КОНСОРЦИУМДЫ НЕГЕ ҚОЛДАМАДЫ? | «Айқын» газеті

0

Өткен аптада «Жасампаз» отандық тауар өндірушілерінің консорциумы баспасөз конференциясын өткізіп, жеңіл өнеркәсіп саласындағы 56 кәсіпорын жабылудың алдында тұрғанын, 6 мың қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мәселе «Қорғаныс өнеркәсібі және қорғаныстық тапсырыс туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы талқылау кезінде консорциумдарды қорғаныс саласының мемлекеттік тапсырысын орындаушылар қатарынан алып тастаудан басталған. Сенаттың қарауына өткен заң қабылданса, алдағы уақытта заңды тұлғалар бірлестігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыс байқауына қатыса алмайды.

Консорциум туралы не білеміз?
«Жасампаз» отандық тауар өн­діру­шілер консорциумы – заңды тұлғалар бірлестігі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәлі­метінше, «Жасампаз» консор­циу­мы мақта қозасын өсіру мен өң­деуден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі процеске қатысатын жеңіл өнеркәсіп саласындағы әртүрлі кәсіпорындардың басын біріктірген. Консорциумның мақсаты – отан­дық шикізатты пайдаланып, жеңіл өнеркәсіпті ішкі нарық пен экс­портқа сапалы тауар шығаратын басым салаға айналдыру. Мәселен, консорциум құрылған 2016 жылы қорғаныс саласына арнап тігілген өнімдердегі отандық шикізаттың үлесі 46,6 пайыз, 2017 жылы 60,72 пайыз, 2018 жылы 75 пайызды құра­ған. 2020 жылы бұл көрсеткішті
100 пайызға жеткізуді көздеген кон­сор­циум өкілдері мемлекеттік бюд­жет­­ке өткізетін салық төлемдерінің де жыл өткен сайын артып келе жат­­қанын айтады. Мысалы, 2016 жы­­лы кон­сорциумнан мемлекеттік бюджетке 1,2 млрд салық түссе,
2017 жылы 2 миллиард теңгеге жуық міндетті төлем жиналған. «Бұл – салыстыру үшін, қорғаныс сала­сын­дағы мем­лекеттік тапсырыс құ­ны­ның (9 млрд теңге) 22 пайызы», – дейді «Жа­сам­паз» консорциумының өкілі, Өңдеу өнеркәсібі одағының төрағасы Әділбек Бектібаев.
2016 жылы мемлекеттік қор­ғаныс тапсырмасын орындау опе­раторы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ пен «Жа­сам­паз» отандық тауар өндіру­шілерінің консорциумы арасында бесжылдық келісімшарт жасалған. Осы уақыт аралығында консорциум қорғаныс саласы бұйымдарын тігуді жүзеге асырып, өндірісін дамытуға 6 млрд көлемінде инвестиция салуға міндеттеме алған. Келісімшарт уа­қыты аяқталмай тұрып, белгіленген қаржының 89 пайызын өнеркәсіпті аяққа тұрғызуға жұмсап үлгерген консорциум мүшелері заң осы қал­пында қабылданып кетсе, келісім­шарттың кейінгі тағдыры қалай болатынын білмейді. «Екі компа­ния­ның 3 миллиардқа жуық пробле­малық займдары болды. Біз оларды мемлекетке өтеп, жұмысы тоқтап тұрған екі кәсіпорынды қатарға қостық. Бес миллиард теңге инвес­тицияны айналымға жібердік. Бұл ақшаның бәрін мүше компаниялар консорциумның болашағына сеніп салды», – дейді Әділбек Бектібаев.
Осыған дейін «Қазақстан Ин­жиниринг» ұлттық компаниясы «Жасампаз» отандық тауар өндіру­ші­лер консорциумымен жасалған келі­сім­ді бұзуға талпыныс жасаған. Заң­гер­лердің қатысуымен, кәсіп­кер­лердің тақырыпты қоғамдық талқы­лауға шығаруы арқылы мә­селе рет­телген болатын. Енді заң жо­­ба­сын­да консорциум мүшеле­рі­нің қа­лауы ескерілмесе, 2020 жылы ке­лісім­шарт мерзімі аяқталғаннан ке­йін 56 кә­сіпорын өндірісті алға іл­гері­летуге едәуір көмек болатын кө­лемді тапсырыстан тыс қалуы мүмкін.

