Юрий Пя: Мүгедек адам болмайды, қоғам болады
Фото: Зарина Әбілмәжінова
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада Тұңғыш Президент күніне орай өткен Nur Otan Talks пікірталас алаңында «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пя Қазақстаннан кетіп қалмауына Мемлекет басшысы қалай ықпал еткені туралы айтты.
«Қазақстанның астанасы ауысқан жылдары мен шетелде он жылдай еңбек өтілі, жұмыс тәжірибесі бар, табысы да мол дәрігерлердің бірі едім. Мені Астанаға шақырып, осы қалада кардиохирургиялық орталық салынатынын айтқан кезде ойланып қалдым», — дейді ол.
Юрий Пя Астана – жастардың қаласы екенін, бұл жерде биік арман-мақсаттарға жету мүмкіндігі көп екенін айтты.
«2003 жылы 12 қаңтарда мен Елбасымен алғаш рет кездестім. Ол маған кардиохирургия саласында жүзеге асыруға болатын көптеген жоба бар екенін айтты. 2012 жылы біз сол жобалардың бірін жүзеге асырып, алғаш рет адамның жүрегін ауыстыру отасын жасадық. Бұл кардиохирургия саласының дамуына үлкен үлес қосты және алдыңа қойған мақсатқа жетуге болатынын түсіндім», — дейді ол.
Оның айтуынша, адамның жетістікке жетіп, танымал бола бастауы бәріне ұнай бермейді.
«Менің басымда да қиын жағдайлар болды. 2010 жылы мені өзім жүрген саладан алыстатуға тырысқандар болды. Сол кезде менің әріптестерім бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мені қолдап, «Милосердие» ерікті қоғам қайырымдылық қорының директоры Аружан Саинға хабарласып, ол Мәулен Әшімбаевқа хабарласып, болған жағдай ең соңында Елбасыға да жетті. Мемлекет басшысы сол кезде мені кардиохирургиялық емхананың басшысы етіп тағайындады. Осы күнге дейін сол кардиохирургиялық орталықта қызмет етіп келем және өз ұжымыммен мақтанам. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі адам болмайтынын, адамның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі жасайтын мүмкіндігі шектеулі қоғам ғана болатынын айтқым келеді», — дейді ол.
Пікірсайыс алаңындағы көрермен дәрігерге «Жылына 365 ота жасайды екенсіз. Жас мамандарды оқытуға қалай үлгересіз?» деген сұрақ қойды.
«Әр адам тәжірибе жинайды, бірақ жинаған тәжірибені біреуге бере алмайды. Жақсы ота жасайтын адамның қасында болу – тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік. Бұл медицина ғана емес, кез келген сала маманына қатысты ойым. Мен әр күн сайын ота жасаймын, сол кезде қасымда тұрған жас мамандар менің жанымда тұрып, тәжірибе жинайды», — дейді ол.
Бұған дейін Елбасының негізгі үш стратегиялық бастамасы, Елбасының негізгі үш қасиеті туралы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тоғыз тілге аударылғанын жазған болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