Қорқыт ата мұрасы – ЮНЕСКО тізімінде
Сүйінші сұрар жаңалық, Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енді. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет біздің елдің ұсынысын Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луида өтіп жатқан 13 сессиясында мақұлдады.
«Қорқыт ата мұрасы: эпос мәдениеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» аталымын Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркия бірге әзірлеп, ұсынған. Сессияда Қорқыт күйлерін орындау дәстүрі мың жылдан астам уақыттан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқаны, түркі халықтарының ортақ тамырын көрсететіні айтылды. Ал қобызшы Мақсат Мұхамеджан Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап, бүкіл әлемнен жиналған қауымның көңілінен шықты.
«Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» халқымыздың «қымызмұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» жоралғыларын қамтиды. Олардың бүгінге дейін жалғасуының дәлелі ретінде Қарағанды облысының Терісаққан ауылында жыл сайын өткізілетін салт-дәстүр мерекесі келтірілген.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткеніндей, б.д.д. IV мыңжылдықтағы Ботай мәдениетін зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан адам баласы атты алғаш қолға үйреткен жер, мұның өзі бүкіл адамзат өркениетінің дамуына үлкен әсер етті. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің бұл шешімі халқымыз үшін зор мақтаныш», – дейді Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов.
Оның айтуынша, Комитет Қазақстанның 2011 жылы Материалдық емес мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға қосылғаннан бері конвенция талаптарын жүзеге асыруда атқарған жұмыстар есебіне оң баға берді.
Айта кетерлігі, сессия қатысушылары қазақ атбегілерінің жоралғылары бойынша номинация авторы болған және одан бұрын Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді атсалысқан, мәдени мұрамызды қорғаудағы беделді маман Елена Хорошты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сонымен Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енген элементтер саны 399-ды құрады (122 елден). Ал сол тізімде отандық элементтер саны онға жетті: осы күнге дейін домбыра күйін орындау мен киіз үй құру өнері, айтыс, қазақ күресі, Наурызды мерекелеу, құсбегілік, қатырма нан пісіру, асық ойыны енгізілген-ді.
Порт-Луидағы сессияда бұл тізімге 39 элементті қосу қарастырылған, арасында Солтүстік және Оңтүстік Корея тұңғыш рет бірлесіп ұсынған корей халқының ссиреум күресі бар. Бұл тізімге енуі тиісті салт-дәстүрлер маңызын халықаралық деңгейде таныды және сол мәдени мұраны мемлекеттердің қорғауға міндетті екенін білдіреді.
Айдана БЕГІМ