Атырауда Қарабалиндер отбасын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 4 маусым күнгі сот отырысында марқұм отбасының малын баққан тұрғын куә ретінде жауап берді.
Куәнің айтуынша, 2025 жылдың қараша айында Мақсот Қарабалиннің қой кезегі келген. Сол уақытта ол отбасының орнына мал бағып, еңбекақысын кешкі уақытта Kaspi қосымшасы арқылы алып отырған.
"Малын күн сайын бағып жүрдім. Қой, ешкі, баспақ болды. 25-і күні қырдағы малы келді. Қыс бойы, екі ай соны да бақтым. Үйінде үш сиыры бар еді, жалпы жеті сиыр болатын. Наурызға ақша керек болғанда жазып тұрдым, сол кезде аударып отырды. Күнделікті ақша аударған жоқ. 2026 жылдың 25 қаңтарына дейін бағып бердім. Екі айлық еңбегіме бір баспақ береді деп келіскенбіз", – деді куә сотта.
Сондай-ақ ол 2025 жылдың 15-20 қарашасы шамасында Наурыз Мұқанғалиевтің атынан хабарлама келгенін айтты. Куәнің сөзінше, онда анасының ауырып жатқанын, операцияға ақша қажет екенін жазған.
"Мал сатамын, сатып алатын адамды өзім жіберемін деді. Маған тек малды көрсетіп беруімді сұрады. Кейін адамдар келді, өздері келісіп алды. Менің оған қатысым болған жоқ", – деді куә.
Куә сол кезде телефоннан келген хабарламаларды шынымен Наурыз Мұқанғалиев жазып отыр деп ойлағанын жеткізді.