Танымал блогер Рысбала Икрамбай соңғы уақытта отбасында болып жатқан ауыр жағдайды ашық айтып, көпшілікті толқытты. Ол баласының денсаулығына қатысты алаңдаушылығы күшейгенін айтып, соңғы күндері көңіл күйі құбылып жүргенін жасырмады, деп хабарлайды kznews.kz.
Рысбала Икрамбай бұған дейін бір баласына “ЗПР” диагнозы қойылғанын айтты. Енді төртінші баласы Расулдың да атымен шақырғанда назар аудармайтынын байқаған. Осы белгі көңіліне күдік ұялатқан соң, уақыт оздырмай дәрігерге жүгінген.
«Соңғы кезде неге бірде күліп, бірде жылап жүргенімді түсінбей жатқан шығарсыздар. Бұл маған да оңай емес. Білесіздер, бір балама “ЗПР” диагнозы қойылған. Жақында төртінші балам Расулды атымен шақырсақ, назар аудармайтынын байқадық. Бұған дейінгі тәжірибеміз бар болғандықтан, бірден дәрігерге апардық. Дәрігердің “өзіңіз де түсініп тұрсыз ғой” деген сөзінен кейін көз жасымды ұстай алмадым», – деді ол.
Рысбаланың сөзінше, қазір ол екінші баласының денсаулығын оңалтуға бар күшін салып жүр. Ем-дом жасап, баласының жағдайын жақсартуға тырысып жатқанын да жасырмады.
Желі қолданушылары блогердің видеосынан кейін оған жылы сөздерін арнап, қолдау білдірді. Көпшілік анаға сабыр тілеп, балаларының амандығын тіледі.