«Медуза» тілшісін «есірткі таратпақ болды» деп айыптады
«Медуза» тілшісі Иван Голуновқа «ірі көлемде есірткі таратуға тырысты» деген айып тағылды деп хабарлады «Агора» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Павел Чиков 8 маусымда.
Ресейдің қылмыстық кодексінде бұл бап бойынша 10-20 жыл аралығында жаза қарастырылған. Чиковтың айтуынша, тілшінің денсаулығын тексерген дәрігер Голуновтың миы шайқалғанын анықтаған. Дәрігердің айтуынша оның қабырғасы да сынған болуы мүмкін. Мамандар оны рентгенге түсіріп, ауруханаға жатқызу керектігін айтады.
Ақпарат бойынша, бүгін Мәскеуде журналиске бұлтартас шарасын қолдану бойынша сот өтуі тиіс. Тергеушілер соттан журналисті тергеу изоляторына қамауды сұрауы мүмкін.
8 маусымда Мәскеудегі Никулин сотының алдына таңертең және күндіз журналистер жиналып, Голуновты босатуды талап етті. Полиция осындай қолдау шарасын өткізген бірнеше журналисті ұстаған.
Мәскеу билігінің жемқорлық әрекеттері жайлы жазып жүрген журналист Иван Голуновты полиция 6 маусымда ұстаған. Адвокаты мен әріптестерінің болжамынша, Иван Голуновтың сөмкесіне есірткіні салып жіберуі мүмкін. Оның адвокаты Дмитрий Джулайдың айтуынша, осы апта ортасында оны ұстаған полиция бірнеше сағат бойы оның адвокаты мен туыстарына хабарласуға рұқсат бермеген. Кейінірек тілші соққыға жығылған.
Мәскеудің ішкі істер басқармасы 7 маусымда тілшінің пәтерінен бес грамм кокаин табылғанын мәлімдеді. Бұған дейін полиция Голуновты тексерген кезде 4 грамм тыйым салынған зат (мефедрон) табылғанын хабарлаған. Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Amnesty International ұйымының Мәскеудегі өкілдігінің директоры Наталья Звиагина «Иван Голуновтың ұсталу себебі күмәнді және өте таныс схеманы еске түсіреді…Билік өзіне жақпаған азаматтарды түрмеге тоғыту үшін есірткіні қолданып жатыр. Барлық фактілер соған меңзейді» деп айтқан.