Ақмола облысында бөгет жарылды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Алдын ала жоспарлап өлтірген»: сарбаздың анасы әскердегі сұмдықтың бетін ашты

«Алдын ала жоспарлап өлтірген»: сарбаздың анасы әскердегі сұмдықтың бетін ашты
Фото: Марқұмның туыстары ұсынған сурет

Әскерге өз еркімен кетіп, 3 айдан соң табытпен оралған 21 жастағы Қайсар Сұлтановтың  оқиғасы қоғамда үлкен резонанс туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.

Ресми нұсқа бойынша, ол өз-өзіне екі рет оқ атып көз жұмған. Тәуелсіз сараптама қорытындысы бойынша атылған оқтардың арасы алты минут болғанына және өлім бірінші оқтан кейін болғанына қарамастан, арада 2,5 жыл өтсен де, іс үш рет жабылып-ашылған, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Анасы ұлын қасақана өлтіргеніне сенімді. Алайда қолындағы бар дәйек-дәлелді ұсынғанымен,тергеу  ұлын өлтіргендерді ұстаудың орнына істі бұрмалап, кінәлілерді жасырып отырғанына күйінеді. Шұбатылған ішектей созылған істің артында шенді әскерилердің қылмысы тұрғанын айтады. 

Тірі куәгер болғандықтан, көзін құртқан 

Сарбаздың анасы Сәуле Тілеубергенованың айтуынша, 2023 жылғы маусымда Қайсар Сұлтанов Теміртау колледжін бітіре сала әскерге өз еркімен кеткен. Сарбаз Астанадағы Ұлттық ұланның № 6636 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеген. Отбасына үш айдан соң жас жігіттің өз-өзіне қол салғаны туралы  қаралы хабар жеткен. 

«Қолымда тәуелсіз сараптама қорытындысы бар. Оны Салтанат Нүкенованың ісі арқылы танылған сарапшы Тахир Халимназаров жасады. Сараптама қорытындысы бойынша, менің ұлым бірінші оқтан кейін ажал құшқан. Сонымен қатар, сол қанды оқиға болған түні таспаланған бейнежазбалар әдейі өшірілген. Оны да жеке тексерттім, өшірілгені дәлделденген. Осыған байланысты Бас әскери прокуратура мен Астана қаласының әскери-тергеу басқармасынан талап еткен әділ тергеуге қол жеткізе алмай келемін. Бүгінгі таңда қылмыстық іс үшінші рет ашылды.  Қазіргі уақытта 105-бап (өзін-өзі өлтіруге жеткізу) бойынша тергеу жүріп жатыр. Алайды айтарлықтай нәтиже жоқ. Менің істі 99-бапқа (адам өлтіру) ауыстыру талабым 2,5 жыл өтсе де, елеусіз қалып отыр. Бүгін менің ұлым, ертең тағы біреудің жалғызы осылай өлтіріліп, кінәні өзіне жаба салмасына кім кепіл. Сондықтан, мен шындық ашылмайынша тоқтамаймын»,  - дейді биліктің әрекетсіздігіне ашынған ана. 

Сәуле Тілеубергенова ұлын өлер алдында жұмыстан шығарып алып кеткенін айтады.

«Барлық сараптама оны әдейі өлтіргенін растап отыр. Мен оны бір күнге пәтерге алып кетіп сөйлескенімде ол қару-жарақ қоймасын күзететінін айтты. Менің ойымша, ол ұрлықтың үстінен түскен, сондықтан оның көзін жойған. Қылмыскерлер ұлым маған бірдеңе айтып қоюы мүмкін екенін ойлап, оны қайта күзетке шығарып, әдейі өлтірген. Оқ атылған соң күзет бастығы келісімшарт қызметкері мен қатардағы жауынгерді алып, менің ұлым болған ғимаратқа бет алған. Онда екі сарбаз ғана болған. Біреуі бірінші қабатта, ұлым екінші қабаттағы жаттығу бөлмесінде болған. Бұл шенді әскерилер отыратын әкімшілік ғимарат болатын. Ол бірінші қабаттағы сарбазға рациямен хабарласып, бәрін ғимараттан шығарып жібереді. Яғни, ұлымды өлтірген қылмыскерлерге қашып кетуге мүмкіндік берген. Бұдан басқа, Қайсар далаға қараған терезе алдында өзіне оқ атты делінген. Ол видео да өшірілген. Сосын терезе алдында қанның сүртілген ізі қалған. Алайда оны марқұм құлап барып жатып өзі сүрткен деп көрсеткен. Алайда ұлымның сол қолында ешқандай қан ізі жоқ. Қанды басқа біреу сүрткен. Қайғылы оқиға болысымен аумақтық полиция өкілдері шақырылуы тиіс еді, бірақ оларды шақырмаған. Криминалистер түсірген видеода олардың әрекеттері де түсініксіз. Қарудың шүріппесі пен терезенің тұтқасынан із алынбаған. Тағы бір маңызды дәлел  - сарбаздардың сөзі. Мен сол түні қарауылда болған сарбаздар әскерден үйлеріне оралған соң әрқайсысымен сөйлесіп, видеоға түсіріп алдым. Өйткені сол оқиға болған сәтте олар қорқып қалғанын байқадым. Тараз, Шымкент, Көкшетау және Балқашқа арнайы барып олармен кездестім. Жаңағы бірінші қабатта болған сарбаз Шымкенттен екен, күзет бастығы өзіне хабарласып, бәрі дұрыс па деп сұрағанынын және Қайсар болған екінші қабаттағы бөлмеге ешкімді кіргізбей, далаға шығарып жібергенін айтты. Осының бәрі қылмысты жасырудың, алдын ала жоспарлаудың айғағы»,  - дейді марқұмның анасы. 

