

Құсайыновтың айтуынша, Өзбекстанда шағын бизнес үшін қолданылатын жеңілдетілген айналым салығы 6 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда жеңілдетілген режим бойынша мөлшерлеме 4 пайыз, кей өңірлерде оны 2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар екен.

Сарапшы екі ел арасындағы айырмашылықтың салық режиміне көшу шектерінен де байқалатынын айтты.

- Өзбекстанда жалпыға бірдей салық режиміне көшу шегі шамамен 200 млн теңгені құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2,5 млрд теңгеге жуық, - деп жазады Айдархан Құсайынов.

Сонымен қатар ол Қазақстанның цифрландыру, төлем жүйелері және салықтық әкімшілендіру деңгейі бойынша өңірдегі жетекші орында екенін атап өтеді.

- Салықтар, төлемдер, цифрландыру және әкімшілендіру тұрғысынан біз әлдеқайда алға кеткенбіз. Бұл саладағы либерализация біз үшін үйреншікті қалыпқа айналды, – дейді Құсайынов.

Экономистің пікірінше, Қазақстан экономикасының негізгі мәселесі салық мөлшерлемелерінде емес. Ол елдегі салық жүктемесі ТМД кеңістігі мен әлемдік деңгейде салыстырмалы түрде төмен екенін тоқталып, басты проблема өндірістік бизнестің дамымай отырғанында деп түйіндейді.

- Біздің мәселе салықта емес. Олар қазірдің өзінде өте төмен. Негізгі түйткіл осындай қолайлы жағдайларға қарамастан өндірістік бизнестің қарқынды дамымауы, – дейді сарапшы.

Яғни, Қазақстан салықтық және әкімшілік реттеу тұрғысынан бизнес жүргізуге ең қолайлы елдердің бірі болып қала береді.

Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары әртүрлі даму моделін ұстанып келеді. Қазақстан табиғи ресурстарға, шетелдік инвестицияға және ашық нарық қағидаттарына сүйенсе, Өзбекстан халық санының көптігіне, өндірісті дамытуға және ішкі нарықты кеңейтуге басымдық беруде.

Қалай болғанда да, Қазақстан өңірдегі ең ірі экономиканың иесі болып қала береді. Өйткені, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім бойынша Қазақстан Өзбекстаннан бірнеше есе алда. Бұл халық санының аздығымен, мұнай-газ секторынан түсетін жоғары табыспен және шетелдік инвестицияның молдығымен байланысты екен.

Рас, Өзбекстан экономикасының жалпы көлемі жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Соңғы жылдары оның өсім қарқыны Қазақстаннан жоғары деп танылғанымен, бұл көбіне төмен базадан басталған даму кезеңімен түсіндіріледі. Бұл жердегі Өзбекстанның басты артықшылығы демографияда. Ел халқы 38 миллионнан асты және жыл сайын өсіп келеді. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі жоғары.

Ал Қазақстанда халық саны шамамен 20 миллионнан енді асты. Еңбек нарығы тарлау, кей салаларда жұмыс күші тапшылығы да байқалады.

Бұл қос елдің өндірістік дамуына да өз әсерін тигізіп отыр. Қазір Қазақстан экономикасында шикізат секторының үлесі жоғары. Мұнай, газ, уран, металл экспорты бюджет кірісінің негізгі бөлігін қалыптастырады.

Ал Өзбекстан соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп келеді. Автомобиль жасау, тоқыма өнеркәсібі, тұрмыстық техника өндірісі және азық-түлік өңдеу салалары қарқынды дамуда.

Ендеше, екі елдің экономикалық дамуына қатысты сөз қозғағанда бәсекелестік емес, бауырластық ниетін ұстанған дұрыс сияқты...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.