Депутаттар дегенінен неге айныды?
Әділбек Бектібаев – заң жобасын талқылауға қатысқан азаматтардың бірі. Ол консорциумдардың мемлекеттік тапсырыс алу мүмкіндігі Үкіметтің қаулысымен мақұлданып, депуттардың қолдауына ие болғанын, тек соңғы отырыста енгізілген өзгертулердің аяқасты алынып тасталғанын айтады.
– Заң жобасын талқылау көктем айында басталды. Күзгі үзіліске дейін жиындардан қалмай қатысуға тырыстық. Заң жобасы мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің қатысуымен қаралғанда, қор­ғаныс саласының мемлекеттік тапсы­ры­сын орындаушылар тізіміне консорциумды қосу туралы ескерту жасалды. Бірақ бұл пікір ескерілместен, заң жобасы консор­циумдар алып тасталған күйде Мәжіліске берілді. Парламенттегі талқылау кезінде біз аталған норманы қайтаруды сұрадық. Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев пен Петр Шарапаев ұсынысты қабылдап, заң жобасына консорциумдар туралы өзгерісті енгізді. Қызу талас болды. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қар­сылық білдірді. Біз Өңдеу өнеркәсібі ода­ғы атынан Премьер-министрге шағым жаздық. Министрліктің қатысуы­мен өткен жиында «консорциумдар мем­лекеттік тапсырысқа қатысады» деген шешім қабылданды. Қаулы қабылданып, бізге ресми нұсқасы тапсырылды. Заңдағы өзгеріс бекітілді. 12 желтоқсан күні біз кезекті талқылауға келгенімізде, осыған дейін енгізілген өзгертулер алынып тасталғанын білдік. Неге ондай шешім қабылданғанын бізге ешкім түсіндірмеді. Кешкісін теледидардан Казанцевтің сұхбатын берді. Ол «Өзім алып тастадым» депті. Мүмкін солай да шығар. Бірақ ұзақ талқыланып, Президент әкімшілігіне жолданып, барлық ескертуі назарға алынып жасалған Үкімет қорытындысы Мәжіліске берілген еді. Ал кейіннен сол өзгертулер бірден жоқ болып кетті. Сондықтан біз баспасөз конференциясын өткізуге мәжбүр болдық, – дейді ол.
Отандық кәсіпкерлерді әуелі қолдап, кейіннен өзі ұсынған өзгерістен бас тарт­қан Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтен консорциумнан неге теріс айналғанын сұрадық.
– Заңға өзгертулер енгізуді арнаулы жұмыс тобы ұзақ талқылады. Әр талқылау сайын консорциумның қорғаныс саласы­ның мемлекеттік тапсырысына қатысу мә­селесі бір өзгерту енгізумен шешілмей­тінін түсіндік. Кодекстерді, тағы бірқатар заңнамаларды ескеріп, қосымша заңна­малық база қалыптастыру керек. Сон­дықтан дәл қазір декларативті норма қабылдау салмақты шешім емес. Ал мұндай норманы қабылдау декларативті сипатқа ие. Бұл Парламент жұмысындағы шалалық болар еді. Тақырып өзекті болып қала береді. Тек консорциумның барлық құқықтары, оның ішінде мемлекеттік тап­сырысқа қатысу мүмкіндігі ескерілетін құ­қықтық алаң құруға не керек екенін ке­шенді түрде қарастыруымыз керек. Осы­дан соң ғана бұл мәселеге қай­та ора­луға болады. Қорғаныс саласының мем­ле­кеттік тапсырысына консорциумға кі­ре­тін кез келген кәсіпорын қатыса ала­ды. Бірақ заңды тұлғалардың ресми емес бір­лестігінің консорциалды қатысымы ко­декс, заң және заңнамалық актілер тұр­ғы­сынан қарастыруды талап етеді, – деді ол.

