Отандық экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға тағы да назар аударсақ.
Әсіресе, экспортқа шығарылған өнімдердің үлесін салмақтағанда, шикізат күйінде шетел асқан қазба байлықтарының есеп-қисабын ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, бұл сектордағы дайын өнім өндіріп сату үрдісі әлі де төмен. Сондықтан, экспорт бағытындағы сауда айналымы мен табыс бөлінісінде шикізатқа тәуелділіктен арылу туралы айтуға тым ерте сияқты.
Деп келгенде, тұтас экспорт жөнелтілімінен түсетін таза пайданың өзі құбылып отырғанын да жасырмауымыз керек. Мысалы, өткен жылы шикізат сату бойынша бірнеше бағыттағы болжам орындалмай қалды.
Дерекке қарасақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы экспорты 79 млрд долларды құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға аз болып шыққан. Яғни, қазынаға 2,6 млрд доллар қаржы кем түсті. Сарапшылап экспорттың төмендеуіне негізінен шикізат тауарларының бағасы мен көлемінің қысқаруы әсер етті деп отыр.
Бірақ, жалпы сектордағы жекелеген бағыттарда ілгерлеушілік байқалады. Мәселен, сыртқы сауда құрылымындағы тау-кен металлургия кешенінің үлесі бұрынғыдан да артқан. Яғни, бұл сала экспорт бойынша мұнай секторынан кейінгі екінші ірі бағыт болып отыр.
Тұтас тау-кен өндірісі экспортының құрылымына қарасақ, негізінен уран, мыс өнімдерімен бірге феррохром және күміс сияқты металлургия кешенінің негізгі өнімдерінің үлесі артқан. Былтыр бұл бағыттағы экспорт отандық экономикаға 13 млрд доллар пайда әкелді. Бұл сан Қазақстанның жалпы тауар экспорты үлесінің шамамен 17 пайызын құрайды.
Осылайша, тау-кен өнеркәсібі саласы елдің сыртқы саудасында мұнай секторынан кейінгі екінші стратегиялық экспорттық бағыт екенін тағы дәлелдеп отыр.
Жалпы, 2025 жылғы көрсеткіштер Қазақстан экспортының әлі де шикізатқа тәуелді екенін көрсетеді. Әсіресе, мұнай көздеріне иек артамыз. Сондықтан мұнай экспорты азайған кезде жалпы экспорт та бірден төмендейтіні түсінікті. Ал тау-кен металлургиясы кешені осы тәуелділікті белгілі бір деңгейде теңгеріп отыр екен.
Тағы бір назар аударатын жәйт, мұнай мен тау-кен өнеркәсібі секторынан бөлек уран экспортының да пайдасы көбейіп келеді екен. Яғни, ядролық отын элементтері экспортының үлесі 80 пайыздан асты. Бұл жерде уранды тек шикізат ретінде емес, жоғары қосылған құны бар өнім ретінде экспорттауға көше бастауымыз маңызды. көрсетеді. Бұл қадам елдің өнеркәсіптік саясатындағы негізгі бетбұрыс ретінде бағалануға тиіс.
Жоғарыда тұтас экспорт көлемінің бұрнағы кезеңмен салыстырғанда төмендегенін айттық. Дерекке сәйкес, 2025 жылы төмендегідей негізгі экспорттық тауарлар арғы жылмен салыстырғанда кері динамика көрсеткен: шикі мұнайдан түскен табыс 39,9 млрд долларды құрап, 7,0 пайызға кемісе, уран экспорты 4,17 млрд доллар болып, 8,1 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ, мыс катодтарын сатудан 3,58 млрд доллар түсіп, пайда 2,2 пайызға кеміген. Мыс кені мен концентраттары да 9,3 пайызға кеміп, құны 2,85 млрд доллар болған. Феррохром экспорты тіпті 14 пайызға арзандап, 65 млрд доллар ды құрады. Табиғи газ экспорты да 2025 жылы 11,9 пайызға төмендеп, бюджет 1,31 млрд доллар кіріс әкелген.
Ал сұранысқа ие экспорт түрлерінің басында ядролық отын элементтері тұр екен. Былтыр бұл бағыттағы өнім жөнелту 81, 5 пайызға өсіп, жалпы түсім 645 млн долларға жетті. Мұнан бөлек жұмсақ бидай экспорты 1,50 млрд доллар табыс әкеліп, сұраныс көлемі 42,5 пайызға артқан.
Сондай-ақ, қазақ күмісіне деген қызығушылық бар дейді, былтыр сату табысы 740 млн долларға жетіп, сұраныс 19,2 пайызға көбейген екен. Ал ең жоғарғы табыс күкірт экспортынан түскен: 718 млн доллар пайда мен +124,0 пайыз сұраныс.
Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасының экспорттық бағыттағы табысы қомақты. Дегенмен, сыртқы саудадағы әртараптандыру талабы әлі орындалмай отыр. Дайын өнімнің үлесі аз. Яғни, Үкіметтің алдындағы шикізатқа тәуелділікті азайту міндеті әлі де өзекті.