"Ойын" алаңына айналған Ормуз: бұғаздың қайта жабылуы қаншалықты қауіпті?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Өндіріс пен өнімді іс: Ірі бизнес өңірді дамытуға қандай үлес қосып отыр?

Өндіріс пен өнімді іс: Ірі бизнес өңірді дамытуға қандай үлес қосып отыр?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Бұрын ірі компаниялардың инвестициясы туралы сөз болғанда, ең алдымен жаңа өндіріс орындары, заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар еске түсетін. Қазір жағдай өзгеріп келеді.

Кәсіпорындар өздері жұмыс істейтін өңірлердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын да ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастыра бастады.

Сарапшылардың пікірінше, өңірлердің тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Білім беру сапасы, медициналық қызметтің қолжетімділігі, спорт және мәдениет нысандарының болуы, қалалық ортаның жайлылығы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бизнестің әлеуметтік салаға салған инвестициясы бүгінде өндірістік жобалардан кем маңызды емес.

Қазақстандағы әлеуметтік инфрақұрылымға ең көп қаржы құйып отырған компаниялардың бірі деп "Қазақмыс" корпорациясын айтуымыз керек. Компанияның жергілікті атқарушы органдармен жасалған меморандумдары мен әлеуметтік міндеттемелері аясында 2026–2027 жылдары түрлі жобаларды жүзеге асыруға 44,6 млрд теңге бөлу жоспарланған екен.

Жобалардың басым бөлігі Ұлытау облысында шоғырланған. Мұнда спорт, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және абаттандыру бағыттарында ондаған бастама іске асырылуда.

Соңғы жылдары Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында бірқатар әлеуметтік нысандар салынды және жаңғыртылды. Олардың қатарында "Жігер" дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Спорт академиясы, білім беру мекемелері мен қоғамдық кеңістіктер бар. Сонымен қатар саябақтар, алаңдар мен демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Алдағы жылдары өңірде жаңа ірі жобалар жүзеге аспақ. Олардың қатарында Жезқазғанда 3000 орындық мешіт салу, Ulytau University инфрақұрылымын дамыту, Кеңгір су қоймасы жағалауын заманауи талаптарға сай абаттандыру, Серке Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеуден өткізу және "Жастар" саябағын жаңарту  жоспары бар.

Сәтбаев қаласында да әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Мұнда Шахтер даңқы алаңы, Гагарин бульвары және Тұңғыш құрылысшылар алаңы қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін заманауи травматологиялық пункт салу жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобалар басқа өңірлерді де қамтиды. Балқашта балабақша мен су спорты нысандарының құрылысы жүргізілуде. Ақтау кентінде жаңа өрт сөндіру депосы салынуда. Торанғалық пен Шұбартүбек курорттық аймақтарында медициналық амбулаториялар бой көтеруде.

Ал Абай облысының Аягөз қаласында ипподром салу жобасы қолға алынған. Денсаулық сақтау саласына да айтарлықтай көңіл бөлінуде. 2026 жылы өңірлік медициналық мекемелер үшін 25 заманауи жедел жәрдем көлігін сатып алу қаржыландырылды. Көліктерді жеткізу биылғы күзге жоспарланған.

Әлеуметтік жобалардың ішінде білім беру саласына бағытталған бастамалардың орны ерекше. Соңғы жылдардағы маңызды оқиғалардың бірі Ulytau University жоғарғы оқу орынының ашылуы болды. Бұл оқу орны өңір үшін инженерлік, техникалық және басқарушылық кадрлар даярлайтын маңызды орталыққа айналып, Ұлытау облысының жаңа даму нүктесін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жалпы алғанда, мұндай жобалар бизнестің қоғамдағы рөлін жаңаша қырынан көрсетеді. Қазіргі таңда ірі кәсіпорындар тек жұмыс орындарын ашып, салық төлейтін ұйым ғана емес, сонымен бірге мемлекетпен бірге өңірлік мәселелерді шешуге қатысатын серіктеске айналып келеді.

Өйткені, сапалы жолдар, заманауи спорт нысандары, қолжетімді медицина, білім алу мүмкіндігі және жайлы қалалық орта адамдардың белгілі бір өңірде өмір сүріп, еңбек етуіне және болашағын сол жерде құруына тікелей әсер етеді. Сондықтан өңірлерді дамытуға бағытталған инвестициялар бүгінде өндірісті дамытуға салынатын қаржымен бірдей стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.