«Кез келген уақытта жарылып кете салуың мүмкін»: Кеншілер еңбегін жоғары бағалауды сұрады — Қазақстан жаңалықтары
Кен өндіру — еліміздегі ауыр өнеркәсіптің бір түрі. Аса қауіпті мамандықтың иелері халыққа жылу сыйлап, экономиканы дамытуда үлкен рөл атқарып келеді. Жерден ондаған метр тереңдікте жұмыс істеп, кен өндіру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Stan.kz тілшісі осы мамандықты таңдап, өзінің біліктілігінің арқасында қызметін ойдағыдай атқарып келе жатқан кеншілерді мерекесімен құттықтап, әңгімеге тартты.
Жарылыс жұмыстары бөлімшесінің басшысы Ержан Зубайренов 2007 жылдан бері осы мамандықтың майталманына айналған. Бүгінде жоспарлау, бюджет есептеу, жарылыс пен қазу жұмыстарын жасайды. Ол кенші жұмысының аса қауіпті екенін айтады.
«Біздің маманық бойынша жұмыс істейтін адамдар, соның ішінде жарылыс жұмыстары бөлімшесінің басшысы қызметкерлерінің жұмысы аса ауыр. Ал өндіріс саласына келетін болсақ, мұнда экскалаторшы, бульдозерші машинистердің жұмысы ең ауыр болып саналады. Біздің өңірде барлығы кен өндірісімен байланысты болғандықтан, болашағымды осы салаға арнауды жөн көрдім. Мұның барлығы бізге бала күнімізден таныс», — дейді Ержан Зубайренов.
Әрі қарай ол бұл салада жақсы жұмыс істеу үшін техникалық білім керегін алға тартты. Сондай-ақ, міндетті түрде бір жылға жуық уақыт тау-кен жұмыстарына араласудың артық болмайтынын жеткізді. Бұл салада бөлімше басшысы болу үшін үш жыл еңбек өтілің болуы керек.
«Отбасымызды шахтерлер династиясы деп атауға болады»
«Бөлім басшысы болу үшін білімді болып қана қоймай, адамдармен жұмыс жасай алуың, төзімді болуың шарт. Бізде жұмыс күні жиналыстан басталады. Таңертең бас қосып, қандай жұмыс бар екенін талқылаймыз. Мен қазу, жару жұмыстары қай жерде және қашан өткізілетінін жоспарлаймын. Басшылықтан бұйрық келіп түскен соң, өзімнің мамандарыма, жарылыс жасап, қазу жұмыстарын жүргізетіндерге бағыт-бағдар беремін. Кешке қарай нарядты жабамын», — дейді кенші.
Ал Ислам Мүслімов зейнеткер кенші. Ол 1972 жылдан бастап Қарағанды облыстық көмір департаментінің шахтасында жұмыс істеген. Соңғы 25 жылда Шахтинск ауданындағы кен жұмыстарында қызмет етіп, қазіргі таңда 66 жастағы қария зейнетке шыққан.
«10-сынып оқып жүргенімнен бастап Долинск шахтасында жұмыс жасай бастадым. Ол жерде жерасты тау жұмысшысы болуға оқытады. Алайда бұл үшін жасың 18-ден асқан болуы тиіс. Содан кейін маманданған қызметтерді оқып алуға болады. Өзім Долинск шахтасында 3 ай жұмыс істедім. Кейін әскерге алып кетіп, екі жылдан кейін Қазақстан шахтасына жұмысқа кірдім. Ол жерде мен жерасты тау жұмысшысы монтаждаушы болып қызмет атқардым», — дейді Ислам Мүслімов.
«Мамандық ауыстыру туралы бір сәтке де ойлаған емеспін»
Әрі қарай қария проходчик болып жұмыс істеудің аса қауіпті екеніне тоқталды. Себебі, мұнда адамдар лава жасау жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ, кез келген уақытта жарылыс болуы мүмкін болғандықтан, шахтада емін-еркін жүру оңай емес екенін жеткізді.
