ҚТЖ топ-менеджерлері былтыр 1,036 млрд теңге сыйақы алған
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Айлығын шайлығына жеткізе алмаған депутат: Парламентке де жәрдемақы керек пе?

Айлығын шайлығына жеткізе алмаған депутат: Парламентке де жәрдемақы керек пе?
Фото: ЖИ

Мәжіліс мінберінен мәлімдеме жасап, «жеті жүз-сегіз жүз мың теңге айлық ештеңеге жетпейді» деп шағымданған депутат Бақытжан Базарбектің сөзі бүгінде ел ішінде «әттеген-айды» көбейтіп, қоғамның қытығына тиген басты тақырыпқа айналды, деп хабарлайды kznews.kz.

«Өзі тоқтың уайымы жоқ, өзі аштың қайғысы көп» демекші, халық қалаулысының отбасылық бюджетті сылтауратып, жарын жұмысқа жегуге мәжбүр болғанын айтып мұң шағуы – ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктің қаншалықты тереңге бойлағанын тағы бір мәрте айқара ашып көрсетті. Сарапшылар бұл жағдайды жай ғана эмоция емес, билік бен бұқара арасындағы байланыстың үзілгенін көрсететін нақты индикатор деп бағалайды. Себебі Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне көз жүгіртсек, Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі небәрі 85 000 теңгені құраса, медианалық жалақы 250-280 мың теңгенің айналасынан аспай тұр. Демек, халықтың басым бөлігі депутат «түкке жетпейді» деп менсінбеген табыстан 3-4 есе аз қаржыға айдан айға аман-есен жетудің амалын жасап, көрпесіне қарай көсіліп өмір сүруге мәжбүр. 

Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар «тоқ бала аш баланың жайын білмейді» дегеннің кері келгенін, халықтың мұң-мұқтажын заң деңгейінде шешуі тиіс. Парламент өкілдерінің нақты нарықтық шынайылықтан мүлдем алшақтап кеткенін ашық айтуда. Құқықтық тұрғыдан алғанда, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, депутаттарға қызметтік пәтер, тегін медициналық қызмет, көлік және басқа да көптеген әлеуметтік жеңілдіктер мемлекет қазынасынан алынады. Яғни дәл соңғы тиынын санап отырған салық төлеушілердің қалтасынан өтелетінін ескерсек, бұл наразылықтың отқа май құйғандай өрши түсуі әбден заңды.

Тоя жеген тоқтының секіруі секілді көрінген бұл мәлімдеме бес-алты баласы бар отбасыларды мысалға келтіруімен де шикі шықты. Шын мәнінде, еліміздегі көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі төрт балаға 59 мың теңгеден сәл асса, алты балаға 89 мың теңгенің ойнағында ғана. Бұл депутат бір күнде жұмсайтын шығынның көлемі деуге болады. 

Экономикалық сарапшылардың есептеуінше, бүгінгі таңда еліміздегі азық-түлік инфляциясы ресми түрде 9-10% деп көрсетілген. Бірақ нақты өмірдегі тұтыну себетінің құны әлдеқайда жоғарылап, қарапайым жұрттың табысы тек ішіп-жемнен артылмайтын тығырыққа тірелген. Заң шығарушы органның өкілі «бұл айлыққа қалай өмір сүруге болады» деп байбалам салды делік. Оның «балалы үй – базар» деп отырған, бірақ ай сайынғы несиесі мен пәтерақысы қос бүйірден қысқан миллиондаған қазақстандықтардың жүрегінде қандай реніш ұялайтынын бағамдай алмағаны өкінішті. Сондықтан да заңгерлер мен қоғам белсенділері депутаттардың еңбекақысын елдегі орташа жалақымен немесе ең төменгі күнкөріс деңгейімен тікелей байланыстыруды міндеттейтін құқықтық тетіктерді енгізу қажет. Сонда ғана олардың жерге түсіп, халықтың мұңын шын түсінетінін алға тартады.

«Аш адамның ашуы жаман» екенін ескерсек, мұндай орынсыз мәлімдемелер қоғамдық тұрақтылыққа сызат түсіріп, билік институтына деген сенімді селдірететіні хақ. Ендеше «айтылған сөз – атылған оқ» екенін ұмытпай, халықтың көз жасы мен маңдай терінен құралған бюджетті місе тұтпау – елдің намысына тиюмен тең.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.