Біз бұған дейін отандық экспорттың жай-күйіне қатысты бірнеше рет сараптама материал жазғанбыз. Тақырып аясында сыртқы сауда айналымының аясы кеңеймей отырғанын және тек шикізатқа негізделген экспорттың экономикаға пайдадан гөрі зияны көбірек болатынын да айттық.
Бұл бағытта мәселенің екінші ұшы да бар екенін еске салғанбыз. Яғни, еліміз кейінгі жылдары сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға тырысқанымен, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі де қоса артып отырғанын таразылаған дұрыс. Осы мәселе өзектілігін жоймай отыр. Керісінше, күні кеше Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин жариялаған деректер бұл бағыттағы ахуалға қайта назар аудартты.
Депутаттың мәліметінше, соңғы бес жылда еліміз шетелдік тауарларға шамамен 278 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсаған. Яғни, аталған кезеңдегі Қазақстанның шетелден сатып алған барлық түрдегі импорттық тауары үшін төленген қаржы жыл сайын 55 600 000 000 АҚШ долларын құрап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, импорттың басым бөлігі өндірістік қажеттіліктерге бағытталған. Әсіресе мұнай-газ саласы, энергетика кешені, агроөнеркәсіп секторы шетелдік технология мен жабдыққа айтарлықтай тәуелді екен. Дегенмен, 278 000 000 000 доллар ақша деген орта даму жолындағы мемлекет үшін өте көп қаржы. Бұл Қазақстанның жалпы экономикалық табысының үштен екі бөлігі сырттан зат сатып алуға жұмсалады дегенді білдіреді. Әйтпесе, мұны басқаша түсіндіру қиын. Тіпті, салыстырмалы түрде қарағанда да "тоғыз нөлі бар" шығындармен тең келетін цифр табу қиын.
Айтпақшы, Еділ Жанбыршин мырза өз сөзінде аталған шығындарды Ұлттық қордың қаражатымен салыстырады. Жалпы, Ұлттық қор мемлекеттің стратегиялық қаржылық қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Ал қордың негізгі кірістері мұнай-газ секторынан түсетін салықтар мен экспорттық түсімдерден және Ұлттық компаниялардың дивидендтерінен құралады.
Салыстыру үшін айтайық: 2026 жылғы 1 ақпандағы мәліметтер бойынша Ұлттық қоры көлемі шамамен 39,7 трлн теңгені немесе 85–90 млрд АҚШ долларын құрайды. Ал депутат Жаңбыршин бұл жинақ соманың 60 млрд доллар шамасында екенін айтты. Яғни, Ұлттық қор қаражатының көбейіп немесе азайып тұру қалыпты құбылыс. Мысалы, жыл басында қаңтарында қорға 323 млрд теңге түссе, бюджет қажеттілігі үшін 230 млрд теңге алынған көрінеді. Айтпақшы, қор қаржысының тиімсіз жұмсалуы туралы да жазған едік.
Деп келгенде, депутаттың мысалындағы 60 млрд долларды Ұлттық қордағы ортаймайтын қаржы деңгейі деп қабылдаған дұрыс сияқты. Дегенмен, импортқа жұмсалған қаражаттың Ұлттық қордағы ақшаның көлеміне жетіп қалуы дабыл қағарлық жағдай. Яғни, бұл көрсеткіштер Қазақстан экономикасынан сыртқа шығарылған жиынтық қаржы көлемі ішкі жинақтан бірнеше есе асып түсетінін аңғартады.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет қажеттілігі үшін басқа мемлекеттен сатып алынған түрлі тауар Қазақстан үшін жыл сайын Ұлттық қордағы сомаға жете қабыл қаржы жұмсап отыр. Мұндай жағдайда стратегиялық сақтық шарасы туралы сөз қозғау тіптен ыңғайсыз сияқты. Өйткені, дыл сайын Ұлттық қордағы қаржыға теңдес ақшаны тек импортқа жұмсайтын елде қандай да бір бюджет тапшылығы немесе әлеуметтік әділетсіздік деген мәселе болмауы керек сияқты. Әлбетте, Ұлттық қор ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі ретінде саналады. Алайда, импорт көлемінің жоғары болуы валюталық түсімдердің едәуір бөлігінің сыртқа кетуіне әкеліп отыр.Екіншіден, бұл жағдай ел экономикасының әлі де болса шикізаттық бағыттан толық арылмағанын көрсетеді. Өндіріс көлемі артқанымен, қосылған құны жоғары өнім шығару деңгейі жеткіліксіз. Экономистер мұндай үрдіс ұзақ мерзімде сақталатын болса мемлекеттің төлем балансына қысым түсіріп, ұлттық валютаның тұрақтылығына әсер ету мүмкіндігін болжайды. Ал бұл ішкі өндірістің дамуын тежейтіні айтпаса да түсінікті.
Рас, интеграцияның заманында импортты толық шектеу мүмкін емес. Дегенмен, эконмистер оның құрылымын оңтайландырудың маңызды екенін ескертеді. Оның ішінде отандық өндірісті дамыту, технологиялық тәуелділікті азайту, өңдеу өнеркәсібін қолдау сияқты жұмыстар атқарылуға тиіс. Яғни, осы міндет мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болуы керек-ті.
Жалпы, бұл мәселеде атқарушы биліктің ұстанымы түсініксіздеу болып отыр. Бір жағынан ішкі экономикадағы импорт көлемінің жоғары болуын жаһандық экономикалық интеграцияның бір көрінісі ретінде түсіндіру бар. Екіншіден, оның шамадан тыс өсуі ішкі экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер ететінін де жоққа шығармайды.
Қысқасы, еліміздің экономикалық саясаты сыртқы сауда мен ішкі өндіріс арасындағы тепе-теңдікті сақтау мен экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатынан айнымасы анық.Тек, бұл имидж бен имитация үшін жасалып отырмағанына сенгің келеді...