Дискриминация емес пе?
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті басшысының орынбасары Нұржан Қуанышұлы депутат айтқан «қарастырылуы керек құқықтық алаңды» «айқын кедергі» емес, жаңа заң қабылданар кезде қолданылатын «қалыпты процесс» деп есептейді.
– Заң бар, заңға қосымша актілер бар. Заң қабылданады, кейіннен осы заңға қатысты бұйрықтар, Үкімет қаулылары сияқты құжаттарды өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мұндай өзгертулер мен толықтырулар енгізу – қалыпты процесс. Сондықтан консорциумдарды заңға енгізуге ешқандай кедергі жоқ. Қазір Сенатқа өткізілген заңның мағынасы «бір адам (заңды тұлға) жұмыс істеуіне рұқсат, көп адамның (заңды тұлғалар бірлестігі) қызмет етуіне болмайды» дегенге ұқсайды (Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік тап­сырысты орындауға заңды тұлғалар бір­лестігі араласа алмағанымен, заңды тұлғалар қатыса алады – ред.). Яғни, заңды тұлғалар бірлестігін шектейтін «дискри­минациялық әрекет» көрініс тауып отыр. Консорциумды мемлекеттік тапсырыстан шеттетудің қажеттігі туралы нақты дә­йектеме естіген жоқпыз. Үкімет қо­рытын­дысын алып, депутаттардың қол­дауына ие болған өзгерістің неге бір сәтте заңнан түсіп қалғанын түсінбеймін. Қазір «Атамекен» ҰКП Сенат деңгейінде заңға аталған өзгерісті енгізу үшін күш салып жатыр, – дейді ол.
Әділбек Бектібаев барлық салада сәтті жұмыс істейтін консорциумның жеңіл өнеркәсіпке келгенде неге құқығы шектелетінін түсінбейді.
– Заң жобасын талқылау кезінде ми­нистрлік үнемі жауапкершілік тұрғысында сөз қозғады. «Консорциумға мүше кәсіп­керлік өкілдерін қалай қадағалаймыз?», «Олардың бірлестікке мүшелікке қа­былдануы немесе одан бас тартуы қалай жүреді?» деген қауіптерімен бөлісті. Азаматтық кодексте «заңды тұлғалар бірлестікке біріге алады» деп көрсетілген. Мысалы, үлкен келісімшарт тапсырысын бір кәсіпкер орындай алмайды. Мұндай кезде олар өзара бірігіп, бір тапсырысты жүзеге асыруға атсалысады. Мұндай принцип қорғаныс саласынан басқа жердің барлығында бар. Келісімшарт консорциуммен біржақты немесе оған мүше барлық кәсіпорынмен көпжақты етіп жасалуы мүмкін. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Біздің елімізде де жерасты қойнауын пайдалану, квази­мемлекеттік секторда консорциумдар қызметі қарастырылған. Жауапкершілік те жазылған. Мысалы, бізде фурнитура шығаратын, шикізат өндіретін, дайын өнім тігетін компаниялар бар. Солардың бірінің себебінен тапсырыс уақытында орындалмаса, консорциум өтемақыны өз мойнына алып, уақыт өте келе сол қар­жыны өзіне мүше кәсіпорыннан өндіріп алуы­на болады. Яғни, мұның бәрі – келісімшарт негізінде белгілеп, шешелетін мәселелер. Жай ЖШС мен консорциумның құқықтық мәртебесі бірдей. Яғни, заңды тұлғаларға қандай талаптар қойылса, консорциумдарға дәл сондай талаптар қойылады.

6 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Әділбек Бектібаев қорғаныс тапсыры­сынан айырылған консорциумды қандай салдарлар күтіп тұрғанын әңгімелеп, кәсіпкерлердің қаупімен бөлісті.
– Консорциум ақшаны үнемдеу, реин­вестиция жасау, модернизациялау бо­йынша міндеттемелерді мойнына алады. Шағын компанияларға тапсырыс пай­дасын инвестицияға жұмсаған тиімді емес. Бізде отандық шикізат импорттық бала­масына қарағанда қымбатырақ тұрады. Бірақ консорциум мүшелері керек затта­рын өздерімен бір бірлестікке кіретін ши­кізат өндірушілерден сатып алуға мін­детті. Тапсырыс жекелеген компанияларға берілетін болса, олар шығынды қысқарту үшін шетелден арзан шикізат алуға ты­рысады. Бүгін консорциум құрамындағы бір компания басшысымен сөйлестім. Олар тапсырыс болмаса, 300 адамды ақысыз еңбек демалысына жіберетінін айтты. Бір адамның жұмыссыз қалуы – кәдімгідей мәселе. Мұнда 56 компания мен 6 мың қызметкердің тағдыры тұр.
«Атамекен» ҰКП өкілі Нұржан Қуа­нышұлы консорциумдар қызметіне оң баға беріп, тендерде 1-2 компания жең­геннен, 56 компания жеңгені әлдеқайда тиімдірек деп санайды.
– Бұрын тендерді 1-2 компания же­ңетін. Қазір консорциумның жеңісі арқы­лы бірден 50-ге тарта компания тапсырыс алады. Яғни, жеңіл өнеркәсіпте консор­циуммен келісімшарт бұзылған соң, әрине, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны қысқарады. Импортты алмастыратын отандық өндірісті дамытуда консорциум жақсы әрі жаңа бастама болды. Кон­сорциум мен қорғаныс саласындағы тапсырыс жұмысы тоқтаған кәсіп­орын­дардың іске қосылуын қамтамасыз етті. Енді олар тек мемлекеттік тапсырысқа емес, ішкі, сыртқы нарыққа қатар жұмыс істейді. Ұлттық палата консорциумды бас­қа салаларда да құруға кеңес береді. Кә­сіпкерлік осы жолмен бірігуі керек. Мысалы, 40 тігін компаниясы болсын. Олар мемлекетпен жеке-жеке келісімге отырсын. Олар да талап етілген киімді тігеді. Бірақ оларды тек отандық шикізатты сатып алуға мәжбүрлей алмайсыз. Әр кә­сіпкерлік субъектісі өзі пайда табуға, арзан материалдарды Қытай мен Ресейден із­деуге тырысады. Соңында шикізат өнді­рушілер тапсырыссыз қалып, жұмысын тоқтата бастайды, – дейді.

Динара ТІЛЕУБЕК

Дереккөз: Айқын