«Қызыл кітап» та қамқорлыққа зәру
Флора мен фауна қоры қалай анықталады?
Дала тағысы қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан және кейбір тау арқарларын енді қазақ жерінен жолықтыра қоюыңыз екіталай. Өйткені бұл жануарлардың Қазақстан жерінде кездескені жайлы соңғы елу жылдан бері бірде-бір дерек тіркелмеген. Түрлі экологиялық факторлар мен жүгенсіз кеткен браконьерлік шабуылдардың кесірінен жеті басты айдаһардай аңыз-ертегі елесіне айналып кете барды.
«Қызыл кiтап» – Қазақстан аумағындағы өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерінің жай-күйі туралы мәліметтер жинақталған және оларды зерттеу, қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану жөнiндегi қажетті шараларды қамтитын құжат. «Қызыл кітапқа» енгізілетін тізім жойылып бара жатқан түрлер, саны азайып бара жатқан түрлер, сирек кездесетін түрлер, белгісіз түрлер (яғни, тіршілігі жеткіліксіз зерттелген, ал саны алаңдаушылық тудырады), қалпына келтірілген түрлер болып бес санат бойынша реттеледі.
Он жылда бір басылып шығатын «Қызыл кiтапқа» өсімдіктер мен жануарлар түрлерін енгізу және одан шығару жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ведомствоаралық ботаникалық және зоологиялық комиссиялар құрылады.
Ұлан-байтақ Қазақстан аумағының табиғат жағдайына сәйкес өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі де алуан түрлі болып келеді. Қазақстан фаунасының геноқоры кітабының (1989) мәліметінше, республикамызда тек омыртқалы жануарлардың (балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) 835 түрі есепке алынған. Ал омыртқасыз жәндіктердің тек жартысына жуығы ғана анықталған, яғни 50 мыңдай шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, өрмекші, кене, моллюска бар.
Жануарлардың жауы – браконьерлер
2006 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген «Қызыл кітапқа» дөңгелекауыздылар мен балықтардың 18 түрі мен түршелері, қосмекенділердің 3 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, құстардың 57 түрі және сүтқоректілердің 40 түрі мен түршелері, барлығы омыртқалы жануарлардың 128 түрі (түршесі) енген. Олардың арасында жоғарыда атап өткеніміздей, І санаттағы сүтқоректілердің төртеуі: қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан, тау арқарларының – қызылқұм, алтай және қаратау түршелері, құстардан ақ ләйлек, қызғылт бірқазан, ителгі, лашын, бидайық түрлері Қазақстан жерінен біржола жоғалып кетсе, мәрмер шүрегейдің қоныстануы жайлы 20 жылдан астам уақыттан бері дерек жоқ.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, табиғат қорғау заңнамасын бұзу деректерінің жыл сайынғы динамикасы артпаса, азайып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде қымбат бағаланатын мүйізіне бола қарақұйрық, елік, браконьерлер қолынан жиі оққа ұшатын көрінеді. Мәселен, 2016 жылы 6 арқар, 12 қарақұйрық ауланса, 2017 жылы 3 арқар, 113 қарақұйрық атып алынған. Ал 2018 жылы 2 арқар, 19 қарақұйрықты заңсыз ату дерегі тіркелген. Жойылып бара жатқан түрге жататын ителгі мен сұңқар құстарын аулау да толастар емес. 2016 жылы 25 ителгі, 2018 жылы 23 сұңқар, 7 ителгі құсы заңсыз шетел асқан. Зоолог мамандардың айтуынша, өзен кәмшаты, қара кірпі, ала жертесер, аққұйрық, үлкен мықи, тұрымтай, жұмбақ шыбыншы, әсем шымшық түрлері популяциялары мөлшерден тыс көбейгендіктен «Қызыл кітаптың» үшінші басылымына енгізілмей, тізімнен шығарылған.
Аңды заңсыз ату дерегі жиі тіркелетін аймақтың көшін Батыс Қазақстан бастаса, одан кейінгі орынға Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстары жайғасқан. Мұндай заңсыздықтан Алматы мен Қарағанды облыстары да құралақан емес. Сирек кездесетін жануарларды аулағаны үшін Қылмыстық кодекстің 337-бабына сәйкес белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу көзделген. Болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар заң бұзушыға Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін айқындау әдістемесі қолданылады. Алайда, заң браконьерлерді ауыздықтауға дәрменсіз болып отыр.
