Өзбекстан Абай туралы деректі фильм түсірді

0
03 Желтоқсан 2018, 13:35 172 0

Ташкентте өзбекстандық кинематографтар түсірген «Абай сөзі» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Өзбек тіліндегі туындыда ақынның балалық шағы мен өскен ортасы, шығармашылығы мен мұрағат құжаттары кеңінен көрсетілген. Игі бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулысы аясында жүзеге асып отыр.

Өйткені көрші ел басшысы «Абай есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырған» деп атап өткен болатын.

Қаулының негізінде Ташкент қаласындағы Деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдуың туып-өскен жері Семейге арнайы барып, Жидебайдағы ақынның музейінде болған.

«Қазақстанға жасаған сапарымыз фильмнің толыққанды және тұшымды дүние болып шығуына мүмкіндік берді. Шын мәнінде өзге халықты қалай құрметтеуге болады? Бұған жауап бар, ол елде қандай адамдар өмір сүрген, қандай ғалымдар мен ақындар, жазушылар болғанына қарап та бағалауға болады. Сол халықтың мәдениетін, жеткен жетістіктерін саралау арқылы да көрші елді құрметтеуіміз керек. Сондықтан біз бұл шығарманы бүгінгі жастарымыз Орталық Азия аумағында, жалпыға ортақ кең байтақ даламызда қандай ғұламалар мен ұлы ойшылдар өмір сүргенін білсін деген үмітпен жасады. Өйткені біз бағзы заманнан туыс болып өстік. Бөле жаратын ештеме жоқ. Біз өткенімізден медет алып, сонымен мақтануымыз керек. Соның бірі – Абай. Біз сондықтан бұл туындыға бар күшімізді жұмсадық» — дейді режиссер Шухрат Махмудов.

Қазақтың кең даласын аралап, ұлы ойшыл ақынның өмірімен етене танысқан. Деректі фильмнің сценариін Розика Мергенбаева жазыпты.

«Мен туындыны көріп ерекше сезімге бөлендім. Бұл фильм екі халық ортасындағы, яғни қазақ-өзбек халықтарының достығын одан әрі жоғары дәрежеге көтереді деп үміттенемін. Деректі фильмнен Абайдың ақындығымен қатар басқа жаңа қырларын аңғардым. Ол қазақ пен қатар басқа да халықтардың мәселелерін нақты көтеріп, тұшымды ой айта білген ғұлама ақын болған» — дейді Ташкент қаласының тұрғыны Бекжон Оразбоев.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