Сарбаздың анасының айтуынша, бұдан басқа сот-медициналық сараптама қорытындысында ұлының денесінде жарақат іздері бар екені көрсетілген. Бұл да оны ұрып-соғып, есінен тандырып, қол жұмсаудың дәлелі. Өйткені, бірнеше сағат бұрын кездескенде марқұмның денесінен ешқандай көгерген із немесе жарақат байқамаған.

«Сарапшы бұл жарақаттар өлімнен 4-5 күн бұрын түскен деп көрсеткен. Мен әскери бөлімнен журналды алдырып тексердім, онда тіркеу журналында ешқандай дерек жазылмаған. Мен соңғы рет пәтерге алып бапрғанымда қолында, аяғында ешқандай сырылған жері болмаған. Оны өз көзіммен көрдім, арықтап кеткен. Киімін көзімше ауыстырды. Сараптамада көзінің маңы да көгергені жазылған. Оны біреулер ұрып есінен тандыру үшін солай істеді деген сөз. Ұлым қару ұрлаудың немесе біреуді зорлаудың куәгері болған шығар деп ойлаймын. Оны тірі куәгер болғандықтан, көзін құртқан», - дейді ұлынан қапыда айырылып қалған ана. 

Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік оқиғасын сотта дәлелдеу өте қиын

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбайдың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда сарбаз өлімі жиілеген. Сондықтан, әскердегі әлімжеттік қоғамдағы жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналған.Әскерге сау кеткен бозбала не ауру болып оралады, не өзін-өзі өлтірген деп марқұмның өзіне жаба салады. Ашық дәлелдер бола тұра, сарбазды соққыға жыққанын, біреудің қолынан қаза тапқанын сотқа жеткізу қиын.

“Қазақстанда әскерде болған әлімжеттік бойынша істердің көп болса, 5-10%-ы ғана сотқа жетеді. Тіпті одан аз болуы мүмкін. Статистикаға қарасақ, соңғы үш жылда елімізде 270-ке жуық сарбаз қаза тапқан. Орта есеппен жылына 90 сарбаз көз жұмады деген сөз. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдарында осынша сарбаздың өлімі туралы ақпарат шыққанымен, тоқсан адамға қатысты сот үкімі шыққаны туралы мәлімет таппайсыз. Себебі көп іс сотқа дейін жетпейді. Көбі абайсызда болды, өз-өзіне қол салды деген секілді жабылып қалады”,  - дейді Инга Иманбай.

Заңгердің айтуынша, жалпы әскерде қылмыстың болғанын сотқа жеткізу қиын. Былай қарағанда, дәлел анық тұрған істердің өзін сотқа жеткізе алмай жүрген мысалдар бар. 

“Мәселен, Қайсар Сұлтановтың анасының өкілі боламын. Қайсар осыдан екі жыл бұрын Астанадағы Ұлттық ұланда қаза тапқан. Басына екі рет оқ тиіп қаза тапқан. Сарапшылардың қорытындысы бар. Ол бірінші оқтан кейін бірден қайтыс болған. Десек те, алты минуттан кейін екінші оқ атылады. Іс өз-өзіне қол салды деген желеумен жабылып қалады. Биыл бұл істі мен қайтадан қолға алдым. Тергеуді қайта ашқыздық. Дәл қазір тергеу жүріп жатқанымен, барлық дәлел бола тұра қылмысты дәлелдей алмай жатырмыз.Заңды тұрғыдан да, логика тұрғысынан да адам өз-өзіне екі рет оқ атуы мүмкін емес. Сарапшылардың да бірінші оқтан кейін тірі қалуы мүмкін емес деген қорытындысы бар. Сонда алты минуттан кейін кім оқ атты деген сұрақ туындайды.Сондықтан, ашық дәлелденіп тұрған қылмыстардың өзін сотқа жеткізу қиын”,  - дейді ол.