«Метан бөлу, сутегінің шығуы деген секілді қауіптер өте көп. Бұл мамандықты мен ғана таңдаған жоқпын. Біздің отбасымызды шахтерлер династиясы деп атауға болады. Ұлы отан соғысы жылдарында әкем Саран шахтасында қызмет атқарған. Сонымен қатар, әкемнің бауырлары да осы жұмысты таңдап, соғыс уақытында еңбек етті. Соғыстан қайтып келгеннен кейін ағам қайтадан шахтада жұмыс жасады. Сол себепті, менің мамандық таңдауға мүмкіндігім болған жоқ. Ұлым да шахтада жұмыс жасады», — дейді зейнеткер.
Осы орайда, ол бала күнгі арманы дене шынықтыру пәні мұғалімі болу екенін жасырмады. Өйткені күрестің классикалық түрімен айналысып, КСРО жүлдегері болған.
«Сол себепті балаларды жаттықтырғым келеді. Алайда шахтада жұмыс істеп бастағаннан кейін мамандық ауыстыру туралы ойлаған емеспін. Өйткені, сол кездері шахтер деген ең мықты мамандық болатын. Шахтаның аты шахта. Жұмыс жасау өте қиян. Өйткені, үнемі жерден 500 метр тереңдікте жүресің. Ол жерде қысым төмен, газ-метан болады. Төбеден, жерден су төгіледі. Мұндайда алты сағат бойы тыпыршып, кенді тасу оңау шаруа емес. Физикалық тұрғыдан өте ауыр», — дейді Ислам Мүслімов.
Тағы бір кейіпкеріміз Ержан Қонақбаев 1997 жылдан бастап разъезде конвеер машинист болып жұмыс жасаған. Соңғы он жылда бригадир ретінде DR2 бөлімшесінің төртінші, бесінші кезектерінде жұмыс істеді. Ол өз міндетіне жөндеу жұмыстарын уақытылы жасап, төтенше жағдайлардың алдын алып отыру кіретінін айтады.
«Шүкір, жалақымыз өзімізге жетеді. Бірақ …»
«Кен өндіретін разрездің өзі өте қауіпті. Сол себепті техника мен жеке бас қауіпсіздігін қатаң қадағалау керек. Яғни жұмыстан бұрын әр жұмысшысының өмірі, аман-саулығы біз үшін бірінші орында тұрады. Маған «Осы мамандықты таңдағаныңыз үшін өкінесіз бе?» деген сұрақ жиі қойылады. Иә, бұл мамандықтың денсаулыққа кері әсері барын жақсы түсінемін. Бірақ, қандай жағдай болса да, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Осы салада жүргеніме 32 жыл болды. Мамандығымды ауыстырғым келген уақыт мүлдем болған емес», — дейді Ержан Қонақбаев.
Осы орайда ол бір жұмысты екіншісінен артық немесе кем көруге болмайтынын жеткізді. Қай саланы алсақ та, адамға берер пайдасы мол екен. Жеке өзін адамдарға көмір беріп, жылу сыйлайтыны қуантатынын айтады.
«Көп жыл бұрын белгілі бір кемшіліктердің болғаны сөзсіз. Қазіргі таңда техника дамып, модернизация болып жатыр. Сондықтан айтарлықтай кемшіліктер бар деп айта алмаймын. Алатын қаражатымыз өзімізге жетеді. Әрине, еңбегіміздің бұдан да жақсы бағаланғанын қалаймыз. Дегенмен, осыған да шүкір», — деп аяқтады сөзін Ержан Қонақбаев.
Сондай-ақ, ол әріптестерін бүгінгі төл мерекесімен құттықтап, отбасыларына бақ пен береке тіледі.
Сұхбаттасқан: Дана Русланқызы
stan.kz