Зоология институты жабылу алдында тұр
Қазақстанның қазіргі жануарлар әлемі, сонымен қатар бұрынғы геологиялық дәуір фаунасы жайлы жаңа ғылыми мәліметтер алу, олардың эволюциясын зерттеу және қоршаған орта жағдайына байланысты популяция динамикасының заңдылығын анықтау – Зоология институтының міндеті. Аталған институтта 36 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жетекші ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Перизат Есенбекова сирек жануарлардың таралуы мен саны жөніндегі мағлұматтардың аздығын, сәйкесінше сақтау шаралары жөнінде қандай да бір шешім қабылдау қиындық тудыратынын алға тартады.
– Белгілі бір түрдің «Қызыл кітаптағы» санаты мен «Қызыл кітап» тізіміне енгізілуі үшін қажетті дерек жеткіліксіз. Сондықтан бұл жұмыста саны сирек жануарлар туралы жаңа деректермен қатар, бұдан 10 жыл бұрынғы мәліметтер де пайдаланылады. Соған сәйкес, «Қызыл кітаптың» келесі басылымы жарық көргенше, маман-зоологтарға осы жануарлар жайлы жаңа мәліметтер жинауға мүмкіндік тудырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау керек. Сондай-ақ саны азайған немесе көбейген түрлердің санатын өзгерту керек. Бұл жұмыс көлемді және орындау үшін уақытты талап етеді, – деген ғылыми қызметкер бізге бірнеше мәселенің басын ашып берді. Басты себебі ретінде, 1995 жылы арнаулы жабайы жануарларды қорғау зертханасы жабылғаннан кейін саны азайып кеткен хайуанаттарды зерттеу тақырыбы зоология ғылымының жалпы мәселесімен ауыстырылған. Осыдан соң саны сирек жануарлар туралы мәліметтер зоологиялық зерттеулер кезінде ғана жиналатын болған. Жойылып кету қаупі бар жануарлар жөніндегі мұндай аз материалдар зерттеу нәтижелерін қорытуға қиындық тудырып отыр. Тіпті 2020 жылы жарыққа шығуға тиісті «Қызыл кітаптың» бесінші басылымына жеткілікті қаржыландыру болмауы себепті даярлық жұмыстары кешеуілдеп қалған.
– Қазақстан «Қызыл кітабының» келесі басылымын жарыққа шығару үшін зоолог-мамандарға зерттеулер жүргізуге жағдай жасап, қаржыны кешіктірмей бөлу керек. Қазақстан жануарлары ішінде омыртқалылар ғана емес, омыртқасыз жануарлар да бар, олардың да «Қызыл кітабын» жарыққа шығару керек. Мен осы институтқа орналасқанымда 800 адам жұмыс істесе, қазір 8 адам ғана қалды. Қаржы бөлінбегеннен кейін, мамандар күнкөріс үшін әр жаққа тарап кетті. Институт жабылудың аз алдында тұр, – дейді Перизат Есенбекова.
Мамандар «Қызыл кітаптың» келесі басылымы жарық көргенше, уақыт оздырмай зоолог-мамандарға жаңа мәлімет жинауға мүмкіндік тудыру, сондай-ақ саны азайған түрлердің мәртебесін Халықаралық табиғат қорғау одағының жаңа шкаласына сәйкестендіру керектігін айтып, дабыл қағып отыр. Одан бөлек институттың ауыл шаруашылығы, медицина мен табиғатты қорғаудың ғылыми және практикалық мәселелерін шешуде үлкен маңызы бар 76 жыл бойы жинақталған зоологиялық коллекциялары да жүйелі сақтауға зәру.
P.S. Жуырда «Ақбөкенге араша боламын» деп браконьерлер қолынан ажал құшқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің қазасы шетелдік басылымдарда да хабарланып, осы саланың түйткілді тұстарына қоғам назарын жаппай аударды. Аң ғана емес, адамның өзіне қару кезенген бүгінгі қоғамда биоалуантүрлілікті сақтау мәселесі салалық мамандар мен табиғат қорғауға ынталы жекелеген адамдардың міндеті ғана еместігін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға түбегейлі реформа керек екендігін көрсетіп отыр. Қазақстандық ғылымның өзіндік сипаттарының бірі қаржыландырудың негізінен қолданбалы зерттеулерге жұмсалатындығы, іргелі сипаттағы зерттеулер қағажу көріп, басымдық ғылыми нәтижеден бұрын ресурстарға бағдарлануының соңы осындай қордаланған күрделі мәселелерге ұласып отыр. Экономиканың бір секторы болатын ғылымның салааралық үйлесуінің жүзеге асырылуы, оның ішінде іргелі зерттеулердің тиімді үйлестірілуі қашанғы ілеспелі фактор ретінде қарастырыла бермек? «Қызыл кітапқа» енген жануарлар туралы мәселені қозғай отырып, «Қызыл кітаптың» өзі қамқорлыққа зәру екенін түсіндік. Ел Үкіметі назар аудармаса, отандық «Қызыл кітаптың» жағдайы мүшкіл.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/