Қошке Кемеңгерұлы: өмірбаяны, отбасы, жары, еңбектері
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Бүгінде сталиндік репрессия құрбандарының нақты саны белгісіз болса да, қанды қасірет кезінде миллиондаған адамның итжеккенге айдалып, артынан атылғанына тарихтың өзі куә. Олардың ішінде Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы да бар. Сол кезде оның жұбайы мен туған туыстары көп қиындық көрді. Фамилиядан да бас тартуға мәжбүр болды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгер қиын-қыстау кезіндегі ағайынның жағдайын еске алып, Гүлсім әжесінің ерлігі жайында айтып берді.
Қошке Кемеңгерұлы жайында
Осы уақытқа дейін Қошке Кемеңгерұлы жайында біраз материал жазылды, ғылыми еңбектер шықты, кітаптар басылды. Ол – Алаш идеясын бар жан-тәнімен қолдаған, оған кәміл сенген тұлға. Өз еңбектері арқылы қазақ халқының сауатын ашуға, ұлттық білім мен мәдениетті көтеруге бар күш-жігерін салды. Пьесаларды жазып, сахнаға шығарды. Бірнеше жоғары оқу орнында білім алып, ауыл шаруашылығы, медицина, әдебиет, педагогика, түркітану және тағы басқа салаларды зерттеді.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
Қошке Кемеңгерұлы
«Туған халқының қараңғылық ұйқысында жатқаны, оқу-білімнен, заманауи мәдениеттен алшақ қалғаны, соның кесірінен өзге халықтардың отарлық езгісінде болғаны, құқығы мен заңы бұзылғаны Қошке Кемеңгерұлын ерте толғандырды», — дейді ғалым Кемеңгер.
Сейфуллиннің жарын көріп, адам сенгісіз тағдырлармен таныстым – журналист
Қошке Кемеңгерұлы бәріне үлгеруге тырысты. 1913 жылы қазақ жастарының «Бірлік» атты ұйымы құрылды. Жас Қошке оған да араласты. Осы ұйымның бастамасымен алғаш рет қазақ жастарының съезі өтті. Сол жерде біртұтас «Жас азамат» ұйымы құрылған болатын. Соның газет редакторлығына 21 жастағы Қошке Кемеңгерұлы сайланды. Ал Орталық Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып жүргенде, оны Мұхтар Әуезовпен бірге оқудан шығарып, алғаш рет қамауға алды.
Бір шелек бидай үшін сотталып кетті
Қошке Кемеңгерұлы тұтқындалғанда оның үлкен қызы Зайра төрт жаста болған. Ұлы Нарманбет – үште, Сәуле есімді қызы да кішкентай. Қошкенің жары Гүлсім Жәмиқызы үш баланы дереу Омбыға апарып, өзі қайтып келеді де, Алматының абақтысына тамақ тасиды. Сол түрмеде Қошке Кемеңгерұлымен бірге Мұхамеджан Тынышпаев, Мұхтар Әуезов, Әлмұқан Ермековтер де болды. Бір жарым жылдан кейін Қошкені айдауға жібереді. Одан кейін тағы қамауға алып, Омбы қаласында атып тастайды. Бірақ туған-туыстарына хабар берілмейді. Гүлсім өз жарын күтіп жүреді. Ал соғыс жылдары тағы бір сынаққа тап болады.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
Воронеж (Валуйки) жерінде айдауда (1932-1935 жж.)
«Соғыс уақытында бір уыс бидай ұрланса, бірнеше жылға соттап жіберетін. Сол кезде колхозда бір шелек бидай ұрланады. Оны «халық жауының» әйелі Гүлсім әжемізден көреді. Сонда ауылдың белсенділері сенің ісіңді сотқа жеткізбейміз, маған тұрмысқа шық деп, шарт қойған екен. Әжеміз келіспеді. Бір шелек бидай үшін бес жылға сотталып кетеді. Артынан амнистияға ілініп, төрт жылдан кейін елге оралады», — деп атап көрсетті Кемеңгер.
Алматы облысынан табылған Алаш арыстарының сүйегі қайта жерленді
Ал түрмеден қайтып келгенде ауылға тәуір киімін киіп кіреді. Басына әдемі орамалын да тағады. Негізгі ойы – дұшпандарға жем болмау, балаларға көңілді көріну, жолдасының абыройын түсірмеу.
Гүлсім ананың тағы бір ерлігі
1937 жылы жазықсыз атылған Қошке Кемеңгерұлы жиырма жылдан кейін ақталды. Гүлсім дереу оның шығармаларын жинақтауға кіріседі. Ал 1965 жылы Қошкенің «Алтын сақина» атты жинағы он мың данамен жарыққа шықты.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
«Ақ жол» газетінің редакциясында. Алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай) Әлібек Қоңыратбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Қошке Кемеңгерұлы, аты-жөні белгісіз. Ташкент, 1926 жыл
«Жолдасының ақталғаны туралы қағазды алғаннан кейін Гүлсім әжеміз Алматыға барады. Сол жақта Қошкені білетін Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұландарға жолығады. Мақсаты – бір жапырақ кітапты шығару. Ол кезде Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлының кітаптары әлі шықпаған. Қошкенің кітабы шығып кетеді ғой», — дейді Қошкенің шөбересі.
Жүсіпбек Аймауытовтың жиені қызылордалық ақсақал 60 жыл құпия ұстаған сырын ақтарды
Гүлсім Жәмиқызы өте қайратты кісі болды. Қиындыққа ешқашан мойымайтын. Ауыртпалық көрдім деп айтқан емес. Өмірдің соңына дейін тұрмыс құрмай, отбасын да, атын да сақтап өтті.
