«Үй алуыма көмектесті»: Отандық шоу-бизнес өкілдері 20 жылға сотталған «Дикий Арманға» қатысты пікір білдірді

0

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасына қатысты атышулы іске үкім шығарды. «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыс әлемінің серкесі кезінде біраз спортшы мен әнші-жыршыларға демеушілік жасап, қазақ өнерінің қолдаушысы болды. Оның желіде ақша шашып, мәрттік танытқанын жұрт аңыз қылып айтады. Осы орайда Stan.kz тілшісі “Дикий Арманға” қатысты отандық шоу-бизнес жұлдыздарының пікірін сұрап көрді.

Алдымен Арман Жұмагелдиевтің жақын танысы, желіде онымен қоян-қолтық араласатынын ашық көрсететін айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваны ойда-жоқта кездестіріп қалып, пікірін білмек болдық. Алайда үзілді-кесілді бас тартты.

“Ол кісінің жұмысын да, кәсібін де, істеп жатқан тірліктерінің ешқайсысын түсінбеймін. Сондықтан ештеңе айтпаймын. Не қажеті бар?! Бастарыңды қатырып, не істейсіңдер?!”, – деп ашуланды айтыскер ақын.

Айтыс әлемінің өкілі, ақын Жандарбек Бұлғақов “Дикий Арман” ұйымдастыратын кеште жиі төбе көрсетіп, қылмыс әлемінің серкесін талай рет жырына арқау еткенін жоққа шығармады.

“Арманмен дастархандас, дәмдес болғаным рас. Ол кісі өнерде жүрген жандарға қомақты сыйлық жасаған шығар, маған ештеңе бермеген. Арамызда алыс-беріс болған емес. Қаңтар оқиғасынан кейін істі бола бастады. Бүлікті ұйымдастырған жалғыз Арман сияқты көрініп қалды. Бүкіл істі сол кісінің мойнына ілді. Өте өкінішті жағдай. Үкімге қатысты ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен заң орындаушысы емеспін. Бірақ ол кісі мемлекетке іріткі салатындай әрекет жасады дегенге сенгім келмейді. Бишімбаевтың соты секілді ашық болғанда жағдай басқаша болар ма еді?!”, – деді айтыскер ақын.

Дәстүрлі әнші Наркенже СерікбаеваАрманның арқасында пәтерлі болғанын айтып, ел алдында алғыс білдірген еді.

«Айнұр әпкемен жақсы араласамыз. Сол кісі Ыстамбұлға шақырған. Сол жерде Арман және Айнұр әпкенің жолдасымен таныстық. Ән айтып, отырыстың көркін қыздырдық. Бір кезде Арман ағамыз ақша шаша бастады. Ол жерде ешкім ақша сұраған жоқ. Біздің өнерімізге беріп жатқан алғысы деп түсіндік. Жанымда Роза Әлқожа әпкеміз отырды. Соған бердім. Бас-аяғы 3000 АҚШ доллары жиналыпты. Соған жер үй сатып алдым. Қазір 8 бөлмелі үйім бар. Одан кейін Дубайға бардық. Ол кісінің тағы да берген ақшасына үйімнің ішін толтырдым. Кәдімгі түзу жолдағы, қазақ деп жаны ашитын ер азаматтың бірі, қазақтың батыры», – деп ағынан жарылған еді әнші “Менің өмірім” бағдарламасында.

Кезінде жер-көкке сыйғызбай мақтаған әншіге қоңырау шалып, қаншалықты жанашырлық танытатынын сұрағымыз келген. Алайда тұтқаны көтерген жоқ.

Одан кейін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші-сазгер Роза Әлқожа да Түркияға барғанда Арманның алдында ән айтып, алғыс алғанын растады.

“Айнұр Тұрсынбаеваның шақыруымен барғанымыз рас. Әнімізді айтып, жақсы кештің куәсі болғанбыз. Ол кісімен тек Айнұр арқылы ғана таныспыз. Өзімен жеке жолығып, ой бөліскен адамым емес. Өнерімізді бағалап, доллар шашқаны да рас. Менің алдыма да ақшалар түскен, бірақ алмадым. Қасымда отырған Наркенже алды. Ол кісі туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені жақын адамым емес. Айнұр ұйымдастырған кеште алғаш әрі соңғы рет көргенмін. Одан кейін жолыққан емеспіз”, – деді Роза.

Одан кейін қобызшы, әнші Қазыбек Әдікей айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның сөзіне жазылған “Қазақтың барыстары” әнінің тұсауын Арман Жұмагелдиевпен бас қосу кешінде кескен еді. Өнер иесі қылмыс әлемінің серкесіне тағайындалған жаза “әділетсіз” деп есептейді.

“Ол кісінің адамгершілігі өте жоғары. Мықты азаматтарымыздың бірі. Адамды алалап, менсінбей қараған емес. Ән қоржынымдағы рухты көтеретін әндерімнің бірнешеуін алдында орындап бердім. Қазақ өнерінің шын жанашыры. Өнеріме оң баға беріп, мерейімді өсірді. Жақсының жақсылығын айту керек шығар?! Дәл қазір басына іс түсіп жатыр. Бұл сынақты да көтереді деп ойлаймын. 20 жыл әділетті жаза болды деп есептемеймін. Оң өзгерістердің болатынына мен сенемін. Бізді Қазақстаннан арнайы Түркияға шақырды. Жол шығынымыздан бастап, гонорарымызды төлеп, сый-құрметін көрсетті. Бірақ бұл дүние сыйлық берумен өлшенбейді. Жазасын естіп, қапа болдым”, – деді Қазыбек Әдікей.

