«Студенттер оқусыз, оқытушылар жұмыссыз қалды»: Қызылордада 30 жылдық тарихы бар университет жабылуда
Қызылордада 30 жылдық тарихы бар «Болашақ» университетінің білім беру лицензиясының күші жойылды. Бүгінде студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылып жатса, профессор-оқытушылар құрамы жұмыссыз қалғандарына наразы. Заманауи білім ордасының жабылуы көпшіліктің наразылығын тудырып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Болашақ» жеке меншік білім ордасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын оқу орнының Қызылорда қаласының сол жағалауынан 14 қабатты еңселі ғимараты бой көтерген еді. Студенттері заманауи жатақханамен қамтамасыз етілген, арнайы жастарға арналған қалашығы да бар. Жоғары оқу орнының жабылатындығы туралы жаңалық білім алушылар мен ата-аналардың төбесінен жай түскендей әсер етті. «Болашақтың» болашағы үшін алаңдаған жандар біраз уақытқа дейін университеттің шынымен жабылатынына сенбепті.
«Біздің университет Сыр еліндегі іргелі оқу орындарының бірі еді. Мен биылғы бітіруші түлекпін. Осы уақытқа дейін ұстаздардың берген біліміне көңілім толады. Оның үстіне оқу ақысы да қалтаға қонымды еді. Жатақханамыз жайлы, барлық жағдай қарастырылған. Университетіміздің жабылып жатқандығы жанымызға батады. Мәселенің оңынан шешілгенін қалаймын», — дейді Арман Оразов есімді студент.
«Мен биыл бірінші курс студентімін, болашақ ұстазбын. Мектеп бітіргеннен кейін таңдауым «Болашақ» университетіне түсті. Ата-анам оқу ақысының жартысын төлеп қойған. Басқа оқу орнына ауысқаннан кейін баға қымбаттап кетеді ме деп алаңдаймын. Осы уақытқа дейін зәулім ғимаратта білім алатынымды мақтан ететін едім, оқытушыларымызға да үйреніп қалған едік. Қазір группаластарымның барлығы алдағы уақытқа алаңдаулы», — деді Маржан есімді тағы бір студент.
Айта кету керек, өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» университетіне келіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасына көңілі толатынын білдірген болатын. Арада санаулы уақыт өткеннен кейін оқу орны білім беру лицензиясынан айырылды. Бір сәтте жұмысынан айырылған профессор-оқытушылар құрамы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желілер арқылы үңдеу жолдады.
«Біздің басқа жоғары оқу орнымен бірігуге келіспеуімізге байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі университетті білім беру лицензиясынан айырып отыр. Университет ұжымы бұл шешімге қарсылығын білдіреді. Сізден уәкілетті органның лицензиядан айыру туралы әділетсіз шешіміне назар аударуыңызды сұраймыз. Айта кететіндігі әкімшілік өндіріс 52 күнге кешіктіріліп қарастырылған және университетті бір құқық бұзушылық үшін қайталап жауапқа тартып отыр», — делінген үңдеуде.
Қазіргі таңда университет студенттері мен оқытушыларының мәселесі Қызылорда облысы әкімдігінің назарына алынған. Белгілі болғандай, студенттерді өзге оқу орындарына ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұстаздар қауымын да жұмыссыз қалдырмаудың жолы қарастырылмақ.
Бүгін «Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты бірігетіндігі белгілі болды. Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында университет құрылтайшысы жаңадан құрылған оқу орнына білім беру лицензиясы жақын аралықта берілетінін айтты. Нақты қай курстың студенттері басқа білім шаңырақтарына ауысатындығы нақтыланып жатыр.