Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға байланысты пікір білдіріп, бірқатар басшының қызметінен босатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Министр Instagram парақшасында жариялаған жазбасында жол апатынан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Бұған дейін хабарланғандай, қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге қатысты сот санкциясымен қамауға алу шарасы қолданылды. Ол заң аясында барынша қатаң жауапкершілікке тартылады. Менің тапсырмаммен Алматыға ішкі қауіпсіздік департаментінің, әкімшілік полиция комитетінің және жеке құраммен жұмыс істеу департаментінің қызметкерлері жіберілді. Қазір жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Ержан Сәденовтің сөзінше, оқиға аясында болуы мүмкін заңбұзушылықтар дерегі бойынша да қылмыстық істер қозғалған. Сонымен қатар, қызметтік жауапкершілік мәселесі қаралып, бірнеше лауазымды тұлға орнынан алынған.
«Бірқатар басшы атқарып отырған қызметінен босатылды. Тағы да атап өтемін: барлығына құқықтық баға беріледі. Ешкім жауапкершіліктен жалтармайды. Заң бәріне ортақ», – деп жазды министр.
Еске салсақ, жантүршігерлік жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапты.
Оқиға орнында 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен оның 20 және 22 жастағы екі жолаушысы мерт болды. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі таңда оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша, яғни жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу дерегімен іс қозғалған. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Алматы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов күдікті жүргізуші әлі ауруханада жатқанын, оның жағдайы тұрақтанған соң қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалатынын айтқан.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі бейнежазбалар таралып, апатқа көше жарысы себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Кейбір жазбаларда жарысқа полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қызметтік көлікпен қатысқан болуы ықтимал деген күдік те жарияланған.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те осы жайтқа назар аударып, әлеуметтік желідегі жазбасында ІІМ-нен ресми түсініктеме беруді сұрады.
«Алматыдағы полицияның жоғары лауазымды қызметкері жарысқа қатысы болды ма? Әл-Фарабидегі үш жастың өліміне әкелген жарысқа қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Сондықтан бәрі жасырылып отыр. ІІМ-нен түсініктеме беруді сұраймын», – деп жазды Әбенов.
Депутат жариялаған видеода белгісіз ер адам болжамды жарысқа қатысушылардың бірі полиция департаменті басшылығы орынбасарларының бірі болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін Алматы полиция департаментінің басшысы бұл іске байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлаған еді.
«Полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізіп жатыр, нақты құқықтық баға беріледі. Егер қызметкерлердің кінәсі дәлелденсе, ең қатаң шаралар қабылданады», – деген болатын Айдын Қабдұлдинов.