Сараптама

Алыс та жақын Алатау: триллион теңгелік жоспар қағаз жүзінде қалып қоймай ма?

Алыс та жақын Алатау: триллион теңгелік жоспар қағаз жүзінде қалып қоймай ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, кетті. Үкімет басшысы осы сапарында Президент жарлығымен арнайы экономикалық аймаққа айналуы тиіс Алатау қаласын аралап, көрді.

Жалпы, соңғы екі жыл бойы қазақ қоғамының қасын кергізген бұл жобаның жүзеге асуы әлі де қағаз жүзіндегі цифрлардан әрі аспай отырған сияқты. Өйткені, аймақтағы тіршілік барысында жатаған үйі көп Жетіген ауылының ақшаңқан Алатау қаласына айналуына қатысты нақты іс байқалмайды-мыс. Дегенмен, жоспар ауқымды екен. Бектеновтың назарына ұсынылған инвестициялық жобалар мен Алатау қаласын дамытуға қатысты жоспарлардың бірқатарына үңіліп көрдік.

Үкімет деректеріне сүйенсек, 2050 жылға дейін Алатау қаласының аумағында 10,4 трлн теңгенің инфрақұрылымдық жобалары іске асырылуы тиіс. Алайда ауқымды цифрлар мен жарқын презентациялардың артында шешімін таппаған сұрақтар аз емес сияқты.

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, Алатау қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп, инфрақұрылымдық дамудың Жол картасы бекітілген. Ол бойынша 2026–2027 жылдар арасындағы алғашқы кезеңде 365,1 млрд теңгені құрайтын 21 жоба, ал 2028–2030 жылдар аралығындағы екінші кезеңде 312,5 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылады делінген. Дегенмен, бұл жобалардың нақты қаржыландыру көздері, мердігерлері мен тәуекелдерді басқару тетіктері ашық айтылмай отыр.

Үкімет өкілдерінің мәліметінше, инфрақұрылымды дамытуда бюджет қаражатымен қатар жеке инвестициялар мен EPC-келісімшарттар тартылатынын мәлімдеді. Алайда Қазақстан тәжірибесінде мұндай келісімшарттардың көбіне бюджетке қосымша жүктеме әкеліп, жобалардың қымбаттауына себеп болғаны белгілі. Бұл жолы жағдай өзгере ме, әзірге белгісіз.

Инвестициялық жобалар тізімінде жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 жоба бар. Оның ішінде жиырма жоба "белсенді іске асырылып жатыр" деп көрсетілгенімен, нақты құрылыс басталған нысандар саны мен олардың орындалу кестесі жарияланбаған. Ал 22 мың жаңа жұмыс орны туралы уәде қоғамда бұрын да бірнеше рет айтылып, толық орындалмай қалғанын ескерсек, бұл мәлімдеме де сұрақ тудырады.

Айтпақшы, жұмыс сапары барысында Премьер-министр барған PepsiCo Central Asia мен Mars Petcare Kazakhstan жобалары шетелдік инвесторлардың қызығушылығын көрсеткенімен, олардың жергілікті экономикаға нақты мультипликативті әсері, шикізаттың қаншалықты отандық болатыны және пайдасының ел ішінде қалу үлесі ашық талқыланбағаны қынжылтады.

Ерекше назар аудартқан Iconic Towers жобасы да сұрақсыз емес. Инвестиция көлемі 800 млн доллар деп көрсетілгенімен, оның қандай бөлігі тікелей шетелдік капитал, қандай бөлігі мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктер есебінен жүзеге асатыны нақты айтылмайды. Сонымен қатар, жобалық-сметалық құжаттама 2027 жылға дейін әзірленеді дегенде, құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспары логикалық сәйкессіздік тудырады екен.

Жалпы, Алатау қаласын жаңа экономикалық орталыққа айналдыру идеясы стратегиялық тұрғыдан маңызды. Алайда осы шақта ұсынылған ақпаратта декларация көп, ал нақты жауапкершілік пен қоғамдық бақылау тетіктері аз. Ал қоғамды құны триллиондармен өлшенетін жоспарлардың тағдыры тағы да қағаз жүзінде қалып қоймай ма деген сауалдың жауабы алаңдатады. Өйткені, дәл осы Алматы облысының аумағында "ғасыр шешімі" атанып, басталған "Гейт-сити" сияқты жарқын жоба басталып, жүзеге аспай қалған болатын...

Дегенмен, атқарылған істерге келгенде ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға кіріскен Үкіметтің жұмысы әділ бағасын алуы керек. Алматы облысының дамуына, оның ішінде Алатау қаласындағы кешенді жоспарлардың жүзеге асуына қатысты Үкімет тарапынан қолдау анық сезіледі. Мұны жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов те ашып айтты. 

Ал тұтас Алматы облысында Президент тапсырмаларына сәйкес және Үкіметтің жоспарлы жұмысы шеңберінде 2025 жылы халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлкен күш бағытталды. Оның ішінде жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға, ең алдымен облыс тұрғындарының 80 пайыздан астамы тұратын ауылдық жерлерді өркендетуге баса назар аударылды.

Яғни, жыл қорытындысы бойынша Алматы облысы экономикасының нақты көлем индексі 110,6 пайызды құрады. Бұл цифрлар аймақта барлық негізгі салалар бойынша тұрақты өсім барын көрсетеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz