«Фамилияңызды ауыстырыңызшы, Абай атамыздан ұят болды»: Уәлибек Әбдірайымов Дәурен Абаевқа Рейхстагтан сәлем жолдады (видео)

0

“Шаншар” театрының директоры, актер Уәлибек Әбдірайымов Дәурен Абаевқа сын айтты. Актер Берлиндегі Рейхстагқа арнайы барып, шенеунікке сәлем жолдады.

Бұған дейін Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев еліміздегі орыс тілі мәселесіне қатысты сұхбат берген еді. Ол орыс тіліне деген қысым емес, сұраныс көп деп кесіп айтты. Ал дауға айналған тақырып жабайы ұлтшылдық көрінісі деген пікірін қосты. Бұл сөз қоғам белсенділерінің шымбайына тиіп кетті.

Актер Уәлибек Әбдірайымов арнайы Германияға барып, Рейхстагта видео түсіріп жариялады.

“Ата-абаларымыз қан кешіп фашизмнің ордасын бұзды. Мұнда келген тағы бір себебім, Дәурен Абаевтың сұхбаты. Қанша елдің жүрегі дауаламады. Фашизмдің құлатқысы келді. Сонда Рейхстагқа Рақымжан Қошқарбаев ағамыз ту тіккен. Сол жерге арнайы келіп, сізге сәлем жолдап отырмын.

Түркі әлемінің басын біріктіргісі келген Мұстафа Шоқай ағамыз да осында жатыр. Басына барып Құран оқыттық. Сол кісілердің әруағынан ұят емес пе? Неге орыс тілінде сөйлейтіндер 90 пайыз дедіңіз? Неге қазақша сөйлейтіндерді атамадыңыз. Сіз неге өз ұлтыңыздың тілін көтермейсіз? Неге үңгірден шыққан дедіңіз?

Сіздің саясатыңызда шаруам жоқ. Мен қызметке қызықпайтын адаммын. Сіз қызметіңізді ауыстырыңыз деп тұрған жоқпын. Себебі бәрібір ауыстырмайсыз. Тек тегіңізді ауыстырыңызшы. Абаев деген фамилияңызды ауыстырыңызшы. Абай атамыздан ұят. Әскербекұлы десе де бәрі таниды. Мені де танитын шығарсыз. Мен “Шаншар” театрының мүшесі, директоры Уәлибек Әбдірайымовпын. Үңгірден шыққан қазақпын. Қатты айтты демеңіз”, – деді театр басшысы.

Бұған дейін белгілі қазақстандық ақын Маралтай Райымбекұлы Абаевқа ашық хат жазған болатын. Онда ақын Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайын сынға алды. Жауап ретінде Дәурен Абаев әлеуметтік желіде жазба жариялап, республикадағы қазақ тілінің дамуы туралы айтты.