Алматыда үш адамның қаза табуына әкелген жол-көлік оқиғасынан кейін Полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, қайғылы оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлға қызметінен алынған.
– Алматыдағы үш адамның өліміне әкелген жол апатына байланысты Полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. Басқа да заң бұзушылықтардың болуы туралы уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшы атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне ортақ, – деді Ержан Саденов.
Сондай-ақ бұған дейін аталған жол апатына себепкер болған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.