«Ағайындар фамилиядан бас тартуға мәжбүр болды»
Қошке Кемеңгерұлы ақталғанға дейін оның туған-туыстары біраз қиындық көрді. Ағайындар тегінен бас тартуға мәжбүр болды. Себебі репрессияға ұшыраған азаматтардың барлық туысын қудалайтын.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
Қошкенің әкесі Дүйсебай қажы, анасы Жәмила Қартабайқызы бала-шағасы, туыстарымен, Омбы қ., шамамен 1910 жыл
«Содан олар тегін ауыстырып, бергі аталарына жазылды. Мысалы, Кемеңгерден екі ұл – Дүйсебай мен Дүйсенбай тарайды. Ал Дүйсебайда бес ұл – Қошмұхамбет (Қошке), Бекмағамбет, Жармағамбет, Құлмағамбет пен Өсербай болды. Дүйсенбайдан да бес ұл. Ағайын туысқандардың барлығы Кемеңгер деген фамилиядан бас тартып, біреуі Дүйсебаев, біреуі Дүйсенбаев, біреуі Нұрмағамбетов болып жазылды», — дейді Кемеңгер.
«Бізді бауырына басты». Еліміздің танымал адамдары қазақ халқына алғыс айтты
Алайда Қошкенің үш баласы – Зайра да, Нарманбет те, Сәуле де тегін ауыстырған жоқ. Нарманбеттен тараған Гүлнәр, Ризабек пен Қаршыға да Кемеңгеровтер болып қалды. Ризабектің үш ұлы да солай істеді. Қайырбек Кемеңгер «ов»-ты алып тастады.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
Үш перзенті Зайра (1926-2010), Нарманбет (1927-2009) және Сәуле (1928-1993)
«Менің ұлым туғанда Нарманбет атама оның атымен фамилия беруге, я болмаса, бергі аталармен атауға ұсыныс жасадым. Ол кісі жоқ деді. «Бір заманда біз қуғын-сүргін көрдік, сол кезде біразы Кемеңгерден бас тартқан. Енді, сендер осы фамилияны сақтаңдар» деді. Сөйтіп, менің балам да қазір Кемеңгер фамилиясымен жазылды», — деді ғалым Кемеңгер.
Өмірлік мұратқа айналған перзенттік парыз
Қайырбек Кемеңгер бала кезінен Нарманбет атасының Алашқа қатысты әңгімелерін, Қошке туралы естеліктерді, аштық пен соғыстың тауқыметін естіп өсті. Соның бәрі Алашты зерттеуге, Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен шығармашылығын тануға түрткі болған.
«Мектепте жүргенде Алаш тақырыбына деген қызығушылық оянды. Ал жоғары сыныптарда әдебиетке аңсарымыз ауып, болашақта осы әдебиетпен, тарихпен айналысамыз деп, шешім қабылдадық. Содан бері Қошкенің мұрасын, Алаш қайраткерлерінің мұрасын тиянақты зерттеп келе жатырмыз. Дипломдық жұмысты да Алаш қайраткерлерінің мұрасына арнадық. Бұл – менің перзенттік парыздан өмірлік мұратқа айналған ісім», — деп атап өтті Кемеңгер.
Ғалымның айуынша, Қошкені тану әдебиетші ғалым Рәзия Рүстембековадан басталса, алаштанушылар Дихан Қамзамбекұлы мен Орынай Жұбаева Қошкенің үш томдық еңбегін құрастырды. Ал ғалым Гүлжахан Орда бірінші болып, Қошкенің әдеби мұрасынан кандидаттық диссертация қорғады. Қайырбек Кемеңгердің жұбайы Айжан Шормақова да Қошке Кемеңгерұлының педагогикалық мұрасы бойынша кандидаттық диссертация жазып шыққан.
Кемеңгер әулетінің жетістіктері көп
Қошке Кемеңгерұлының ұлы Нарманбет 53 жыл ұстаздық жасады. Осы уақыттың ішінде мектеп директоры қызметін атқарып, оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде өз балалары да бар.
Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?
Нарманбеттің ұлы Ризабек Кемеңгеров Омбы облысында отбасылық аспаптар ансамблін де құрады. Аталған ұжым бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде екі мәрте лауреат атанады. Бүгінде Ризабек Нарманбетұлы зейнеткерлікке шықса да, ағартушылық қызметін жалғастырып жүр.
©
Foto : Қайырбек Кемеңгердің жеке мұрағатынан
Кемеңгер әулеті
Ризабектің ұлы Қайырбек Кемеңгер Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметін атқарады. Бірқатар ғылыми-танымдық кітап пен оқу құралдарын жариялады. Қайырбектің апа-інілері де біраз жетістікке жеткен.
«Шынын айту керек, кезінде «халық жауының отбасы, халық жауының ұрпақтары» деп, ата-әжелеріміз көп қуғын көрді. Біз болсақ, мүлдем басқа заманға кез келіп отырмыз. Қазір жол ашылды. Біз үшін Қошке бабамыздың атын алып жүру, сол кісінің аманатына адал болу, сол кісінің жолымен жүру – үлкен жауапкершілік», — дейді Кемеңгер.
Әрине, бүгінгі жетістіктердің бәрі – Гүлсім сияқты аналардың арқасы. Осы кісілердің қайсарлығы, батылдығы мен шыдамдылығы арқасында Кемеңгер әулеті сияқты миллиондаған отбасы өсіп-өніп, бүгінгі дәрежеге жетіп отыр.
«Ашаршылық. Бәсеке. Даму». Қазақстан халық санының күрт өсуіне дайын ба?
Айтпақшы, жақында Кемеңгер әулеті «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыстық іріктеуде жүлдегер атанды.
sputniknews.kz