Президент Әкімшілігі басшысы орынбасарының қызметінен Ерболат Досаевтың босатылуы кадрлық шешімдердің жедел қабылданғанын көрсетеді. Бұл туралы yedilov.online арнасы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақпарат көзінің жазуынша, шешім Мемлекет басшысының Алматы қаласына жасаған сапарынан кейін көп уақыт өтпей қабылданған.
– Менің ойымша, Президент Әкімшілігі басшысы орынбасары Ерболат Досаевты қызметтен босату туралы шешім жеткілікті деңгейде көрсеткіш сипатқа ие. Кадрлық қорытындылар Мемлекет басшысының Алматыға сапарынан кейін созбалаңға салынбай, жедел түрде қабылданды, – деп жазған автор.
Ал саясаттанушы Замир Каражановтың айтуынша, мәселе нақты тұлғаға қатысты емес, лауазымның өз ерекшелігіне байланысты.
Оның сөзінше, 2023 жылы Президент Әкімшілігі қайта ұйымдастырылған кезде басшы орынбасары деген қызмет мүлде болмаған. Кейін 2025 жылы бұл лауазым қайта енгізілген. Досаевқа дейін бұл қызметті қазіргі Алматы әкімі Дархан Сатыбалды шамамен төрт ай ғана атқарған.
Сарапшы мұндай қысқа мерзімдер бұл қызметтің тұрақсыз екенін көрсететінін атап өтті. Сондықтан соңғы отставканы аппарат ішіндегі ықпалдың азаюымен немесе саяси тартыспен байланыстыру дұрыс емес, бұл – кадрлық ауыс-түйістің қалыпты процесі.
Еске сала кетейік, Ерболат Досаев 2022 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы мамырға дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Кейін Президент Әкімшілігі басшысы орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.