Адвокат Президент Тоқаев әскери органдардың, құрылымдардың басшыларымен кездескенде әскердегі өлім-жітім, тәрбие мәселесін үнемі айтып, жиі тапсырма бергенімен, содан кейін де  ештеңе өзгермегенін айтады.

“Иә, соңғы уақытта әскердегі мәселе белгілі бір деңгейде резонансқа шықты деп айтуға болады. Осыдан екі жыл бұрын мен әскерде болған резонансты істердің бірі  Ербаян Мұхтардың кейсін қолға алдым. Дәл сол кезден бастап әскердегі әлімжеттік туралы ашық айтыла бастады. Көбірек айтыла бастады деуге болады. Соңғы екі жылда Президенттің өзі бірнеше рет назар аударып, тіпті Жолдауларына қосып, арнайы тапсырмалар берді. Десек те, заңгер, құқық қорғаушы ретінде мен сол тапсырмалардан кейін жағдай өзгергенін көрген жоқпын. Сондықтан, Президенттің тапсырмасы орындалып жатыр деп айта алмаймын.

Ербаянның ісін алған кезде ол өзі кафельге құлап, басын жарып алды деп қылмыстық іс тоқтап тұрған болатын. Кейін біз қайта сараптама тағайындатып, балама сараптама жасатып, тәуелсіз сарапшыларды тартып, бұл іс әлі күнге дейін мен ашуға себепші болғаннан бері тергеліп жатыр. Өкінішке орай, әлі күнге дейін сотқа жеткізе алмай отырмыз. Десек те, қоғамдағы үлкен резонастың арқасында халық Ербаян туралы біліп, оның еміне ақша жинап, қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Десек те, жарақаты ауыр болғандықтан, Ербаян әлі сөйлеген жоқ.Бірақ, ол сөйлеп, аяғынан тік тұруы үшін жұмыс жалғасып жатыр. Қылмыстық іс әлі ашық күйінде тұр. Алдағы уақытта Ербаян сөйлеп, шындықты айтып, біз қалай да әділдікке жетеміз деген үміт бар. Екіншісі кейс жоғарыда айтылған Қайсар Сұлтановтың ісі. Маған дейін ол өз-өзіне қол жұмсады деп жабылып қалған болатын. Дәл қазір анасы Сәуле ханым екеуіміз істі қайта ашқызып,  105-баптан (суицид)  99-бапқа (адам өлтіру) ауыстыру үшін күресіп жатырмыз”, - дейді құқық қорғаушы.

Тергеу не дейді

Сәуле Тілеубергенова тергеудің ашық жүргізілмей, біреудің құпиясын жасырып отырғанын айтады. 

“Мемлекеттік сараптамада сарапшы тілі, маңдайы, мидің бір бөлігі, бас сүйегінің күмбезі шашылып кеткен, сосын ауыр деп жазады. Медициналық әдебиетке сәйкес, аздап жарақаттанған Сұлтанов екінші рет оқ атуы мүмкін деп жазған. Миы шашылып кеткен адам қалай аздап жарақаттанып, өзіне оқ атуы мүмкін. Бұл енді ақылған қонымсыз, күлкілі ғой. Тәуелсіз сараптамада бірінші оқ атылған соң адам есінен танып, өліп кететіні анық жазылса да, әскери-тергеу басқармасы мемлекеттік сараптамаға сүйеніп, істі адам өлтіру бабына қайта саралауға рұқсат бермей отыр. Бұл енді шенді әскерилердің қылмысын жасырудың айқын көрінісі»,  - дейді ол. 

Түйін

Айдың күннің аманында әскерге сау кетіп, табытпен қайтқан жап-жас жігіттердің оқиғасынан кейін бозбалалардың ол жаққа барғысы жоқ. Бірі пара беріп, бірі денсаулығы жоқ деген анықтамамен «өлім аймағына» бармаудың жолын тапқан.  Әйтсе де, Қорғаныс министрлігі енді әскерден қашқан жігіттер қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.

“Әскерден қашқан жігіттер туралы ақпаратты ішкі істер министрлігіне береміз. Олар сосын іс қозғайды. Алдымен әкімшілік іс қозғалады, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қандай жаза қарастырылатынын сот шешеді», – деді жақында Ақорда кулуарында журналистермен кездесіп қалған Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов.

Десе де, отан алдындағы борышын өтеуге аттанған ер жігіттің әлімжеттің құрбаны болып жатқаны көптің көңіліне кірбің ұялатады. Әділдік орнап, сарбаз өлімі тыйылмаса, әскерге баратындардың қатары сирей беретіні анық.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі