Жоғарғы аудиторлық палата Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуіне қатысты тексеру жүргізіп, саладағы бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады.
Бұл туралы Әлихан Смаилов төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палата жанындағы Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Жалпы, тексеру 3 мыңнан астам бюджеттік инвестициялық жобаны қамтыған. Олардың жалпы құны 3,4 трлн теңге болса, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген облигациялық қарыздар көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен.
Комиссия деректеріне сүйенсек, кейбір жобалар іске асыруға дайын болмай тұрып-ақ қаржыландыру тізіміне енгізілген көрінеді. Яғни, жобалық-сметалық құжаттама, жер телімдері секілді негізгі алғышарттар мүлдем болмаған. Бұл өз кезегінде қаржыны игеру мерзімінің созылуына әкеліп соққан.
Сонымен қатар, орындау барысында 394 млрд теңгеге бағаланған ьес жүзден астам жоба мүлде алынып тасталған немесе басқа жобалармен ауыстырылған-мыс.
Ал Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер заң бойынша стратегиялық және ұлттық маңызы бар басым міндеттерге бағытталуы тиіс-тұғын. Алайда, тексеріс барысында жергілікті деңгейдегі, яғни қор қаржысынсыз-ақ жүзеге асыруға болатын жобаларға қаржы бөлінгені анықталып отыр. Олардың қатарында ауылды абаттандыру мен шағын әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты жобалар да жүр.
Бұдан бөлек, жекелеген жағдайларда Ұлттық қор қаражаты бұрын аяқталып қойған жобаларға немесе нақты қажеттіліктен артық көлемде бөлуге қатысты заң бұзушылық анықталған.
Мұнан бөлек, қаражатты мақсатсыз әрі тиімсіз қайта бөлу фактілері де тіркеліп, ауылдық медицина инфрақұрылымына арналған қаржы қалалық нысандарға жұмсалғаны немесе бұрын сатып алынған жабдықтарға қайтадан қаржы қарастыру сияқты мысалдар айтылған. Тіпті, кейбір өңірлерде жабдық алу көлемі жоспардан екі есеге дейін асып кеткен екен.
Сондай-ақ, облигациялық қаржыландыру тетіктерінен кемшілік табылды. Атап айтқанда, мұндай қарыздардың мақсатты әрі нәтижелі игерілуін бақылау жүйесі толық қалыптаспаған. Соның кесірінен төмен қайтарымдылыққа ие проблемалық жобаларды қаржыландыру, лизингтік келісімдердің созылуы және жеңілдетілген несиелерді нақты өндірістік немесе экспорттық нәтижесіз арзан қаржы көзі ретінде пайдалану сияқты фактілер анықталған.
Жалпы, Жоғарғы аудиторлық палатаның жіті тексеруінен кейін Ұлттық қордың қаржысын қалай болса солай жұмсау дерегі жиі жария бола бастады. Мысалға, 2023–2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражатты игерудің қорытындысы бойынша бірқатар қылмыстық іс ашылған болатын.
Өкінішке қарай, есепті кезеңде бұрынғы жағдай сабақ болмағанға ұқсайды...