Түркияда ұйымдастырылған туған күн кешіне арнайы шақырылған әншілердің қатарында жас әнші Нұрым Қуаныш та бар. Өнер иесі ағаларына тегін өнер көрсетсе де, құр қол қайтармағанын айтты.

“Айнұр Тұрсынбаева әпкем өзінің жолдасының туған күніне арнайы шақырды. Сол кісінің қаражатына барып-келдім. Менің барып-қайту билетім мен жатын орнымды түгел төлеп берді. Арман Жұмагелдиев деген кісіні сол кезде бірінші рет көріп, бетпе-бет жолықтым. Оған дейін атын да естімегенмін. Барлық шығынымды көтеріп тұрғасын өнеріңді сатпайсың. Бірақ Айнұр әпкеміз рақмет айтып, 100 мың теңге аударды. Дастархан басында ән айтқанда Арман ағаның өзі қолыма 100-200 доллар ұстатқан. Қолы сондай ашық екенін байқадым. Қазақ өнерінің жанашыры екен. Өнерімізге оң бағасын беріп, риза болды. Қазір жеке шығармашылықпен бас қатып жатқасын, жаңалық оқып отыратын уақытым жоқ. Шынымды айтсам, 20 жылға кеткенін сізден естіп отырмын. Жағдайды толық білмегесін бірдеңе деп айта алмаймын. Біз тек Айнұр әпке арқылы таныспыз”, – деді Нұрым Қуаныш.

Танымал актер Қайрат Әділгерей қылмыс әлемінің серкесі «Дикий» Арманның туған күнін жүргізген. Оқиғаның мән-жайын BOKEY YouTube арнасында жарияланған «40 сұрақ» бағдарламасында баяндаған еді.

«Туған күнін жүргіздім. Қасындағы Нойс дейді, Нұржан. Революция кезінде Арманды ұстап алғанда «Арманның алдында маймылданып жүр едің ғой, қайда енді, қолдау көрсетпейсің бе?» деп жерден алып, жерге салды ғой. Мені Арманның жан досы ұқсатып, күнде араласып жүріп, лақтырып кеткен адам сияқты қылды. 7 қаңтар күні іс-шара болды, 8-і күні Арман теплоход жалдап, Қазақстаннан келген бүкіл әртістерді қыдыртып, тамақтандырып, өлең тыңдап, 9-ы күні ұшып кеттік. Екі күндік кездесуде маған айтпағандарды айтты. Ол кезде Айнұр Тұрсынбаева арқылы шықты. «Жолдасымның туған күні болайын деп жатыр» деді. «Ойбай, Айнұр апа, құрысын мен қорқамын, жақындамай-ақ қояйыншы» дедім. Айнұр апа: «Ой, сен қызықсың. Бөтен ешкім болмайды. Қазақстаннан 40-50 адам, өзіміз” дегесін келістім. Басында қорқынышты болды. Өйткені елдің алдында жүрген адаммын. Жүрген саласы да ауыр. Қауіп-қатер аяқ астынан, қай жақта не болатынын білмейсің. Арманның қолы ашық, мәрт екен. Сатырлатып бәрімізге ақша таратты”, – деген еді Қайрат Әділгерей.

«Дикий Арманға» тілеулес болып, ақ тілегін жолдағандардың арасында әнші Қайрат Нұртас та бар. Хитмен туған күн иесін өз ағасындай көретінін жасырмай айтып, оған деген асқан сыйластығын көрсеткен еді.

«Ағасы бардың жағасы бар, мен үшін биік бағасы бар, сөзінің жанға дауасы бар Арман ағамды жеке мерекесімен құттықтаймын. Бар жақсылықты тілеймін. Жақсы адам жақсылықтан айрылмасын, қазағым деп жүргендер қайғырмасын. Алла қолды ешкімге жайдырмасын. Ақиқаттың жолында жүрген адам, құдайым тура жолдан тайдырмасын», – деп жазды Қайрат Нұртас.

Жұмагелдиевпен дастархандас болған өнерпаздардың бірі, айтыскер ақын – Балғынбек Имашев. Телефон соғып, пікірін сұрап көруге қанша рет оқталсақ та әрекетімізден ештеңе шықпады. “Бодан болып арманы өлген қазағымның, Арманын тірілтті ғой – Арман батыр» деп арнау айтқан Имашев кейін оны «танымаймын» деп ақталғаны әлеуметтік желіге тарады.

«Мен оны танымаймын, ондай жігіт бар екенін білмейді екенмін. Түркияға Айнұр Тұрсынбаеваға барғанбыз. Айнұр тұсаукесерге, одан қалды шұжық шығарғанда шақырды. Өйткені Айнұрдың күйеуі сол Арманның жолдас жігіті екен. Сондай бір іс-шараларда кездесіп қалғаным болмаса, «Арманға барды» деген әңгіме шындыққа жанаспайды», – деген еді TALK LIKE бағдарламасында.

Бұған дейін әзілкеш Нұрболхан Шарапов, айтыскер ақын Сара Тоқтамысова, Нұрлан Қоянбаев секілді өнер өкілдеріне хабарласып көрдік. Бірі пікір білдіруден бас тартты, енді бірі тұтқаны көтермеді.

Еске салайық, Арман Жұмагелдиев пен экс-депутат Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы 14 қыркүйекте басталған еді. Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды.

Көп ұзамай жәбірленушілер мен куәгерлер өздеріне қоқан-лоқы көрсетілгенін және өз өмірлері мен жақындарына қауіп төнуі мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан судьяға сотты жабық режимде қарау туралы өтініш жолдады.